Саясат

Заңды сайлау – тұрақтылық кепілі

Заңды сайлау – тұрақтылық кепілі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 9 маусымда елімізде кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы шешімін жариялағаны мәлім. Осындай саяси қадамға жан-жақты ақылдасып барып, бетбұрыс жасаған Қасым-Жомарт Тоқаев бұл қадамның нақты себептері мен маңызын да түсіндіріп өтті. Қазір мемлекетіміз үшін елдегі қоғамдық-саяси келісімді қамтамасыз етіп, әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды жүзеге асыру маңызды. Елбасы ұсынған әлеуметтік бағдарламаларды әрі қарай лайықты жүзеге асыру, ішкі және сыртқы саяси сабақтастық пен тұрақтылықты сақтау – негізгі міндеттер. Президенттің бұл ұстанымдары ел тыныштығы мен тұтастығы үшін шын мәнінде бүгінгі қоғамға аса қажет деп білемін. Кезектен тыс сайлау өткізіп, өз таңдауымызды жасау арқылы Қазақстанның алдағы даму жоспары одан әрі нақты негізде айқындала түспек. Ал жүйелі жоспар бар жерде, табысты тірлік болатыны анық. Қазақстан – демократиялық мемлекет. Президент халықтың таңдауымен сайланатындықтан, осы тарихи сәтте оң шешім салтанат құруы тиіс. Біз бүгінгі жетістіктерімізге тәуелсіздіктің, Қазақстанның Тұңғыш Президенті жүргізген сара саясаттың арқасында қол жеткіздік. Сондықтан да еліміз жаңа белестерге ұмтылуы үшін – саяси айқындық керек. Елге бірлік, сайлауға әділдік, экономикаға тұрақтылық қажет. Саяси сахнада жүрген барлық билік өкілдерімен кеңесе отырып, қабылданған шешім оң нәтиже беретініне сенемін. Өйткені олардың барлығы саяси сауатты, білімді, білікті, болашақты болжай алатын азаматтар. Өз Отаны мен туған халқына бейжай қарамайтын елжанды ерлер барда еліміз де еңсесін тік ұстап, саяси науқанды табысты өткереді деген сенімдемін.

Бектен ҚАРҒАБАЕВ, «Жамбыл облысы Шу ауданының ерекше тәуекелді бөлімшесі, ядролық сынақтың ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі.

Шу ауданы.