Саясат

Елдігімізді танытатын ерекше сын

Елдігімізді танытатын ерекше сын

Елімізде жоғары биліктің ауысуы мен кезектен тыс Президент сайлауының биыл өткізілуі жөнінде шешім қабылдануын барша қазақстандықтар демократиялық үрдістің шынайылығының көрінісі ретінде қабылдауда. Мен де осы пікірдемін. Жер-жиһанда орын алып отырған өзгерістер мен оқиғалардың ауқымдылығы мен күрделілігі Қазақстан Президентінің толық өкілеттікке ие болуын талап етеді. Біз биліктегі тұрақтылықты түбегейлі жолға қойып, мемлекетіміздің болашаққа ұмтылған ұлы көшін кідіртпеуге, дамуымыздың жаңа кезеңіне аяқ басуға тиіспіз. Бұл орайда ел Президенті Қ.Тоқаевтың Елбасы Н.Назарбаевпен, Парламент палаталарының спикерлерімен және Премьер-Министрмен кеңесе келе Конституциялық кеңестің келісімімен нақтылы бір шешімге келуі көрегендіктің де жемісіндей болды. Соның нәтижесінде Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы үстіміздегі жылдың 9 маусымында өткізілетін болып белгіленіп отыр. Бұл көптен күткен әрі әбден құптарлық қадам. Мұның өте жауапты, елдігіміз бен бірлігіміз, білім-білігіміз сынға түсер тағдырлы мәселе екені әсте ұмытылмауға тиіс. Осы орайда өз заманының ерен білімпазы, ғалым ойшылы, әскербасы, қайраткер болған М.Х.Дулатидің бүкіл әлемнің «екінші ұстазы» атанған әл- Фарабиден кейін, оның данышпандық пікірлерін толықтыра түскен ел басқарушы қандай болуы керектігі тұрғысындағы 10 қағидат-тұжырымы еске оралады. Бұл тұжырымдарда басшының аз сөйлеп, көп тыңдауы тиістігі, жүзі жылы, тілі жұмсақ, ойы байсалды, елдің ішкі-сыртқы жауларының қауіп төндіретін тәсілдерін алдын ала болжай алатын көрегендік, көсемдік қасиеті бар, қандай нәрсенің жұртқа қолайсыз, тиімсіз екенін, тіпті мұның сәл-пәл белгісін байқаған заматта оны тез аңғара алатындай алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі болуы керектігі ерекше атап көрсетіледі. Міне, мұндай тұлғалар бізде де бар. Елдің көсегесін көгертетін де, өрісін ұлғайтатын да солар. Еліміз иесіз, жеріміз киесіз емес. Жоғары басшылыққа Елбасы секілді ел мүддесі жолында аянбай тер төгіп, әділ де адал қызмет ететін тұлға келетініне сеніміміз зор. Мемлекет басшысы өзінің жуырдағы халыққа Үндеуінде Президент тікелей халықтың таңдауымен сайланатынын, алдымызда асқаралы міндеттердің тұрғандығын айта келіп, сайлаудың таза, ашық және әділ өткізілетініне кепілдік берді. Бұл – халық үшін зор мүмкіндік әрі ерекше жауапты миссия. Төрткүл дүниенің назары бізге ауып отыр. Олар бізден күллі адамзат қоғамы үшін үлгі-өнеге болар жаңашыл һәм жасампаз бастамалар күтеді. Сондықтан барша жұртшылық өкілдерін елімізді лайықты басқаратын, қазіргі жеткен жетістіктерімізді одан әрі баянды етіп, тәуелсіздігіміздің тұғырын, елдің ынтымақ-бірлігін бекемдеп, нығайта түсетін тұлғаны дұрыс таңдап, дауыс беруге шақырамын. Кендия ПІРМАН, аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты Ұлбике ақын атындағы Мәдениет орталығының директоры.

Талас ауданы.