Қақпан құрып, құс салған қайран қарт тар...
Қақпан құрып, құс салған қайран қарт тар...
Елбасының «Ұлы Дала елінің жеті қыры» атты еңбегінде «Біздің ата-бабаларымыз қоршаған ортамен етене өмір сүріп, өздерін табиғаттың ажырамас бөлшегі санаған. Бұл басты тұрмыс қағидаты Ұлы Даланы мекендеген халықтардың дүние танымы мен құндылықтарын қалыптастырды» деп атап көрсетілгені баршаға мәлім. Сол құндылықтарымыздың бірі де бірегейі – ұлтымыздың аңшылық дәстүрі мен өнері. Ата- бабаларымыз атты ғана емес, қыран құс, құмай тазыны да қолға үйретіп, аңға салған. Дүйсен қария ауылымыздағы танымал құсбегі еді. Қойнау-қойнаудан аң-құс қағып саяткерлік те құратын. Оның үйі сол кездегі үлгімен қоржынтам түрінде салынған-ды. Яғни үш бөлме. Ортаңғысы – асхана. Екі жағына теңдей етіліп қосамжарланған бөлмелердің бірі – жатын жай, екіншісі – көхана! Дүйсекеңнің осы көханасында өзінің ағаш тұғырында көбінесе мүлгіп, әлсін-әлі «шаңқ» етіп қанатын қомдаңқырап, басына томаға кигізілген кәрі шәулі құсы отыратын-ды. Алғашқы қар жауған күнгі сонардан құсбегі қарияның қанжығасын қандамай құр қайтқан күні жоқ. Оның отбасы да сол күні бір «қызылдап» қалатын. Жалпы, қақпан құрып, құс салып болсын аң-құс аулау үшін де адамның ділінің қаттылығы, қолы қалтырамайтындай жүректілігі бірінші кезекте тұратын болса керек-ті. Дүйсен қарттың да бойында осындай қасиеттері басымдау еді. Ол кісінің саман үйін жиі төңіректейтінім – осы отбасында жергілікті қолөнершілер қолынан шыққан оюлы-зерлі ыдыс-аяқ бұйымдарының, құс баптауға арналған жабдықтардың, аңға салар қақпан саймандарының, бір сөзбен айтқанда, көненің исі – этнографиялық жәдігерліктердің молдығынан да болар. Әрі айтулы құсбегінің немересі Сейітбек іні досым болатын. Ол да ата кәсібін ұстап қала алмады. Сол тұста қай үйде де мылтықтың қат кезі ме, әлде, саяткерлік серті ме, әркім-ақ аңды қақпан салып, тор құрып, құспен аулауға бейім-ді. Кеңшар орталығы – осы күнгі Ойыққа таңертеңгілікте «Жаңа тұрмыстан» – Бөрібай арығы бойындағы бір шоқ ауылдан салт атты қариялар қолдарына құс қондырып, өзіндік бір сән-салтанатпен келіп қайтатыны да есімде... Аралбек қария сол құсбегі қарттардың соңғы тұяғы еді. Сол кәсібін өле-өлгенінше бір көзтаса етпей өтті, жарықтық. Мына Асубазда – ескі жұртта жалғыз үй отырды. Асудың бергі астыртындағы қиранды үй төбесіне тор құрып, ұстағанын өз көзіммен көргенім бар. Өңірдің құсбегілік, саяткерлік дәстүрлері де сол бір қариялармен бірге көзден бұл-бұл ұшқан сыңайлы. Ауылдан қазір құсбегі таппайсың. Ел ішінде, сондай-ақ Күзербай қарттың аңшылығы жөнінде де аңызға бергісіз әңгімелер айтылады. Оның қолының епсектілігі ғажайып еді. Өзім де көзін көріп, әңгімесін естігенмін. Ауылдықтар бір жылдары жаппай шабындыққа шығып, шөп орғанында олардың жүзі майырылып тұтқырланған шалғыларын алқап басына асай-мүсейін арқалай барып, осы Күзекең шыңлап берді де отырды. «Шебердің қолы – ортақ» деген осы-ау. Оның осы қасиеті – қолының епсектілігі, аңшылығы немере інісі Ділдәбек Оңалбеков ағамызға жұғысты болған секілді. Көлігің кінараттап қалса, аяғынан бір демде тұрғызып беруге әлеуеті әбден жетеді. Кейіпкеріміздің кезінде әкесінен үйренген, қанында бар сынықшылық өнерінің де ауыл-аймақ тұрғындарына себі тиіп тұр... Оның ата-баба кәсібін жаңғыртып, қақпан салып борсық аулап, оның өкпе ауруының таптырмас емі – майын шыжғырып әзірлеп, базарға апарып пұлдауы да отбасына әжептәуір напаха түсіруде. Оның әкесі Шекім ата да ауыл-аймаққа танымал мынау деген аңшы болатын. Ол кісінің қасқыр, түлкі, шиебөрінің бас-басына арнап құратын қандыауыз қақпандарын енді ағамыз игілікке жаратып жүр. Ауылды жерде көбейіңкіреген ит-құстың көзін құртудың амалын бір білсе, осы Ділдәкеңдер білер-ау. Ауылға барғанымда көңілімнің бір түкпірінде қалып қойған осы бір үзік-үзік суреттер қайта көз алдыма келгендей болады. Естуімізше, биыл құм өңірінде қасқырдың қарасы қалың көрінеді. «Өздері сондай әккі. Қусаң жеткізбейді, атсаң оғың дарымайды. Оның үстіне бұрынғы сұр қасқырға енді ақ қасқырлар тобы қосылды» деседі елден келгендер. Олар түз тағыларын тікұшақпен де, атқа мініп те, жаяулап та аңдып көрген. Іздері сайрап жатқанмен, өздері көзге түсе де бермейді екен. Ендігі жерде мықты қақпаншыларды іздестіріп тауып, түз тағыларының жолына «қанды ауыз» құрудан басқа амалы қалмай тұр. Осындайда... от-оқпаннан оқ шығармай-ақ, небір көкжал бөріні ұлттық аңшылық айла-тәсілдерімен ауыздықтай білген асыл қариялардың еске түсері бар. – Түз тағыларын аулау – көзсіз ерлікті, кәсіби шеберлікті, еп-айланы, тәуекелді қажет ететін іс. Бір жыртқыш зиянкестің көзін жою үшін із кесіп, жолын аңдып, талай уақытыңды жұмсауыңа тура келеді. Кез келген шоқпары, қаруы барға, қаққанға, қуғанға алдыра берсе, қасқыр қасқыр бола ма? – дейді бұл тұрғыда тараздық кәсіби аңшы Қырықбай Балмашев. Оның айтуынша, мықты аңшылардың басым дені ауылдарда тұрады. Таластық кәнігі қақпаншы Алтау Тілеповтің бертінге дейін қақпандарын түйеге артып барып, Мәнеке, Тәтті шұраттарынан қыруар қасқыр аулағанын ел ұмыта қойған жоқ. Ол да ұлтымыздың аңшылық дәстүр-өнерін дүрілдеткендердің соңғы тұяқтарының бірі. Әттең, тек шәкірт-үйренушілері, өзіндік мектебі жоқ. Осынау ұлттық аңшылық дәстүрлерін жер-жерде қайта жаңғырту керек-ақ, біздіңше. Десек те Жамбыл ауданының Ерназар ауылында Бауыржан Ешметовтың, Мойынқұмда Жапар Сатылғановтың балаларды бүркітшілікке баулитын мектептері жұмыс істейтіні көңіл жұбантады. Құсбегілік кәсіппен айналысушылар Жуалыда да бар деп естиміз. Бәрібір тым аз. Ұлттық аңшылық өнерді дамытуға байланысты өңірімізде құсбегілер мектептері мен үйірмелері жұмыс істеп, облыстық, республикалық деңгейде құс салып, аң аулау жарыстары жиі өткізіліп тұрса деген тілек – біздікі. Өйтпеген күнде осынау бекзат өнеріміз бара-келе мүлде ұмытылып кетуі, тек кітап, қағазда ғана жазылып қалуы бек мүмкін. Негізінен Әулиеата ежелден-ақ құсбегілер, көкпаршылар, аңшы-қақпаншылар елі еді ғой! Сол абыройымыз биігін аласартпауға да тиіспіз-ау!
Баймаханбет АХМЕТ