Әдебиет

Отанын сүйсе әркім анасындай

Отанын сүйсе әркім анасындай

Өмірдей ілесе алмай ұлы көшке, Өз жерімде өгейдің күйін кешсем. Ол менің әлсіздігім деп білемін, Менен өзге шеше алмас түйінді ешкім.

Қазірде шындық деген шыңырауда, Кей үмітім түскендей қылбұрауға. Күдерімді үзбеймін болашақтан, Аз-ақ қалып тұрсам да құлдырауға.

Көз тігем көкжиекке жанар талып, Жүзімді ақ сәулелі нұрға малып. Халқыма қатысты айтқан қаңқу сөз де, Кетердей бақытымды ұрлап алып.

Елім рухты, мерейлі күшті болса, Басына мызғымас бақ, ырыс қонса. Ал биікте отырған шен-шекпенді, Жемқорлықтан қомағай алыс болса.

Отанын сүйсе әркім анасындай, Көзінің ағы менен қарасындай. Қадіріне жетем деп киелі елдің, Қызмет етсе пәк, адал баласындай.

Жамырап жанарымда жұлдыз үміт, Кемшілікті көңілден етем ұмыт. Туған жер, өскен орта – ұлы сезім, Тұрады махаббат боп, ойда тұнып.