Спорт және туризм

«Еурожорықты» жалғастырады

«Еурожорықты» жалғастырады

«Ақтөбе» мен «Астана» плей офф кезеңіне шықты

Еуропа чемпиондар лигасында өнер көрсетіп жатқан Румынияның үздігі – «Стяуа» командасы ақтөбеліктер сияқты меймандостық танытпады. Бухарестте өткен қарымта матчта алаң иелері мәселені бірінші таймда-ақ шешіп алды. Олар үзіліске дейін Андрей Сидельников қорғаған қақпадан екі рет саңылау тапты. Ақтөбеліктер өз алаңында өткен үшінші іріктеу кезеңінің бірінші кездесуінде 2:2 есебімен тең түскен болатын. Қарымта матч алдында бас бапкер Владимир Газзаев: «Стяуа» қағаз жүзінде ғана фаворит, біз жеңу үшін келдік» деп қанша қаһарланса да, «Ақтөбе» футболшыларының таблодағы көрсеткішті өзгертуге шамасы жетпеді. Ойынның 85-минутында Тимур Кападзе ғана есе қайтарып, есепті қысқартты. Төреші алаңнан қорғаушы Юрий Логвиненконы қумағанда бәлкім «Ақтөбе» лайықты өнер көрсетер ме еді. Қос ойынның қорытындысы бойынша 4:3 есебімен ел чемпиондары «Стяуаға» жол берген «Ақтөбе» енді Еуропа Лигасының плей-офф кезеңінде ойнайды. Еурожорықты жалғастыруға мүмкіндік алған қазақстандық командалардың бірі – «Астана». 7 тамыз күні өткен қарымта матчта Швецияның «АИК» командасынан жеңісті жұлып алған елордалықтардың жетістігін ерлікке балауға болады. Мамандар «үйдегі» ойында тең ойнап, үстемдік таныта алмаған «Астана» футболшыларының сырт алаңда жеңіске жетуі қиындау» деген пікір айтқан. Керісінше, қарағандылық «Шахтерден» үміт күткендер көп еді. Алғашқы кеншілер хорватиялық «Хайдукті» 4:2 есебімен ұтқан кездесуде «түздегі» матчта қарсыластарына 3:0 есебімен есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды. Ал астаналықтар қарымта матчта өздерінен рейтингісі әлдеқайда жоғары «АИК» қақпасына жауапсыз үш гол соғып, плей-оффқа шықты. Бет қатталып жатқанда: Кеше Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне шыққан клубтардың қарсыластары белгілі болды. «Астана» испаниялық «Вильярреал», «Ақтөбе» Польшаның «Легия» командасына қарсы ойнайды.

Ардақ Үсейінова,

«Ақ жол».