Саясат

Бұл – салиқалы саясат тың көрінісі

Бұл – салиқалы саясат тың көрінісі

Елбасы Н.Назарбаевтың президенттік өкілеттігін тоқтату туралы тарихи шешімі жария болған сәттен бастап, елімізде Тұңғыш Президенттің саяси бағытын жалғастыруға деген сұраныс туындай бастады. Республикамыздың əлеуметтік-экономикалық даму қарқынын сақтау үшін билік ауысымын барынша тезірек аяқтау қажет. Сол кезде ғана ұзақмерзімді міндеттер мен күн тəртібіндегі əлеуметтік маңызды мәселелерді, жобаларды жүзеге асыруда айқындылық болады. Сан түрлі болжамдар да саябырсиды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Үндеуінде мемлекеттегі ішкі саяси маңызды үдерістердің қазақстандық қоғам кемелдігінің айқын көрінісі болатындай тұрақты əрі салиқалы жүргізіліп келе жатқанын баса айтты. Демократиялық үдерістерге сəйкес, Қасым-Жомарт Кемелұлы екі айдан кейін, яғни 9 маусымда мерзімінен бұрын президенттік сайлау өтетіндігін жариялады. Бұл жерден Мемлекет басшысы кезектен тыс президенттік сайлау мерзімін алысқа ұзатпай, жақын арада өткізуді дұрыс деп санағанын аңғарамыз. Мен бұл шешімді саяси жағынан ұтымды қадам деп ойлаймын. Өйткені қазіргі Президентіміз əлемде Елбасы Н.Назарбаевтың сайланған мерзімін аяғына дейін жеткізуші, уақытша бекітілген Мемлекет басшысы болғандықтан, оған терең сенім болмайды. Ал мемлекетіміз дүниежүзінің көптеген елдерімен екі жақты шарттарға отырады. Қазақстанға инвестиция тартуда да Президент келіссөздер жүргізеді. Сондай-ақ ішкі мəселелерде де тікелей Мемлекет басшысының шешімі қажет болады. Сондықтан ол халық мандатын толық алуы керек. Ол үшін əрине, жалпыхалықтық сайлауда көпшіліктің даусымен суырылып алға шыққаны абзал. Саяси науқаннан жеңгеннің өкілдігі толыққанды болады жəне оған деген сенім артады. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау таза, ашық əрі əділ өтетінін де атап өтті. Бұл қазақстандық барша сайлаушылардың өздері дауыс берген үміткердің сайлануына деген сенімін оятады. Осылайша еліміздің Орталық сайлау комиссиясы алдына барынша жариялылықты қамтамасыз ету жəне өзге де қажетті шараларды толықтай ескеріп, сайлауды жоғары деңгейде ұйымдастыру жүктеліп отыр. Ал үміткерлер барлық тіркелген саяси партиялардан ұсынылатыны анық. Сондықтан халқымыз сайлауға белсене қатысып, өздерінің қалаған адамына дауыс беруге асығуы керек.

Ержан ӘМІРБЕКҰЛЫ, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры.