Сайлау әділ өтеді деп сенемін
Сайлау әділ өтеді деп сенемін
Өз басым президент сайлауы өткізілуін өте дұрыс қадам деп санаймын. Өйткені әлемдік өзгерістердің, түрлі оқиғалардың жиілеп кетуі жағдайында Президенттің өкілеттігі толық болуы керек. Сайлауға түсіп, халықтың сеніміне ие болған тұлғалар ғана айрықша күрделі шешімдерді батылдықпен қабылдауға тәуекел ете алады. Елімізде мұның алдында жоғары биліктің ауысуы конституциялық талаптар шегінен асқан жоқ. Бұл жерде де Елбасы Н.Назарбаев бірден-бір дұрыс байлам жасады деп санаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент сайлауын күзде немесе келесі жылға қалдыруға да құқы бар еді. Алайда ол таяу арада сайлау өткізіп, Президентті түпкілікті сайлау қажеттігін айтты. Бұл өте орынды іс болды. Өйткені Президентті халық сайлайды. Кімнің кім екенін солар біледі, түпкілікті шешімді қабылдайтын да сол халық. Ендігі жерде сайлаудың таза, ашық, әділетті өтуін қалаймын. Бәрі де халық үшін ғой. Жоғары билікке сайланған тұлға халқына Елбасы секілді жанашырлықпен, әділ де адал қызмет етсе, сөйтіп бүгінгі күні ел аумағында Ұлт жоспарының, Жолдауларда алға қойылған міндеттердің, түрлі мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуын одан әрі жемісті жалғастырса деген тілек бар көңілде. Ұлы Дала Елінің ұлы мақсаттарға жетуге ұмтылған үлкен көші кідірмеуге тиіс. Жасыратыны жоқ, бүгінгі жағдайымыз өткен ғасырдың жетпісінші жылдарындағымен салыстырғанда әлдеқайда жақсы. Айырмашылығы жер мен көктей. Ақ, адал еңбек ет те, табыс тап. Еңбек еркіндігі бізге осындай мүмкіндік беріп отыр. Бұрын мұндай болған жоқ. Мысалы, кеңестік кезеңде өкімет әр отбасына бір сиыр, бес қойдан артық ұстатпайтын. Ал енді екі сиыр ұстасаң, біреуінің бұзауын салыққа беруіңе тура келетін. Таза жүріп, тұрса, халық үшін еңбек етсе, бүгінде әркімнің-ақ бақуаттылыққа қол жеткізуіне мүмкіндігі бар. Қазіргі уақытта жеке кәсібіңді ашқың келе ме, өзіндік бастама, идеяларың бар ма, басқа да көмектер қажет пе бәріне де мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Бұдан артық баршылық, молшылық болмайды. «Жоқ» дейтін адамның өзі жоқ. Егер тырбанып тірлік етпесе, еңбектенбесе, байлық қайдан келеді? Әрине, жалқаулықтан, жұмыс істемеуден тұрмыс түзелмек емес. Өкімет асырайды деген масылдық психологиядан арылатын кез келді. «Еңбек етсең емерсің», «Қолың қимылдаса, аузың да қимылдайды» дегенді қазекең жайдан-жай айтпаған. Бүгінгідей ақ жарылқап заманның орнағанына тек қуануымыз керек. Мұның барлығы да барша қазақстандықтардың бір ел, бір мүдде аясына тығыз топтасып, елдік, ауызбіршілік танытуы мен аянбай еңбек етуінің арқасында мүмкін болды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің Үндеуінде бұл шешімнің ел келешегі үшін маңызы айрықша екенін атап көрсете отырып, президент сайлауының әділ өтуіне кепіл болатынын жеткізді. Бұл біздің де көңіліміздегі болашаққа деген сенімімізді бекемдей түсті. Сонымен ағымдағы жылдың 9 маусымы – қазақ елінің Президентін таңдап, керуенін жаңа белестерге бұрар күні. Бүгінгідей жарқын заманды бастан кешіріп отырған халқымыз алдағы сайлаудан мол үміт күтеді. Сайлаушылар үміткерлердің арасынан ең лайықты дегенін таңдап, дауыс беретін болады деп сенемін. Қалай болғанда да елімізде бейбіт тұрақтылық пен тату келісім сақталып, елдіктің іргесі сөгілмеуге тиіс. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Сайрамбай ДӨНЕНБАЕВ, Қазақстанның Еңбек Ері, «Шәушен» шаруа қожалығының жетекшісі.
Т. Рысқұлов ауданы.