Жақсы істердің басында жүрген жан еді
Жақсы істердің басында жүрген жан еді
Облыстық партия комитетінің нұсқаушысы болып істеп жүрген кезім. Мұрнымыздан шаншылып жатамыз. Облыс басшыларына аудан-аудандардағы істің жайы туралы ақпарлар жинап, қаттап алдына қоюдың өзі көп уақытты алады, жүйкені де жұқартады. Бірде бір топ нұсқаушы аудандардағы ахуал туралы пікір бөлісе қалдық. «Шу ауданы Жақаңның – Жапар Түйебековтің кезінде қалай дүрілдеген еді. Қазір ғой орташа тірлік кешіп келеді» деді солардың бірі.
Жақаңмен бір атаның балалары екенімізді сырттай білетінмін. Содан ба, әлгілердің «Ауыл шаруашылық саласын Төкеңдей (Төребай Ақбозов ағамыз), ауданды Жақаңдай басқарған кім бар?!» деген сөз маған мақтаныш сезімін ұялатты. Бірақ ашып ештеңе айта алмадым. Партия қызметіндеміз ғой. Ол кез ішің білгенді тісіңнің арасынан шығара бермейтінсің. Тағдыр маған кейін ағаларым Жақаң мен Төкеңнің жолымен жүруді, дәл солар атқарған қызметтерде болуды жазарын ол кезде білген де, тіпті ойға алған да емеспін. Жақаңмен жақын танысып, ақыл-кеңесін алып отыруым Шу ауданына бірінші басшы болған кезімде басталды. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығы алғашқы биік баспалдақ еді. Одан кейін уақыт талабына сай аудандық кеңес төрағасы болдым. Одан соң әкімдік басқару жүйесі енгізілді. Аудан әкімінің ауыр жүгін де арқаладық. Әрине, қандай, нендей лауазым иесі саналса да бірінші басшының аты – бірінші басшы. Ауданның экономикалық және әлеуметтік даму көрсеткіштері көбіне соның жұмыс стиліне, командасының іскерлігі мен біліктілігіне тәуелді. Сондай-ақ өзімнің алдымда істеп кеткен басшылардың жақсы дәстүрлерін дамыту да ұмыт қалған жоқ. Ауданды басқарған кезінде Жақаң малшыларды түгел үймен, электр жарығымен қамтамасыз етіп, егіншілік пен мал шаруашылығында ілгерілеушілікке жеткен. Жұрт маған осы турасында, оның халықпен кеңесудегі, басшыларға талап қоюдағы өзіндік көзқарасы жөнінде де аз айтқан жоқ. «Жақсылық еккен алғыс орады» дегендей, көбі оған жылы лебіздерін арнайтын. Табиғаты қатал Шу өңірінде экономикалық салада ізденістер жасағанымыз жеміссіз болған жоқ. Бұған ақыл-көмегін айтқан Жақаң да азды-көпті үлес қосты деп білемін. Ауданға ат ізін салса арнайы кіріп, жағдайды біліп, тәжірибесін бөлісіп, түйінді мәселеге деген өз ойларын ортаға салатын. Бастан өткен жай ғой, ауданның бірінші басшысының күн сайын қаншама мәселені шешуіне, адамдардың тағдырына араласып, дұрыс шешім қабылдаудың барлық шарасын жасауына тура келеді. Ең алғаш ауданға басшы болып барған кезімде, сол өңірдегі елді мекендерге орысша атаулардың сіресіп тұрғаны қатты ойландырды. Аудан орталығының өзі «Ново-Троицкое» деп аталатын. Осы жағдайды көре отырып, елді мекендерге тарихи атауларын қайтаруды қолға алуды бабалар рухы, келер ұрпақ алдындағы өзімнің перзенттік міндетім деп есептедім. Сонымен халық депутаттары аудандық кеңестің алғашқы сессиясында аудан орталығын «Төле би» деп өзгертуге ұсыныс жасадым. Айта кету керек, бұл ұсынысқа халық қалаулыларының арасындағы өз қазақ ағайындарымыздың ішінен де қарсы шыққандары болды. Бірақ олардың күңкілін қызу қолдаған халық дауысы басып кетті. Басым көпшілік дауыспен шешім қабылданды. Ал бір жылдан соң, дәлірек айтсам, 1992 жылдың 19 наурызында республика Жоғарғы Кеңесінің осы мәселе жөнінен қаулысы да қабылданды. Осыдан соң аудандағы ауылдарға да өз тарихи аттары қайтарылды. «Атына заты сай» демекші, Төле би бабамыздың есімін иемденген соң, ауылды көріктендіруге де күш салдық. Әне-міне дегенше, қаржы тапшылығына қарамай, аудан орталығынан киелі орын – сәнді де сәулетті мешіт құрылысын бастап жібердік. Ауылдың орталық алаңын кеңейтіп, сонда орналасқан ғимараттарды заман талабына сай көркемдедік. Өйткені Төле би бабамыздың 330 жылдық мерейтойының уақыты жақындап, тойды осы өңірде өткізсек деген ой мені көптен бері мазалап жүр еді. Мұның себебі – ұлы бабамыздың кіндігі кесілген, жалаңаяқ жүгірген жері аудан аумағында. Жайсаң аталатын кең жазық. Бүкіл ел болып тойлайтын болсақ, туған жеріндегілер үлгі танытуы керек қой. Демек, негізгі той бізде өтуі керек. Аудан орталығына кіреберіске Ұлы би ескерткішін орнату, Жайсаң жазығына жол тарту, тойды осында өткізу туралы шешім осылай туындап еді. Сонымен ол шешіміміз көпшіліктің арқасында іске асты. Ауылға кіреберісте, тоғыз жолдың торабында бабамыздың еңселі ескерткіші бой көтерді. Қазір ары-бері өткен, әруақты сыйлайтын әрбір жолаушы ол жерден бас имей өтпейді. Ал Жайсаң ауылына апаратын 55 шақырым жолға тас төселінді, Сабалақ сай деген жерге құлпытас орнатылды. Ас та жоғары деңгейде, ұйымшылдықпен өтті. Бұл жөнінде кезінде кеңінен жазылғанын, біздің атымызға сан алғыс айтылғанын жазып жатпайын. Сол алғыстардың ішінде облысқа қадірменді қариялардың, оның ішінде Жақаңның айтқан рахметі әлі ұмытылмай келеді. Жақаң Төле би тойына арнайы шақырумен келіп қатысып, бәрін көзбен көрді. Сондықтан да оның бағасы ерекше дегім келеді. Кейінірек ағамыз «Аманкелді, Төле би тойын өткізгеніңді білемін. Қосы батыр бабамыздың ескерткішін ашу салтанатын ұйымдастыратын штабты сен басқар» дейтінін шынымды айтсам ол кезде ойлаған емеспін. Ал бұл міндетті қалай атқарғанымыз жөнінде сәл кейін айтамын. Бір әңгіме екіншісін жең ұшынан шығарады екен. Менің есіме сол жылдары еңбеккерлердің ризашылығын алған бір жұмыс түсіп отыр. Облыс әкімінің алқа отырыстарының бірінде Моңғолияның Баян-Өлгей аймағының әкімі Мизамхан деген қандасымыз сондағы қазақтардың жағдайының қиындап кеткенін тілге тиек етіп, көмек сұрады. Әсіресе онда ұн тапшы екен. Еш аудан басшысы өз келісімін бермеді. Ары-бері ойланып, мен ол кісінің ұсынысын қабыл алдым. Сонымен Өлгейге 5000 тоннаға жуық ұн бердік. Шынында да ұн тапшы екен, халық тұрмысы төмен. Бірақ мал басы әжептәуір бар екен. Ұн орнына ондағы ағайындар бізге 1000 жылқы, 70000 қой берді. Көп қиын-шылықпен малды шекараның Ресеймен түйіскен жерінен айдап өтіп, Шығыс Қазақстан облысының Қатон-Қарағай ауданындағы Зырьяновск ет комбинатына өткіздік. Ол кезде әлі де мемлекеттік тапсырыс (госзаказ) кезі-тін. Сол мал басын өзімізден шығарып, жекешелендіру арқылы әр қойшыға 200 бастан таратып бердік. Бұл игілікті істі іске асыруда Ж.Түйебеков ақсақалдың өмірлік тәжірибесі, берген бағыт-бағдары көп көмегін тигізді. Байзақ ауданына әкім болып тағайындалғаннан кейін де халықтың рухани байлығын көбейту үнемі назарда ұсталды. Алдымен аудан жұртшылығының көп жылдан бергі талабы Свердлов атауының Байзақ деп өзгертілуіне қол жеткіздік. Тарихи әділдікті қалпына келтіру мақсатымен аудан орталығындағы көшелер өлкемізге еңбегі сіңген тұлғалардың есімдерімен аталып, Сарыкемер ауылына кіреберіске Байзақ датқа ескерткіші орнатылды. Құрылыс басталып, заман қиындығынан бәсеңсіп қалған өз бабамыз Қосы батыр ескерткішін салу жандандырылды. Аудандағы экономикалық және әлеуметтік салаларда жұмыстың қарқын алуына ардагерлердің, соның ішінде Жақаңның да ақыл-кеңесі, ұсыныс-пікірлері аз көмектескен жоқ. Осы орайда Жақаңның бір өнегесі туралы айтпай кетуге болмастай. Аудан – қаланың дәл іргесінде. Қай жағынан алып қараса да өте күрделі аудан қатарына жатады. Қаланың жақындығынан жермен жұмыс істеу орнына оңай табыс іздеп қалаға қашатындар көп. Соларға үлгі етерлік кім бар деп іздемеймін бе, сұрастырмаймын ба. Шаруа қожалықтары аз емес екен. Бірақ ісі жүріп, табысты жұмыс істеп жатқандары санаулы-ақ. Солардың бірі «Түйебеков әулеті» аталатынын біліп, арнайы келіп таныстым. Жақаңның ашқан қожалығы болып шықты. Беделі жете тұра оңай жерге қызықпапты. Үшбұлақ өңірінен 30 гектар жер алған. Бұрынғы жүзімдік орны. Оны түбірден тазарту, тегістеу, өңдеуді түгел атқарған. Әрине, өз қаржысы мен техникасымен. Рас, көршілес шаруашылықты басқаратын Өмірбек Бүтінбаев техникадан қарасқан. Нағыз шаруа істің ретін таба біледі ғой. Жақаң агротехниканы қатаң сақтауы үстіне, тұқымды айқыш-ұйқыш себуді (өзі «перекрестной сев» деп атайды) қолданған. Жер жағдайында бұл ең дұрыс шешім екен. Нәтижесінде әр гектардан 52 центнерден өнім алды. Өзгелер ең көп дегенде 12 центнерден алатын. Міне, бұл ісін қалай үлгі етпеске?! Ауданға «Түйебеков әулеті» шаруа қожалығынан үйреніңдер» дедік. Бұл қожалықтың бізге тағы бір көмегі – алған астығын тұқымға беріп отыратын болды. Ауданда «Жаңасаз» деген шаруашылық (бұрынғы Абай атындағы ұжымшар) бар. Көп жылдан бері Ұлан Сегізов деген азамат басқарды. Соңғы кезде астығы мәз болмай кетті. Дәнді егісін қара бидай басып кете береді. Содан Ұлан Жақаңның берген тұқымын сеуіп еді, өзі айтпақшы «көздері ашылды». Астықты сапаға сай алып, қабылдау орындарына өткізе бастады. Бұл да Жақаңның шаруаны қаншалықты жақсы білетіндігіне, көмек, қолдаудан қашпайтынына бір мысал. – Шаруа қожалығын күн көре алмағандықтан немесе «мода» үшін ашқам жоқ. Қазіргі заман талабын ел-жұртқа ұғындыру, жастарды еңбекке баулуға үлес қосу үшін аштым, – дейді Жақаң. Бүгінде сексеннің сеңгіріне еркін шығып отырған ақылшы ағамыз ұлы бабамыз Қосы батыр ескерткішін тұрғызу, оны ашу салтанатын ұйымдастыруда үлкен қайрат танытты. Қазіргідей аса қиын жағдайда бұларды ұйымдастыру, әрине, оңайға түскен жоқ. Жоғарыда айтқанымдай, штаб құрылып, оны басқару маған тапсырылды. Атаулы күн жақындағанда апта сайын бас қосып, бәрін талқылап, шешім қабылдап отырдық. Ескерткішті ашу салтанатына дайындық кезінде Жақаңның өзін жас жігіттердей сергек ұстағанын да айта кеткенім жөн сияқты. Ежелгі дағдысымен айтылған уақыттан кешікпейді, кімге қандай тапсырма берілсе, орындалуын міндетті түрде талап етіп отырады. Басы Жұмекең – Жұмабек Сапаралиев болып, інілері біздер біркісідей жұмылдық. «Батамен ер, жауынмен жер көгереді» деген. Өнегесі, жастарға ұқтырар ақыл-кеңесі, тәжірибесі мол Жақаңның сергек, тың қалпында сексенге келгені інілері үшін үлкен қуаныш. Бабалар аруағы, ел алғысы желеп-жебей берсін, асыл аға!
Аманкелді КӘРЕНТАЙҰЛЫ, Жамбыл облысының Құрметті азаматы.
Шу ауданы.