Барымызды бағалай білейік
Барымызды бағалай білейік
Қазіргі қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселенің бірі – елорданың атын өзгерту туралы шешім. Барын асырып, бағалай білетіндер зор қолдау көрсетуде. Қайшылықты пікір айтып жүргендер де бар. Соның бірі – «бұл шаруа қыруар қаржыны қажет етеді, барлық құжаттарды ауыстыру керек» деген сынды алып-қашпа әңгімелер. Ол шындыққа жанаспайтын сөз екенін айтады жамбылдық зиялы қауым өкілдері. «Көптеген құжаттарда ел астанасының бұрынғы атауының жазылып тұрғаны – ендігі жерде оның бәрі жарамсыз дегенді білдірмейді», – деді Халық әртісі, облыстық қазақ драма театрының актрисасы Мәкен Рақымжанова «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Мирас» аймақтық кеңесінің отырысында. Аймақтық кеңес мүшелері елорда атауының Нұр-Сұлтан болып өзгеруіне бірауыздан қолдау білдірді. Жиынды ашқан партия филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат бұл қадамның тарихи оқиға екенін айтып, көпшілікті ашық пікір білдіруге шақырды. Елорда мен Елбасы – егіз ұғым. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің тәуелсіз еліміздің өркендеуі жолындағы сіңірген еңбегі зор. Ақын Қайырбек Асанов елді дамуға бастаған Ұлт Көшбасшысының сарабдал саясаты екенін алға тартты. «Сонау 90 жылдары астананы Алатаудың баурайындағы Алматыдан сарышұнақ аязы арқыраған Ақмолаға көшіру – елдік мүддеден туған шешім еді. Сарыарқаның төсіндегі қалаға елорда мәртебесін беруі – көрегендік. Бұл қадам Қазақстанды өркениет көшіне қарай бастады», – деді ақын. Жиынға қатысушылар жұртты уайымға салған алып-қашпа әңгімелер негізсіз деді. Бұл туралы Әділет министрлігінің арнайы ақпараты да бар. Мәселен, Елорда атауының өзгеруі азаматтарға сатып алу-сату, сыйға тарту, ауыстыру, пайдалануға қабылдау сынды жылжымайтын мүліктің құқын белгілейтін құжаттарды, сонымен қатар туу туралы немесе қайтыс болғаны, неке қию және бұзу туралы азаматтық хал-актілерді тіркеу құжаттарын ауыстыру міндеттерді жүктемейді. Кеңес отырысында осыны айтқан Мәкен Рақымжанова көпшілікті жалған ақпарға еріп, елді арандатпауға шақырды. Кезінде солтүстіктегі бірқатар облыстардан айырылып қалу қаупі туындағанын ешкім жоққа шығара алмас. Тіпті қоныстанушы ұлттардың санына қарай, автономия құрамыз дегендер де болған. Ел тәуелсіздігін алған соң, Елбасы көршілес елдермен келіссөздер жүргізіп, алдымен шекарамызды шегендеді. Бұл – Қазақстанның Тұңғыш Президентінің ерен еңбектерінің бірі. Осы жайттарды қозғаған Махмұд Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің жетекшісі Мухаббат Турдиева: «Қашанда «Біткен іске сыншы көп». Бірақ қазақ – жақсылыққа жақсылық жасай білетін, барын асырып, бағалай білетін халық. Сондықтан Елбасының еңбегін елеп, лайықты құрмет көрсетері анық», – деді. «Мирас» аймақтық кеңесі отырысында пікір білдірушілер көп болды. Драматург Әлібек Әмзе Елбасының мәлімдемесі елдің еңсесін түсіргенін, ал президенттік өкілеттікті қолға алған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімі жұртты қайта рухтандырғанын айтты. Жөн сөз осы. «Aq jol-Aqparat».