Саясат

«Қазақтану» жобасы «Мәмілеге» алып келді

«Қазақтану» жобасы «Мәмілеге» алып келді

Елбасы Н.Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVІ сессиясында қазақ тілін, мәдениетін, тарихын, философиясын, ұлттық құндылықтарын насихаттауға бағытталған «Қазақтану» жобасын жүзеге асыруды тапсырған еді. Қазақстандық этностар арасында қазақ халқының гуманитарлық және адамгершілік қағидаттарын қалыптастыру, халқымыздың бірлігі мен достық дәстүрлерін сақтау әрі ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыруды көздеген жоба өз үдесінен шығарына сенім мол. Жобаға байланысты облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының «Тілдерді оқыту орталығы» мен «Қоғамдық келісім» мекемесі арасында «Мәміле» жобасының тұжырымдамасын әзірлеген болатын. Өткен аптада «Достық» үйінде облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен облыстық тілдерді дамыту басқармасының «Тілдерді оқыту орталығымен» бірлескен «Мәміле» клубының екі отырысы қатар өтті. Бұл клубтың ерекшелігі – тіл үйренгісі келетіндерге тегін көмек көрсететіндігінде. Келешекте осы орта тіл меңгерген еріктілерге арналған диалог алаңына айналар деген үміт бар. Іс-шараға қатысушылар «Ерлі-зайыпты, ұл-қыз» және «Туған-туысқан» (өз жұрты, қайын жұрты, нағашы жұрты) тақырыптары аясында әңгіме өрбітті. Өңірлік «Әулие-Ата» қазақ мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айгүл Кабиева, «Махмұт Қашқари атындағы Ұйғыр этномәдени бірлестігінің» төрайымы Мухаббат Турдиева, «Асу» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, тіл жанашыры Мәскеу Ноқрабеков пен «Ақ желкен» жастар лигасының төрағасы Зайнуддин Махусеев жастармен пікір алмасып, ақыл-кеңестерімен бөлісті. Отырыста сонымен қатар «Қазақфильм» киностудиясының Ғабит Мүсіреповтің сценарийі бойынша түсірген «Қыз Жібек» фильмінен үзінділер көрсетіліп, әр ұлт өкілдерінің жас өрендері Ұлы Дала елінің салт-дәстүрлерін, ырымдарын тамашалай отырып, өз көзқарастары мен ой-толғамдарын ортаға салды және тіл үйренді. Басқосу соңында өткізілген дәрістер сарапталып, қорытындыланды. Облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі.