Экономика

Жылыжай қияры – жыл он екі ай бойы

Жылыжай қияры – жыл он екі ай бойы

Бүгінде халықты азық-түлік, оның ішінде жеңсік ас – көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету ісіне Бектөбе ауылындағы Бекжолдас Сатыбалдиев жетекшілік ететін «Азамат» шаруа қожалығының қосып отырған үлесі мол. Аталған агроқұрылым еңбеккерлерінің әрбір күні қарбаласқа толы. Жабық «көкөніс алқабының» орта тұсында тау боп үйілген қияр өнімі сондай берекелі істің жемісі іспеттес.

Жылыжай меңгерушісі Нұржан Көпбергенов өздерінің бұл кәсіппен айналысып жатқандарына 4-5 жылдың жүзі болғанын айтады. Олар үшін мұндай құрылыс нысанын салу бас-аяғы 157289,0 мың теңгеге түскен. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында өндірістік-индустриялық инфрақұрылым жүйесін жетілдіру шарты бойынша жылыжайға электр желісі мен газ құбырын тартуға 23 миллион 321 мың теңге жұмсалыпты. Бұл жұмыстарды «Пырақ-Құрылыс» және «ГазБірлікСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері сапалы жүргізіп беріп, дихандар енді оның игілігін көруде. Жалпы жылыжайдың жылдық қуаттылығы 400 тонна өнім өндіруге есептелген. Аумағы бір гектар көлемінде. Бүгінде агрокешен толық қуатында жұмыс істеуде. Мұнда негізінен қиярдың «шарж» сұрпы егіліп, өсіріледі екен. Осынау көкөніс түрінен жылына екі рет (көктем, күз айларында) өнім жиналып алынады. Қазір мұнда 16 адам жұмыс істейді. Олардың айлық табыстары 70-80 мың теңгені құрайды. Шаруа қожалығының жылыжайда қорғалған топырақта көкөніс дақылдарын егіп, өсіру бағытында уақытпен санаспай өнімді еңбек етіп, тұрғындардың дастархандарынан он екі айда таңсық ас түрінің үзілмеуіне септесуі де істің көзін таба білгендіктері ғой. Олар осылай өңіріміздегі азық-түлік қауіпсіздігінің нығаюына да өзіндік үлестерін қосуда. «Жер – байлықтың көзі, еңбекқор – иесінің өзі» дегеніміз, сірә, осы болар.

Дүйсенбек ОРМАНОВ, журналист.

Жамбыл ауданы.