Мәдениет

Бабалар жырын шырқаған Бейбіт

Бабалар жырын шырқаған Бейбіт

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Ол балаң шағынан өнер әлеміне ынтықты. Жүрегі жыр деп соққан азамат зау биіктерді жыршылық-жыраулық қабілетімен бағындырғысы келді. Талпынды, талаптанды, ұмтылды. Оның орындауындағы Қуандық Шолақтың «Тұрар толғауы», Кәріпжан Нүсіптің «Сыпатай толғауы», «Ақсақ қыздың зары», «Бабалардан қалған өсиет» секілді шығармалар жүрекке жылы тиеді. Ойландырады, толғандырады. Қайбір жылы «Дастан» студиясы арқылы Мәскеудегі фирмалардың бірінде сапалық тұрғыдан өңдеуден өткен «Меркі – менің мекенім!» атты ән жинағы жарық көрді. Оған жыршы-композитордың 15 шығармасы енген болатын. Бейбіт Шошабаевтың осынау жинағындағы әндер жоғары сапамен өңделгенін де айта кеткен жөн. Доспамбет пен Шалкиізді, Бұқар мен Қазтуғанды оқып, көкейіне тоқып өскен Бейбіт Шошабаев ердің жасы елуге келіп отыр. «Біз – бабалар жолын жалғастырушы ұрпақпыз. Кезінде Сүйінбайдан Жамбыл бата алса, Жамбылдың өнегесін Кенен бойына сіңіріп өскен. Ән мен жырдың кеніне айналған Кенен Әзірбаевтың тәлімін алған марқұм Аяз Бетпаевтың қасында отыз жылға жуық шәкірт болып, ол кісінің бойындағы жақсы қасиеттерді, сахна мәдениетін, орындаушылық қабілетті, жыр-терменің қанша уақыт орындалатынын өзімнің жүрегіме аялап қондырдым. Жамбылдың жырларын жаттап өстім. Мен негізі өлең жазам деп ойлаған емеспін. Бірақ ұлт руханиятының алып бәйтерегі саналатын тұлғалардың шығармашылығына құмарлықтан болар, кейін өзім де өлең жаздым, айтыстарға қатыстым. Мойынқұм төрінде Алтынкүл Қасымбековамен айтыстым. Әлбетте, Алтынкүлді жеңуді мақсат тұтқан емеспін. Сондай мықты айтыскерге қарсы төтеп бергенімді игі жақсылар дұрыс бағалады. Айтыстың аққуы Айнұр Тұрсынбаевамен де сөз қағыстырдым. Айнұр да жылы пікірін білдірді. Кейін жыршы-термеші ретінде танылдым. Біздің кезімізде жыршы-термеші жоқ болатын. Қазір шүкір, айтыскер ақындар да, жыршы-термешілер де баршылық. Олардың деңгейі жоғары. Мерейтойыма орай «Жүректегі жыр толқындары» атты жинағым шықты. Оған өлеңдерім, арнауларым, айтыстарым енді. Кезінде Серік Үмбетов ағамның бастамасымен кітабым да шықты. Тағы басқа қолдаулар болды. Алматы облысында өткен үлкен іс-шарада маған құрмет те көрсетті. Ұзақ уақыттан бері Меркі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде еңбек етіп келемін. Оған қосымша №1 орта мектептен ашылған ақындар мектебінде жасөспірімдерге тәлім беріп жүрмін. Ол жерден шыққан жас айтыскерлер өздерін жақсы қырларынан көрсетуде. Жан-жарым Ғалия мені ұдайы демеп, қолдап отырады. Бүгінде екі ұл, бір қыздың әкесімін», – дейді Бекең өз ойын білдіріп. Бабалар мұрасын жалғастырып келе жатқан Бейбіт Шошабаев өзінің өнеріне сай бірқатар марапаттарға да ие болған. Оған «Қазақ ұлттық әдет-ғұрып академиясының профессоры» дәрежесімен қоса, ауданның Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері атақтары берілген. Өнердің өріне шығуды мақсат еткен Бейбіт Шошабаев сахнада жүргеніне отыз жыл толуына орай Меркі, Тұрар Рысқұлов аудандарында есепті кездесуін өткізуді көздеп отырған жайы бар. Бүгінде жыршылық-термешілік өнерде жас ұрпақтың санасына сіңіріп жүрген Бекең «Бабалар аманатын орындау – менің басты мақсатым. Ұлт өнерінің орны қашанда биік. Сол биіктен түсірмеу – азаматтық борышымыз һәм парызымыз», – дейді. Жүрегіне жыр қонып, көмейіне әуен ұялаған Бейбіттің мақсаты айқын, мұраты нық. Аяздай арда азаматтан бата алған Бейбіттің өнер биігінде әлі де жұлдыздай жарқырай түсетініне күмәніміз жоқ. Көненің көзіндей болып, жыршылық-термешілік өнерді дамытып жүрген кейіпкеріміздің жадындағы ойлары жүзеге асып, көздеген мақсаттарына қол жеткізе беруіне тілектеспіз.

Меркі ауданы.

Аязым – алыбым!

Сүйінбай, Жамбыл, Кененнің, Батасынан баққа кенелдің. Дәстүрін жалғап ұрпаққа Мұрасындай көненің. Мың бір ойлы, сырлы адам, Өнері парыз тұр маған Дүрбелең сол бір заманда «Әруақ, Құдай!» деп жырлаған.

Ескінің көне сарынын, Тереңнен тартып тамырын, Ақын, жыршы әрі сазгер Кенендей керемет дарының. Аяздай ақын алыбым. Халықтың бұзбай қалыбын Оқшау мінез, өр тұлға Өнерге бөлек танымың.

Бұлқынып жүрек тулаған, Дәл сендей тұлға тумаған Сүйінбай, Жамбыл жырларын Алтынмен аптап булаған. Аяздай ақын нұрлы адам Сегіз бір қырлы, сырлы адам Өнермен өмірін өрнектеп Ертелі-кеш тынбаған. Толқыны тербеп көк көлдің Өнермен өмірім дөп келдің. Шәкірт боп бала кезімде Шапағатыңды көп көрдім. Өнердің асып өткелін. Ұлы едің неткен текті елдің! Жамылып қалдым Аяздай, Шын жорғаның шекпенін.

Моңғол, Мәскеу шетелдің, Қазағымның көңілін көтердің. Қошемет пен құрметке Бөленбес ақын бекер тым. Көгеріп көппен көнердің, Жұлдыздай жанып сөнер кім?! Түсіңе еніп жыр Жәкем, Киесі қонды өнердің.

Атасы болып терменің, Заманның жырын тербедің. Ұрпақ үшін, ұлтым деп Арманға құлаш сермедің. Шу, Мойынқұм жерлерін, Жетісу, Тараз елдерін, Аралап әнмен толғадың. Ұлы тұлға ерлерін. Асқақтап ықса бұл жырым, Өнердің ұқтым қыр-сырын. Тәлім алдым өзіңнен, Мектебің сенің – бір ғылым. Аяздай ақын – бұлбұлым, Өресі биік дүлдүлім, Өттің де кеттің жалғаннан, Бір күндей болды-ау мың күнің.

Ақтаңдай ақыны қырғыздың

Атағың мәлім халқыңа, Құмар едім даңқыңа Сәлем бердім, Есаға Ақ қалпақ қырғыз, жалпыңа. Ақ батаңды берсеңіз, Адаспай мен де түсейін Ақындықтың салтына. Өнерде тұр ғой төріңіз, Жырлайтын бүгін жөніңіз. Өнер қуған ұлыңды Сом алтындай көріңіз. Келіңіз, Есеке, келіңіз, Қаумалап тұр еліңіз, Пір тұтып өзіңді өтейін, Ақ батаңды беріңіз. Бұлбұлдай сайрап нақ үні, Өнерде мықты тақымы. Қазақ-қырғыз елінің, Ақ таңдай ақпа ақыны. Тәрбие болып тараған, Өсиет боп нақылы. Естеместей ұлы ақын, Тоқтағұл мен Жамбылдың, Соңғы сарқыты, ақыры. Өнерменен өрнектеп, Кемеңгер болған ақылы. Ақжолтай болған екі елге, Қазақтың жиен жақыны. Жаныңда тұрып, Есеке, Жырлағанға қуандым. Жас та болса басымды, Сыйлағанға қуандым. Алдамшысы көп екен, Арман, дүние, қиялдың. Аман болсам, Есеке, Ақ жолыңды қуармын. Өнерге белді буармын, Тарқатып елдің құмарын Дәл сендей жырлап тұрармын.

Бейбіт Шошабаев.