Мемлекет қаржысы майшелпек емес
Мемлекет қаржысы майшелпек емес
Рас, соңғы жылдарда мемлекет тарапынан кәсіптік-техникалық білім беретін мекемелерді дамытуға көптеп көңіл бөліне бастағалы колледждердің көкжиегі кеңейе түскен. 2017 жылы «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» мемлекеттік бағдарламасы іске қосылғалы бері арнаулы орта білім беретін мекемелердің мәртебесі де өсті. Дегенмен көптеген мамандықтар бойынша оқу гранттарының саны өскенімен, осы оқу орындарының түлектеріне деген сұраныс сол күйі өзгермеді.
Осыны ескерген өңір басшысы Асқар Мырзахметов облыстық әкімдікте өткен арнайы комиссия отырысында кәсіптік-техникалық колледждер мемлекет қаржысын майшелпекке айналдырмауы керек екенін ескертті. Сол үшін білім грантын ұтып алған бұл білім мекемелеріне қойылатын талап күшейтілмек. Жалпы өңірімізде 48 кәсіптік-техникалық колледж бар. Олардың 25-і мемлекеттік болса, қалғаны жекеменшік. Соңғы жылдарда бұл арнаулы орта оқу орындарына нарық сұранысына сай мамандықтарды даярлау үшін қазынадан бөлінетін қаржы көлемі өсті. Алайда бюджет ақшасының мақсатты жұмсалғанына күмән көп. Мамандар даярлайтын білім ошақтары қай салаға қандай маман қажет екенін білмейді. Еңбек нарығындағы көрсеткіштер назардан тыс қалған. Мемлекеттік мекемелер мен колледждер арасындағы кері байланыс әлсіз. Сұраныс болсын, болмасын, кез келген мамандық оқытылады. Салдарынан миллиардтаған теңге желге ұшып отыр. Ал бітіруші түлектердің бәрінің бірдей жұмыспен қамтылуы екіталай. Облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетованың айтуынша, қазіргі таңда ауыл шаруашылығы, құрылыс, кәсіпкерлік, жұмыспен қамту және «Атамекен» кәсіпкерлік палатасымен бес жылға маман қажеттілігіне қатысты скринингтік талдау жүргізілген. Бірақ осының өзі аздық етіп отыр. Себебі шын мәнісінде қат мамандарды даярлауды қолға алуға ұмтылыс жасап жатқан оқу орындары жоқтың қасы. «Шын мәнінде бұл бағыттағы жұмыстар әлі де болса терең зерделеуді қажет етеді. Яғни қоғамға қажетті мамандыққа деген сұранысты дұрыс қалыптастыру қажет», – деді сала басшыларына жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырған Асқар Исабекұлы. Мемлекеттік оқу грантына ие болып, тегін оқыған жас мамандардың кемінде сексен пайызы жұмысқа орналасуы керек. Бұл – әрине, ақылы негізде оқыған түлектер назардан тыс қалады деген сөз емес. Ақылы бөлімде оқитындардың да білім сапасына көңіл бөлу қажет. Себебі, кейбір оқу орындары қаржы «қоржынға» түскен соң, «қарыздан» құтылған студент сабаққа келмесе де, оқудан шығара алмайды. Уақыты келгенде дипломын қолына беріп құтылады. Сондықтан Асқар Мырзахметов шын мәнінде қажетті мамандықтарды анықтап, тек соған ғана ақша бөліп, ал қалған қаржыны колледждердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға жұмсауды тапсырды. Жиында комиссия мүшелері бірқатар ұсыныстар айтты. Олар осы мемлекеттік грантты ұтып алған колледждердің әрқайсысына жеке-жеке талдау жасалса дейді. Ондағы оқу процесі, білім беру деңгейі, оқытушылардың біліктілігі бәрі-бәрі тексерілуі керек. Бұл іс қоғамдық ұйымдар тарапынан да бақыланбақ. Сондай-ақ бұған жастар саясаты басқармасын тарту ұсынылды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі