Саясат

Халықтың әлеумет тік жағдайы бәрінен маңызды

Халықтың әлеумет тік жағдайы бәрінен маңызды

Облыс әкімі Асқар Мырзах-метовтің Жуалы ауданына жасаған жұмыс сапары Нұрлыкент ауылдық округіне қарасты «Гамбург» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егістік жұмысымен танысудан басталды. Серіктестіктің техникалары күздік себілген алқаптарды тырмалап, топырағын қопсыту жұмысымен айналысып жатыр. Шаруашылық басшысы Егор Кохтың айтуынша, биыл 400 гектарға күздік, 700 гектарға жаздық арпа себіліпті. Енді 500 гектарға дәнді және сүрлемдік жүгері себуді жоспарлауда. Тұқымды Алматы қаласынан алдырған. Оған қажетті жерді жыртып, ауа райының жылынуын күтіп отыр. Одан бөлек мал азығына қажетті 800 гектар жоңышқалығы құлақтанып келеді. Осы алқаптардың 1253 гектарын жаңбырлатып суару қондырғылары арқылы ылғалдандыруды қолға алған. Жалпы серіктестікте мал азығына қатысты мәселе толық шешілген. Серіктестікте 1265 қара ала және 674 ақ бас мүйізді ірі қара бар. Оның 672-сі аналық, сауында тұрғаны 420 басты құрайды. Жыл басынан бері 522 тонна сүт өндірілді. Сауылған сүт күнделікті келісімшартқа сәйкес Меркі сүт зауытына жөнелтіліп отырады. Сондай-ақ фермада 772 бас шошқа мен 61 жылқы бар. Сауынды сиыр басын арттыру мақсатында қожалық өз базасында 1200 басқа арналған озық үлгідегі тауарлы сүт фермасы құрылысын жүргізіп жатыр. Биыл іске қоспақ ниетте. Егор Кох әңгіме барысында: «Сырттан мал сатып әкеліп көп мәселені шешпейміз. Шетелден келген малмен бірге бұрын бізде болмаған белгісіз мал аурулары пайда болды. Енді соған қажетті вакцинацияны қайтып шетелден сатып алуға мәжбүрміз. Өзіміздегі сиырдың азығын дұрыстасақ, ол да сол сүтті береді. Бұл мәселеден шығудың бір жолы қолдан ұрықтандыруды жолға қоятын уақыт жетті», – деді.

Жалпы алқап басындағы серіктестіктің техникасына қарап оның қаншалықты жаңартылғанын көруге болады. Шаруашылыққа қажетті 14 трактор, 3 комбайн, басқа да техникалары бар. Бүгінде 125 адамды жұмыспен қамтып отырған серіктестік басшысы оларға орташа есеппен 60-70 мың теңгеден айлық төлеп отыр. Сондай-ақ облыс басшысы Нұрлыкент ауылындағы кітапханада болып, ондағы цифрландырылған ақпараттық орталықтың жұмысымен де танысты. Мұнда ауыл тұрғындары бірқатар мемлекеттік қызметтердің игілігін көруде. Атап айтар болсақ, мекен-жайы, сотталмағандығы, жылжымайтын мүлік, зейнетақы қоры туралы анықтамалар алып, балабақшаға кезекке қою және некеге тұру туралы өтініштерін қалдыра алады. Сонымен қатар ондағы ақпараттық сайт арқылы ауданның, ауылдың паспорты, жаңалықтары, тұрғындардың хабарландырулары, техникалар сатып алу мүмкіндіктері, жалға беру ұсыныстары, білім және денсаулық саласына қатысты керекті мәліметтерге де қол жеткізуге мүмкіндіктері бар екені айтылды. Осыдан кейін Асқар Мырзахметов Ақбастаудағы №16 Жуалы колледжінің ескі жатақхана ғимараттарының бүгінгі жайымен танысты. Аудан әкімі Нарбай Ергебеков осы ғимараттарды жөндеп, тұрғын үй кезегінде тұрған аз қамтамасыз етілген отбасылар мен жетімдерге беру туралы ұсыныс жасаған болатын. Қазір ауданда тұрғын үй кезегіне өтініш берген осы санаттағы 83 азамат бар екен. Бұл ұсынысты Асқар Исабекұлы құптап: «Аудан әкімі көтерген мәселені біз зерделеп көрдік. Көп қабатты екі ғимараттың әрқайсысында 40-тан бөлме бар. Бұл екі ғимаратты жөндесек, аз қамтылған және жетімдерге баспана етіп беруге болады», – деді. Сөйтіп, тез арада аудан бюджетінен қаржы қарап, нысанның жобалық-сметалық құжаттамасын жасауды тиісті сала басшыларына тапсырды. Егер қажет болса облыс бюджетінен де қаржы қарауға әзір екендігін ескертті. Келесі кезекте облыс әкімі аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында болып, оның жұмысымен танысты. Бөлім басшысы бүгінде 20 маман аудан тұрғындарына қызмет көрсетіп отырғанын жеткізді. Асқар Исабекұлы осы ғимараттың үстіңгі қабатында орналасқан аудандық жұмыспен қамту бөліміне де барды. Мекеме директоры Сәбитхан Қожанов орталықтың жай-күйі туралы жан-жақты баяндады. Ол бүгінде 33 адам жұмыс істейтінін, барлығы да қажетті керек-жарақпен қамтылғанын айтты. Бұдан кейін өңір басшысы аудандық орталық ауруханада болды. Бүгінде ауданда көп қабатты тұрғын үй салу – өзекті мәселенің бірі. Осыған орай аудандық орталық аурухана маңынан тұрғын үй салуға қолайлы жер бар. Сол жер учаскесін ауданның меншігіне алу көзделген. Бұл бағытта тиісті зерттеп-зерделеу жұмыстары атқарылатын болады. Облыс әкімі барған келесі нысан Диқан ауылындағы орта мектеп. 1992 жылы пайдалануға берілген ғимараттың жалпы ауданы 604 шаршы метрді құрайды. Онда 35 педагог, 16 техникалық қызметкер жұмыс істейді. Бүгінде білім ошағында 224 оқушы білім алуда. Айта кету керек, мектеп ғимаратының құрылысы саманнан салынған. Кез келген уақытта апат болу қаупі бар. Қазірдің өзінде нысанның қабырғалары жарылып, тозығы жеткені байқалады. Оған қоса оқушы саны да артып келеді. Сондықтан мұнда жаңа мектеп құрылысын жүргізу мәселесі сөз болды. Асқар Исабекұлы №1 мектеп-гимназияның мәжіліс залында аудан тұрғындарымен кездесті. Онда Еңсебек Абсалямов Билікөлдегі төрт елді мекенге газ тартуды, Аманжол Дүрәліұлы Б.Момышұлының кіндік қаны тамған Момыш бұлағына апаратын жол салып беруді сұрады. Ал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның жылдығына дейін аудан орталығындағы №15 орта мектепке жазушының есімін беріп, Талапты ауылындағы үйді музейге айналдыру керектігін айтты. Асқар Исабекұлы бұл ойды қостай келіп: «Шерағаңа бір ғана туған жерінде мектепке есімін беріп, тұрған үйін музейге айналдырумен мәселені шешіп тастауға болмайды. Оған облыс орталығынан университеттің, мектеп пен көшенің атын беруіміздің өзі аздық етеді. Сондықтан да бұл мәселені кеңінен ойласып, жүзеге асыру керек», – деді. Сондай-ақ облыс әкімі аудан орталығында жаңадан ашылған «Нұр-Ай Плаза» бизнес орталығының жұмысымен танысып, аудан кәсіпкерлерімен кездесті. Олар өз кезегінде жұмыстарын жандандыру барысында туындап отырған түйткілді мәселелерді алға тарты. Асқар Исабекұлы өңір экономикасын көтеру үшін шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту керектігін, ол үшін тиісті барлық жағдайлар мен мүмкіндіктер жасалатынын жеткізді. Айта кетерлігі, жыл басынан бері ауданда жалпы құны 9 миллиард 120 миллион теңге болатын 7 кәсіпкерлік нысан іске қосылып, 132 жаңа жұмыс орны ашылған. Облыс жұртшылығы Алатаудың етегіндегі «Қаралма» тау-шаңғы туристік кешенінің ашылуын асыға күтуде. Өңір басшысы жобалық құны 3,4 миллиард теңгені құрайтын сауықтыру базасына барып, құрылыс жұмыстарымен танысты. Бүгінде кешен аумағында тиісті жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Онда сауықтыру, тынықтыру мақсатында қыс мезгілінде қысқы спорт түрлері, тау шаңғысы, сноуборд, жазда велотуризм, жылқымен серуендеу және тағы басқа қызметтер көрсетілетін болады. Демалыс базасы бір мезгілде 2500-3000 адамды қабылдауға қауқарлы. Сонымен қатар мұнда қонақтар жыл он екі ай бойы демалуға мүмкіндік алып, жылына 45 мың адамға қызмет көрсетіледі деп күтілуде. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер нысанды 15 тамызда өткізуді жоспарлап отыр.

Жуалы ауданы.