Спорт және туризм

Шалқар Айқынбай алтыннан алқа тақты

Шалқар Айқынбай алтыннан алқа тақты

Әзірбайжан астанасы Баку қаласында өткен «Ұлы Жібек жолы» атты халықаралық жарыс өз мәресіне жетті. Бұл додада қазақстандық боксшыларға бар болғаны бір ғана алтын медаль бұйырды. 49 килограмм салмақ дәрежесінде бақ сынаған Шалқар Айқынбай өзбекстандық Нодиржон Мырзахметовтен айласын асырып, алтыннан алқа тақты. Бұл жарыста шаршы алаң қожайындары Әзірбайжан құрамасы жалпыкомандалық есепте топ жарды. Олар төрт бірдей алтын жүлдені қоржындарына салып, бөріктерін аспанға атты. Үш бірдей алтын жүлдені иеленген Өзбекстан боксшылары екінші орынға орнықты. Қазақстан және Ресей Федерациясының былғары қолғап шеберлеріне бір-бірден ғана алтын жүлде бұйырып, үшінші және төртінші орындарға жайғасты. Әлбетте, бұл аламанға ұлттық құраманың екінші және үшінші нөмірлі боксшылары қатысып, бақтары мен баптарын сынап көрді. Десе де өзге де мемлекеттердің екінші, үшінші нөмірлі былғары қолғап шеберлері сынға түскенін ескерсек, Қазақстан боксшылары қоржынға салған жалғыз алтын – мақтаныш емес. Енді ұлттық құраманың бапкерлік штабы осы мәселеге бас ауыртатын шығар. Қалай болған күнде де боксшыларымыз әлеуетті болуы керек қой.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.