Басты бағыт – сапа
Басты бағыт – сапа
«Тараз көлік жолы» ЖШС – ел аумағында жол салу және оны жөндеумен шұғылданатын бірегей кәсіпорын. Құрылыс-құрастыру жұмыстарын жүргізу бойынша бірінші санатты лицензиясы да бар. Оның Тараз, Жаңатас және Қызылорда қалаларындағы асфальт-бетон зауыттары күнделікті 2 мың тонна өнім өндіре алатын әлеуетке ие. Серіктестік тек битумды ғана Павлодардан алады. Қалған қажетті материалдар толық өздерінде шығарылады. Бүгінде мұнда жол құрылысына жұмсалатын материалдар саны 19-ға жетті. Барлығына да сапа сертификаты берілген. Біраз жыл бұрын таңбалайтын машина сатып алып, жол белгілерін жасайтын цех іске қосылыпты. Серіктестік өзі құрылған 2000 жылдан бері республика аумағында 500 шақырымға жуық жолды күрделі және орта жөндеуден өткізген. Екі жүз бірлік техникасы бар. Өткен жылы бетон таситын бір автомашина, 3 тиегіш агрегат сатып алған. Серіктестікте 300-ден астам адам жұмыс істейді. Олардың орташа айлық жалақысы 80 мың теңге көлемінде. Мамандар қыста да жұмыссыз қалған емес. Кәсіпорын басшысы Луиза Батчаеваның істі дұрыс ұйымдастыруы нәтижесінде мұнда соңғы бес жылда бірде-бір маман қысқартылмаған, ақысыз еңбек демалысына да жіберілмеген. Еңбекке қатысу белсенділігі және нәтижесіне қарай олар ақшалай сыйлықтармен марапатталып отырады. Денсаулықтарын оңалтып-сауықтыру үшін жолдамалармен шипажайларға да жіберіледі. Ұжымда білікті мамандар даярлау да басты назарда. Ұжым өздерінің халықаралық сапа менеджменті жүйесіне лайықты екендіктерін бірнеше мәрте дәлелдеген. Мұнда қазақстандық үлес 100 пайызды құрайды. «Тараз көлік жолының» жылына 2 миллиард теңгенің құрылыс-құрастыру жұмысын игеретін әлеуеті бар. Мамандар қандай істі қолға алса да, әуелі оның сапасына айрықша назар аударады. Соның нәтижесінде олар құрылысын жүргізген нысандарға қабылдап алатын жұмысшы және мемлекеттік комиссиялар жақсы баға беруде. Былтыр кәсіпорын 400 миллионға жуық теңгенің жол жөндеу және көріктендіру жұмысын жүзеге асырды. Талас ауданындағы С.Шәкіров ауылына кіреберіс 20 шақырым автомобиль жолына орта жөндеу жүргізілді. «Ақкөл – Ойық – Ұланбел» бағытындағы автомобиль жолының 159-187 шақырымында өткен жылы орта жөндеуді бастаған болатын. Нысан – өтпелі. Сәуір айының соңына дейін бұл жұмыс толық аяқталады деп күтілуде. Былтыр мамандардың бір бөлігі Жаңатас қаласында тұрғын үйлердің айналасына бордюр, поребрик және асфальт төсемелерін төседі. Қазір олар кезекті тапсырыстарды ұтып алу үшін мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысуда. Серіктестікте спортсүйер мамандар шоғырланған. «Тараз көлік жолы» ЖШС директоры Луиза Батчаева осында жылына екі рет спорттың он түрінен спартакиада ұйымдастыруды игі дәстүрге де айналдырған. Жолшылар жарыс өтетін күндерді ұдайы асыға күтеді. Оған аса қызығушылықпен, үлкен ынтамен және жігермен белсене араласады. Жарыста үздік көрсеткіштерге қол жеткізгендер ақшалай және заттай сыйлықтармен марапатталады. Спартакиадаға қатысушыларды үздік нәтижелерге жігерлендірген осындай ірі жарыс жақында Наурыз мерекесінде өткізілді.
Ақылжан МАМЫТ
Тараз қаласы.