Әріптестікті арт тыру – бүгінгі күн талабы
Әріптестікті арт тыру – бүгінгі күн талабы
Облыс әкімі Асқар Мырзахметов жұмыс сапарымен Байзақ ауданында болды. Өңір басшысы алдымен Қызыл жұлдыз ауылындағы «Rola-7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты.
Аталған серіктестік 2008 жылдан бастап нан өнімдерін шығарып келеді. Бүгінде зауыт макарон өнімдерінің 27 түрін өндіруде. Зауыт тәулігіне 60 тонна өнім өндіруге қуатты. Бірақ қазіргі таңда тәулігіне 28 тонна өнім шығарумен шектеліп отыр. Серіктестік өткен жылы 536 миллион теңгенің өнімін өндіріпті. Өндірілген өнімнің 64 пайызы облыс нарығында қалса, 20 пайызы Ресей, 18 пайызы Қытай мемлекеттеріне экспортталатын көрінеді. Ал соңғы бір айда зауытта 236 тонна өнім өндіріліпті. Өңір басшысына зауыттың жұмысын таныстырған серіктестік директоры Марат Жүнісбековтің айтуынша, зауыт биыл 600-700 миллион теңгенің өнімін өндіруді жоспарлапты. Бүгінде онда 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, зауыттың қуаттылығын арттырған сәтте жұмысшы санын 150-ге жеткізу көзделіп отыр. Сондай-ақ серіктестік жоғары сұрыпты ұнның 85 пайызын солтүстіктен тасымалдайды екен.
Асқар Исабекұлы зауыттың жұмысымен танысып шыққан соң, серіктестік директорына «ұнды солтүстіктен тасымалдағанша неге өзімізде бар өнімді пайдаланбаймыз?! Біріншіден, арзан, екіншіден, тасымалға кететін қаржы үнемделмек» деген сауал қойған. Серіктестік директоры оны біздегі бидай сорттарының сапасының төмендігімен байланыстыруға тырысты. Дейтұрғанмен өңір басшысы осындағы шаруалармен байланыс орнатып, элиталы бидай тұқымын солтүстіктен әкеліп алқаптарға сеуіп, сол ұнды өз өңірімізде өндіруге болмай ма? Оған не кедергі? Жұмысты осылай ұйымдастырсақ, осындағы шаруа қожалықтар зауытты шикізатпен қамтамасыз ететін болады. Ал шаруалар егінімді ертең кімге өткіземін деп алаңдамайды. Осылайша байланысып жұмыс істеуге болады ғой деген ой тастады серіктестік басшысына. Орайы келгенде серіктестік директоры жарық пен «көгілдір отынға» қатысты тариф мәселесін көтеріп, көмек беруін сұраған еді. Өңір басшысы Елбасының шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға қатысты тапсырмасына сәйкес облыста «Қарапайым заттар экономикасы жол картасының» жасалып жатқандығын айтты. Сол бойынша кәсіпорындардың әлеуетін көтеру мақсатында тариф мәселесіне қатысты субсидия қарастыру туралы тиісті басқарма басшыларына тапсырма берді. Бұдан кейін Асқар Исабекұлы Көктал ауылындағы жеке кәсіпкер «М.Есенбаевтың» май шығару цехында болды. Кәсіпкер Болат Есенбаевтың айтуынша, цех тәулігіне 40 тонна пісте өңдеп, 8,5 тонна май өндіреді екен. Оның қуаттылығын екі есеге арттыруға болатын көрінеді. Бірақ мұнда да сол мәселе. Шикізатқа деген тапшылық бар. Негізінен кәсіпкер шикізатты Шығыс Қазақстан облысынан тасымалдауда. Ал өзімізде өсірілетін күнбағыстың майлылығы төмен дейді кәсіпкер. Бұл цехта 30 адам еңбек етуде. Өндірілген өнім облыс нарығына өткеріледі. Бір кезде мақсары майын да шығарып көріпті. Әйткенмен де өңірде күнбағыс майына деген сұраныс жоғары. Ал бұл цех жұмыс істеп тұруы үшін жылына 15 мың тонна шикізат қажет. Өңір басшысы бұл мәселенің де түйінін тарқатып берді. Яғни кәсіпкерге қажетті шикізатты сырттан тасымалдамай өзімізде дайындаудың жолын ұсынды. Ол үшін 4 мың гектар егістік жер қажет. Округте 40 шаруа қожалығы болса, солармен әріптестік байланыс орнатып, қажетті тұқымды тауып беріп, шикізатты өзімізде өндіруді қолға алатын уақыттың жеткенін тағы бір пысықтап өтті. Ал Темірбек ауылдық округіндегі «Көк жайлау» шаруа қожалығы ет және сүт бағытындағы асыл тұқымды мал өсіруді қолға алыпты. Өткен жылы Ресей мемлекетінің Башқұртстан Республикасынан 120 «Сементаль» тұқымды ақбас құнажын әкелген. Қаңтар айында Чехиядан 90 бас осы тұқымдас тана әкеліп қосыпты. Құнажындардың алды бұзаулай бастапты. Қожалық жетекшісі Бақтияр Баратов енді сүт өңдеу цехын ашуды көздеп отыр. Ол үшін «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы құжаттарын рәсімдеп, Франциядан керекті құрал-жабдықтар алу үшін келіссөз жүргізіп жатса керек. Облыс әкімі жол-жөнекей Үлгілі ауылдық округінің «Үлгілі – 2005» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егістігіне соғып, көктемгі дала жұмысының барысымен де танысты. Серіктестік директоры Бақытжан Еркебаев бірнеше диқанның басын қосып, 18 гектар жерге пияз тұқымын сеуіп жатқанын айтты. Екі жылдан бері тамшылатып суғару тәсілін қолданып, жаңа технологиямен өнім алып жатқан шаруашылықта мәселе жоқ емес. Диқан қауымы өңірде пияз кептіретін цехтың жоқтығын көтерді. Осыдан кейін өңір басшысы Түймекент ауылындағы «Бірлік Түймекент» қосалқы шаруашылық негізінде құрылған ауыл шаруашылығы кооперативінің жұмысымен танысты. Кооператив төрайымы Марина Байжарықова бір кезде ірімшік өндірген цехтың тоқтап тұрған жұмысын жүргізуді қолға алыпты. Оған 25 отбасы мүше екен. Олар 114 миллион теңгеге сауынды сиыр алып жұмыс істеуде. Жалпы ауылда бір мыңға жуық түтін болса, 345 сиыр сауылады. Күніне ауылдан 600-700 литр сүт жиналады. Әзірге ол сүтті «Лесняк» деген жеке кәсіпкерлікке өткеруде. Аймақ басшысы мұнда ауыл шаруашылығы кооперативі бірнеше отбасының мүддесіне жұмыс істемеу керектігін, ол бүкіл ауылды жұмыспен қамту үшін құрылып отырғанын жеткізді. Мұндай кооперативтер әрбір ауылда құрылуы тиіс деп ойын түйіндеді. Өңір басшысы Диқан ауылындағы Мәдениет үйінде болып, кітапханадағы «Коворкинг» орталығында орналасқан «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының жұмысымен танысып, ауыл тұрғындарымен пікірлесті. Сондай-ақ Сарыкемер ауылындағы №1 мектеп-гимназияның мәжіліс залында ауыл тұрғындарымен кездесіп сұрақтарына жауап берді. Кездесу еркін форматта өтті. Іссапар соңында Асқар Исабекұлы аудан әкімдігінің мәжіліс залында кәсіпкерлермен кездесіп, жиынды сұрақ-жауап түрінде өткізіп, кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап берді.
Марат Құлибаев
Байзақ ауданы.