Головкин шаршы алаңға маусымда шығады дейді
Головкин шаршы алаңға маусымда шығады дейді
Кәсіпқой бокстан орта салмақ дәрежесінде әлемнің экс чемпионы Геннадий Головкин маусым айында шаршы алаңға оралады. Деректерге сенсек, қазақстандық былғары қолғап шебері 8 маусым күні Нью-Йорктегі әйгілі «Madison Square Garden» аренасында шаршы алаңға көтерілетін көрінеді. DAZN стримингілік сервисімен келісімшарт жасасқан қазақстандық боксшы жаңа платформадағы дебютін өзіне етене таныс аренада бастағалы отыр. Дегенмен Головкин шаршы алаңға нақты 8 маусымда емес, 14 маусымда оралуы да мүмкін көрінеді. Егер Нью-Йорктегі спорт кешені 8 маусымда бос болмаса, Гена екінші нұсқаны таңдауы ықтимал. Отандасымыздың келесі қарсыласы кім болатыны әзірге беймәлім. Әуелде Генаға қарсылас ретінде америкалық былғары қолғап шебері Брэндон Адамс таңдалған болатын. Алайда АҚШ боксшысы Геннадий Головкинмен жұдырықтасудан бас тартып, отандасы, WBC тұжырымы бойынша әлемнің уақытша чемпионы Джермалл Чарломен қолғап түйістіруді мақұл көріпті. Адамстан бөлек Головкин поляк спортшысы Камил Шереметамен шаршы алаңда кездесуі мүмкін дескен еді. Алайда бұл нұсқа да назардан тыс қалды. Қазіргі кезде Головкин камерундық Хассан Н’Дам Н’Жикаммен жұдырықтасуы мүмкін деген ақпарат тарап кетті. Қалай болған күнде де қазақстандық боксшы маусым айында DAZN-дағы алғашқы жекпе-жегін өткізеді. Головкиннің шайқасын күтіп жүрген жанкүйерлердің сенімін ақтауға боксшымыз да күш салатыны анық.
Табиғат АБАИЛДАЕВ.