Әдебиет

Бөкеңнің орны бөлек қой

Бөкеңнің орны бөлек қой

Бірге қызмет істегенмен елдің бәрімен етене араласып кете алмайсың. Мінез, көзқарас, ниет жақындығы ғана адамдарды елеусіз ғана біріктіріп, бауырластырып жібереді. Содан қайта алыс кету мүмкін болмай қалады. Бөкең екеуміздің достығымызды осындай өмір формуласымен түсіндіруге болатын шығар.

Әлі есімде, 1975 жылы облыстық «Еңбек туы» газетінде «Мұз бен гүл» деп аталатын очерк жарияланды. Газеттің жарты бетін алып жатқан туындыда жас құрылысшы Елшібек Ауғанбаев туралы сөз болады. Тура көркем әңгіме оқығандай әсерде болдым. Жылы жазылған, жаттанды сөз жоқ, кейіпкерінің еңбекқорлығын, мақсат-арманын, азаматтық келбетін шебер аша білген. Тоталитарлық заманның қылышынан қан тамып тұрған кезде облыстық партия комитетінің органы болып есептелетін басылымда дәл осындай тартымды, шынайы, еңбек адамының жарқын бейнесін аша білетін очерктер сирек басылатын. Мен очерктің авторы Болат Мәуленовпен осылайша сырттай танысып, бұдан басқа да жазғандарын оқып, журналистік шеберлігіне, қаламының ұшқырлығына іштей тәнті болып жүрдім. Ол кезде бұрынғы Свердлов, қазіргі Байзақ ауданындағы «Ауыл жаңалығы» газетінде қызмет атқаратынмын. Жамбыл қаласы жақын болғандықтан облыстық «Еңбек туы» газетіне жиі-жиі соғамын, бұл басылымда жазғандарым жарияланып тұрады. Тағы бір себебі, мұнда досым Мұсабек Рахманбердиев қызмет атқарады. Бірде Мұсабекпен Көкбазарда жолығып қалдым. Ол сол кездің өзінде әңгімелері облыстық, республикалық басылымдарда жарияланып жүрген, болашағынан үлкен үміт күтетін жас жазушының бірі еді. Газеттің насихат бөлімінің тілшісі ретінде де сан қырлы журналистік ізденісімен ерекше көзге түсіп жүрді. – Оу, Доқантай, қайда жүрсің? Соңғы кезде Лениннің басы бар жүз сомдық сияқты көрінбей кеттің ғой, – деп әзілдеп жанындағы орта бойлы, жұқалтаң келген сары жігітпен таныстырды. – Танысып қой, жанымдағы жігіттің аты-жөні – Болат Мәуленов. Биыл КазГУ-дің журналистер даярлайтын факультетін бітіріп, жолдамамен «Еңбек туына» жұмысқа орналасып жатыр. – Сырттай жақсы танимын, – дедім қуанып. Бұл жігіт «Мұз бен гүлдің» авторы емес пе? Керемет жазылған очерк! – Міне, жұмысқа орналаспай жатып, атағың дүркіреп тұр. Өткен жолы очеркіңді мақтап едім, онша мән бермедің. Жазғаның жақсы болмаса, мына Доқтырхан сені қайдан мақтай қойсын. Қысқасы, бүгін жақсылап тұрып жуасың. Лағман мен шарап сенің мойныңда, – деді Мұсабек әзілдеп... Көп ұзамай Мұса Алматыға ауысты. Мен «Еңбек туына» орналасып, Болат екеуміз әріптес ретінде бір-бірімізге жақын болып кеттік. Бөкең мәдениет және өнер бөлімінде, ал мен өнеркәсіп, транспорт және құрылыс бөлімінде едім. Оның әріптестеріне қарағанда көп ерекшелігі бар: үнемі ізденіп жүреді, кез келген тақырыпты көтере біледі. Аз жазады, бірақ талғаммен жазады. Уәдеге, достыққа берік, өз табысынан гөрі жанындағы жолдасының жетістігіне көбірек қуана біледі. Қолы ашық, астындағы жалғыз атын досына ойланбастан түсіп беретін қазақтың өзі. Ол кезде мен жаңадан үйленгенмін, Болат – бойдақ. Досым желкілдеп тұрған бозбала емес, үш жыл әскери теңіз-флотында болған, бес жыл университетте оқыған нағыз сүр бойдақтың өзі. Қашанғы жалғызбасты болып жүре береді, редакциядағы бүкіл жас біткен Бөкеңе жар болатын лайықты қыз іздеп шарқ ұрдық. Оған анау да ұнамайды, мынау да ұнамайды. Сөйтіп жүріп, педучилищеде мұғалім болып істейтін Шолпанның құшағына құлап, шыға алмай қалды. Көп ұзамай-ақ дүркіреп үйлену тойы болып өтті, бүкіл редакция болып бардық. Сол кеште жердің шаңын шығарып, табанымыз тесілгенше билегеніміз әлі есімде. ...Біз жергілікті және республикалық ақпарат құралдарында үздіксіз қызмет етіп келеміз. Бұл өзі бар тірлігің жұрттың көз алдында, елдің назарында жүретін жұмыс. Тіпті сені жыға танымайтын адамдар да жазған-сызған мақалаларың арқылы да бағалап, өлшеп-пішіп жатады. Елден ешнәрсе жасыра алмайсың. Біз осындай халыққа ең жақын сала журналистикада елу жылдан астам бірге келеміз. Өткен күндер – сағыныш. Мұрат Сыздықов, Толымбек Әлімбеков, Мақұлбек Малдарбеков, Шыңғыс Қонысбаев, Мәдина Көбеева, Райхан Тілеуқабылова, Сейдімкүл Жұматаева, тағы басқалар жұбымыз жазылмай бірге жүруші едік, тату-тәтті едік, шығармашылық жағынан бір-бірімізді үнемі қолдап отыратынбыз. Қуанышымыз, жетістігіміз ортақ болатын. Болат арамызда алғашқылардың бірі болып КПСС қатарына өтті, қызметі жоғарылап, бөлім меңгерушісі, редколлегия мүшесі болды. Ұлы Думан дүниеге келгенде, досымыз пәтер алғанда думандатып, тойлағанымыз әлі есімде. «Ағасы бардың жағасы бар» демекші, алыстап кеткен сол бір бақыты, қуанышы мол күндерді сөз еткенде, ағалық қамқорлығын, ақыл-кеңесін аямаған Баттал Жаңабаев, Анарбек Айтбаев, Мейірхан Қуанышбаев, Әлдихан Қалдыбаев, Срайыл Керімбаев, Ахмет Қазыбаевты ризалық сезіммен еске аламыз. Қарап отырсам, «Еңбек туы» біздер үшін өмірдің де, шығармашылық ізденістің де үлкен мектебі болыпты. Әрине, қиындықсыз жұмыс болмайды. Бірақ жүрегі қалаған, жазу қабілеті мол адам қиындықтардың бәрін де жеңеді. Ол кезде журналистке жұмыс орны көп емес, еркіндік аз, уақыт тапшы, жауапкершілік жоғары. Дегенмен партиялық баспасөз беделді, журналистердің абыройы биік. Бізбен қатарлас болса да Болат салмақты, әрбір сөзін ойланып сөйлейді, ешкімге жағымпазданып жалпақтамайды, өтірік-өсектен аулақ жүреді, ойын ашық айтады. Осы қасиеттері үшін замандастары Болатты құрметтеп, алдынан қия өткен емес. Редакцияда бірге қызмет атқаратын байырғы журналистер де санасатын. Жас та болса беделді журналистпен облыстың белгілі, зиялы азаматтары араласып, сыйласып жүруге құштар еді. Барынша адал, таза еңбек етіп, жүйрік журналист болудың да қиындығы болады екен. Өйткені өзі олай жүре алмайтындар, қабілеті кем, ойы тайыз біреулер сырттай өсектеп жүреді екен. Ондайлардың талайын Бөкең де, мен де көрдік, сездік. Маған жақын туыс болып келетін облыстық драма театрының сол кездегі директоры, жазушы, режиссер Тұрар Дүйсебаевпен табыстырған Болат досым болатын. Облыстық ауруханада хирург болып еңбек ететін Сағындық Ордабековті де таныстырып еді. Қандауыры мен қаламын қатар ұстаған Сәкең облыстық, республикалық басылымдарға бұрқыратып жазып жүреді. Сағындық досымыз бүгінде медицина ғылымдарының докторы, профессор. Ол небір жауапты қызметтерде жүрсе де қаламын тастаған емес. Адам мен қоғамға ой тастайтын мақалалары облыстық, республикалық газет-журналдарға жиі жарияланып тұрады. Қаламы қарымды, инесі шипалы досымыздың көптеген оқулықтары, монографиялары жарық көріп, лайықты бағасын алды. «Досымның досы – менің досым» деп бір ғұлама айтпақшы, Алматыға көшіп келгенде Болаттың достары – Ғабиден Құлахметов, Серік Байхоновпен етене араласып, жора-жолдас болып кеттік. Мына жалған дүниеден ерте озған қазақтың талантты ақыны Ғабиден Болат десе ішкен асын жерге қоятын. Жұмысы басынан асып жатса да, бәрін жинастырып қойып, Жамбылдан келген досын құшақ жая қарсы алатын. Серік Байхонов екеуміз де шашбауын көтеріп, жанында жүруші едік. Қазақ журналистикасында өз қолтаңбасы бар қаламгер талай биіктерден, белестерден көріне білді. Республикалық «Ауыл» газетінің осы облыстағы меншікті тілшісі болып, ауыл экономикасының, әлеуметтік тұрмысының күрделі мәселелерін көтеріп, көптеген проблемалық мақалалар жазды. КазТАГ-тың меншікті тілшісі ретінде де нағыз журналистке тән ізденіс, шеберлік танытты. Сонымен қатар «Айқын», «Қазақстан-Заман» газеттерінде абыройлы еңбек етті. М.Рахманбердиев 1995 жылы облыстық радио және теледидары комитетінің төрағалығына тағайындалғанда орынбасары болып, екі дос аталған шығармашылық ұжымды биік дәрежеге көтерді. Жылдар өтіп, арамыз алыстап кетсе де, жастық шақта шыңдалған достықтың жібі үзілген емес. Бір-бірімізді үнемі іздеп, сағынып жүреміз. Араласып-құраласып, қуанышымызға, қол жеткен табысымызға қуана білеміз. Талай асуларды артқа тастап, 70-ке келіп қалсақ та қиналған сәттерде бір-бірімізден ақыл-кеңес сұрап, телефон шалып жатамыз. Болат болса: «Соған да миларың жетпей ме?» деп біраз ұрсып алып, ақылын айта бастайды. Біз оны түсінеміз, тыңдаймыз. Өйткені Бөкеңнің орны бөлек қой. Бала кезімізде бәріміз тайға мініп, желмен жарысып, өзімізше бәйге өткізуші едік. Сонда астымыздағы тайымыз қандай жүйрік деп таңғалатынбыз. Сөйтсек, лыпып тұрған тайдан уақыт әлдеқайда жүйрік екен. Кеше ғана тепсе темір үзетін арманшыл жігіттер едік. Бүгінде алдымыз жетпіске келіп ел ағасы атана бастадық. Кейбір замандастары сияқты Болат Мәуленов те сол жетпістің асқар биігіне шығыпты. Досымның өткен өміріне көз салсам, соңында жақсылықтың, ізгіліктің, адамгершіліктің іздері сайрап жатыр. Иә, Бөкеңе Жаратқан Ие абырой, бақыт беріп, талай-талай биіктерден көрінді. Үй салды, тал екті, ұрпақ өсірді. Ең бастысы, ешқашан да азамат деген абыройлы атқа кір келтірмеді. Таразға барғанда жолығатын ағайын-туыс, құда-жекжат, дос-жаран көп. Менің қолым қалт етіп босай қалса, Бөкеңнің үйіне қарай асығамын. Бұл досымның орны да, жөні де бөлек. Осындайда: Достарсыз бұл күнде, Күн көру мүмкін бе?! Кірлетпе достықтың терезесін... – деп шырқалатын ән шумағы тіл ұшына орала береді.

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

Алматы қаласы.

Мұз бен гүл

Осындай атаумен әріптесіміз Болат Мәуленовтің жинағы жарық көрді

Тараздық белгілі қаламгердің шығармашылық ізденістері нәтижесінде дүниеге келген бұл кітапқа әр жылдары мерзімді басылымдарда жарық көріп, оқырман жүрегінен орын алған очерктер, сұхбаттар және толғаулар жинақталған. Қазақ баспасөзінің жанрлық ерекшеліктерін сақтап, көркем тілмен жазылған шығармаларына автор өзі көзбен көріп, жүрекпен сезіп, көкейіне тоқыған дәуір шындығын арқау етеді. Кітапқа ғасыр тоғысындағы заманауи өзгерістер кезеңінің тарихы мен тағылымы арқау болады. Кітап көпшілік оқырманға арналған.