Сапа – мемлекеттік қызметшінің жаңа стилі
Сапа – мемлекеттік қызметшінің жаңа стилі
Мемлекеттік аппарат – мемлекет абыройының айнасы. Мемлекеттік қызметкер – Үкімет тарапынан бекітіліп жатқан әрбір бағдарламаның межеге жетуінің кепілі. Бүгінгі күні мемлекеттің жүргізіп отырған саясатын жергілікті жерлерде жүзеге асыратын мемлекеттік қызметкерлердің білім деңгейіне деген талап артып отыр. Жаңа кезең жағдайында мемлекеттік аппарат қалай өзгеруге тиіс? Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін түбегейлі арттыру үшін не істеу қажет? Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында осы сауалдардың нақты жауабын берді. Президент атап көрсеткендей, сапа – мемлекеттік қызметшінің жаңа стилі, ал өзін-өзі жетілдіру – оның басты қағидаты болуға тиіс. Сонда ғана жаңа формацияның кадрлары мемлекет пен қоғам арасындағы алшақтықты қысқарта алады. Бұл бағытта бүгінде елеулі шаруалар жүргізілуде. Білікті, жан-жақты және тәжірибелі мамандарды қалыптастыру шаралары мемлекеттік қызметтің мәртебесін көтере түсетіні сөзсіз. Жастардың осы салаға деген қызығушылықты арттыру, білікті мамандардың мемлекеттік қызметте тұрақтандыру мәселесі де назардан тыс қалмайды. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тарапынан еліміздегі мемлекеттік қызмет саласын жаңа деңгейге көтеру, заман талабына сәйкес нақты жүйені қалыптастыру үшін ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мемлекеттік қызметшілердің жаңа талаппен жұмыс атқаруы, сонымен қатар уақыт үнемдеуі, жұмыстан тыс өз отбасына, жеке өміріне де уақыт бөлуі басты назарға қойылып отыр. Осы мақсатта қазіргі уақытта көптеген өзгерістер мен жаңашылдықтар іске асырылуда. Соның бір дәлелі – Елбасының тапсырмасына орай, мемлекеттік органдарды оңтайландыру, мемлекеттік қызметшілердің жалақыларын жаңа факторлы-балды шкала жүйесіне көшірілуі. Бұл жаңа жүйе іске асқанда мемлекеттік қызметшілердің жалақысы едәуір көтерілетін болады. Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметшілердің жұмыс режімін бекітілген уақытқа сәйкес дұрыс қолдануына (жұмысқа уақтылы келуі, кетуі және т.б.) агенттік тарапынан қатаң түрде қадағалау жүргізілуде. Бұл тұрақты бақылауға алынып, мемлекеттік органдарда жұмыс уақыты аяқталған соң мемлекеттік қызметшілердің жұмыс орнында отыру, қалу фактілері бойынша тексерілуде. Мемлекеттік қызметші жұмыс уақыты аяқталған соң қосымша үстеме жұмыстар атқаруы үшін міндетті түрде тиісті мекеме басшысының өкімі немесе бұйрығы болуы қажет. Соған қарай үстеме жұмысқа қосымша қаражат төленуі керек немесе басқа уақытта демалыс уақыты берілуі тиіс. Ондағы мақсат – әрбір азаматтың қызметпен бірге отбасына көңіл бөлуге мүмкіндік туғызу. Үстеме жұмыстарға жол бермеу мүмкіндігін қарастыру үшін мемлекеттік органдарда жұмыс уақыты аяқталған соң компьютерлерді автоматты түрде сөндіру жүйесі (СКУД жүйесі) орнатылуда. Ал біздің аудан әкімдігінің ғимаратында мемлекеттік қызметшілердің кіріп шығуын бақылау үшін арнайы турникет құрылғысы орнатылған. Жыл басында мемлекеттік қызметшілерді конкурстық іріктеу ережесіне біршама өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналастыру барысында кандидаттарды тесттен өткізуді ұйымдастыру бағдарламасына және қағидасына, «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуына арналған конкурстарды өткізу қағидаларының кейбір тармақтарына жыл басынан бері бірқатар түзетулер жасалды. Бұрын тестілеу рәсіміне мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi органның немесе оның аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік қызметшісі, яғни тестілеу әкімшісі қатысатын. Бұл тармаққа өзгеріс енгізіліп, ағымдағы жылдың бірінші ақпанынан бастап тестті «Мемлекеттік қызметтің персоналын басқару ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының қызметшісі – тестілеу операторы алады. Тестке шынайылық деңгейін анықтауға арналған сұрақтар да қосылған. Егер оның (шынайылық) нәтижесі 50 пайыздан аз болса, үміткер тесттен өткізілмейді. Оларға 1 айдан соң сынақты қайта тапсыруға мүмкіндік беріледі. Бірінші ақпаннан бастап мемлекеттік органдар арасында конкурстар өткізу кезінде қағаз құжат айналымы алынып тасталды. Алдағы уақытта персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) үміткердің тиісті тесттерден өткендігі туралы ақпаратты «Е-қызмет» интегралды ақпараттық жүйесі арқылы алатын болады. Мемлекеттік қызметшілердің денсаулығы да басты назарда. Атап айтқанда, былтыр 29 наурызда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті мен облыс әкімдігінің деңсаулық сақтау басқармасы арасында мемлекеттiк қызметшiлерге медициналық қызмет көрсету мәселелері бойынша меморандум жасалған. Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметші өз қалаулары бойынша аудандағы медицина мекемелерін таңдау мүмкіндігіне ие болып отыр. Сонымен қатар аудан орталығында және жақын елді мекендерде мемлекеттік қызметшілердің шоғырлануы ауқымды болғандықтан, аудандық орталық емханадан арнайы қызмет көрсету кабинетін ашу мүмкіндігі де қарастырылуда. Аудандағы мемлекеттік қызметшілерге өз таңдауына қарай спорт түрлерімен шұғылдануына жағдай жасау үшін облыстағы Әдеп жөніндегі кеңестің 2018 жылғы 15 маусымдағы №3-4/21 шешіміне сәйкес, аудандағы мемлекеттік қызметшілердің спорт нысандарына қолжетімділігі қамтамасыз етілген. Жалпы, бүгінгі күнге ауданымыздағы жергілікті атқарушы органдарда мемлекеттік қызметшілердің жалпы саны 197 бірлікті құрап отыр. Мемлекеттік қызметте меритократия қағидасы жолға қойылған. Мемлекеттік қызметшіні біліміне, атқарған еңбегіне, қызметте жеткен жетістігіне, біліктілік талабына сәйкестігін ескере отырып сатылап өсуі бойынша ауданда былтыр 6 қызметкер (2017ж. 5 қызметкер) жоғары тұрған лауазымдарға тағайындалды. Ауданда кадр тұрақтылығы соңғы кезде қалыпты деңгейде. Себебі былтыр мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік қызмет жүйесінен мүлдем кетуі (таза ауысымдық) 2,04 пайызды құраса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 6,9 пайыз болатын. Кадрлардың қызметтен кетуі азайды. 2015 және 2018 жылды салыстыратын болсақ, 2015 жылы мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы 40 жасты, өткен жылы 38 жасты құрап отыр. Жастар арасында мемлекеттік қызметке деген қызығушылық бар. Соңғы кезде осы салаға жастардың көптеп келуі – соның бір дәлелі. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан мемлекеттік қызмет жүйесіне қатысты жүргізіліп отырған саясат әлемдегі дамыған елдердің тәжірибесінен алынған. Сондықтан да бұл жүйе елімізде де оң нәтижесін берері анық.
Асхат МЕДЕТБЕКОВ, аудан әкімі аппаратының басшысы, «Үздік мемлекеттік қызметші» республикалық байқауының жеңімпазы.
Меркі ауданы.