Өңірдің ғылыми әлеуеті қандай?
Өңірдің ғылыми әлеуеті қандай?
Бүгінгі таңда еліміздің, оның ішінде өңіріміздің ғылымсыз дамуын көзге елестете алмасың анық. Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері, экономиканы цифрландыру мен жаһандық бәсекеге қабілеттілік мәселелері де тікелей ғылымға байланысты. Ауыл шаруашылығы жұмыстарын аграрлық ғылыммен ұштастыра жүргізу міндеті де күн тәртібіне өткір қойылып отыр. Өңірімізде бұл тұрғыда не істелініп, не қойылды?
Облыстық статистика департаментінің мәліметтеріне сәйкес 2018 жылы облыстағы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстармен айналысатын ұйымдар мен кәсіпорындардың ішкі шығындары 731,5 миллион теңгені құрап, мұның алдындағы жылмен салыстырғанда 28,6 пайызға кемігені байқалуда. Атап айтқанда, жалпы ішкі шығындар көлеміндегі қолданбалы зерттеулердің үлесі – 74,4, іргелі зерттеулер – 5,3 және тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелер 20,3 пайызды құраған.
Ұйымдардың қызметтерін талдау нәтижесі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың басым бағытының жаратылыстану ғылымдары саласындағы зерттеулер болып табылатынын көрсетіп отыр. Олардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалған ішкі шығындары сомасындағы үлес салмағы 46,9 пайыз көлемінде. Ал жалпы зерттеулерге жұмсалған шығындар ауыл шаруашылығы саласында – 36,3, инженерлік әзірлемелер мен технологиялар ғылымдарында – 13,9, гуманитарлық ғылымдар бойынша 2,9 пайызды құраған.
Өткен жылы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстармен өңірімізде барлығы 280 адам айналысыпты. Оның ішінде 233-і – зерттеуші-мамандар. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды орындаған ғылым докторларының саны – 23, философияның PhD докторлары саны – 8, ғылым кандидаттарының саны – 101, магистрлер саны 60 бірлікті құрайды.
«Aq jol-Aqparat».