Елге қызмет еленбей қалмайды
Елге қызмет еленбей қалмайды
Наурыз айындағы үлкен жаңалықтардың бірі – облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы қызметін атқарып келген Берік Құрманғали Мемлекет басшысының Өкімімен Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы қызметіне тағайындалды. Ол облыстың ішкі саясаттағы шаруасын қолға алған тоғыз айда көптеген істер атқарды. Есімдерін ел танитын ғалымдар мен зиялылар Таразға жол салып, мамандарымызды латын әрпіне негізделген қазақ әліпбиінің қыр-сырына қанықтырса, өңіріміздегі іргелі жетістіктер республикалық БАҚ арқылы күллі қазаққа мәлім болып жатты. Алаш тақырыбы аясында атқарған ілкімді істері бір төбе. Саладағы сан түйінді проблемалардың жүйесін тауып, жұмыстың жолға қойылғанын да атап айтқанымыз жөн. Мұның бәрі Елбасы саясатын, мемлекет идеологиясын облыс жұртшылығына түсіндіруге бағытталғаны тағы анық. Ақордадағы жауапты лауазымға өңіріміздегі кадрдың таңдалғанына Әулиеата жұртшылығы қуанғанымен, әрине қимастық сезімді де бастан кешірді. Бұрнағы күні жергілікті әкімдіктің, зиялы қауымның, БАҚ өкілдері Тараз қаласындағы «Ғибрат» орталығына жиналып, Берік Уәлиұлының жаңа жұмысына сәттілік тілеп, салтанатпен шығарып салды. Алдымен көнекөз қариялардың бірі Саттар Жанабілов сөз сөйлеп, Нұр-Сұлтанға аттанған азаматымызға ақ батасын берді. Жиынға қатысқан облыс әкімі Асқар Мырзахметов Берік Құрманғалидың мемлекеттік қызметтегі іскерлігін айтып, өзі тәрбиелеген маманның биік лауазымда да зор құрметке ие болатынына сенім білдірді. «Рас, Тараз жеріне таяқ ұстап келген жан тай мініп қайтады. Алайда Берік мұнда тұлпар мініп келген. Енді тұлпарына тұлпар қоса тізгіндеп, қайтып барады. Елге жасаған қызметі еленіп, абырой шыңынан көрінуіне тілектеспіз», – деді өңір басшысы. Басқосу барысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев пен облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдазимов сөз сөйлеп, Берік Уәлиұлының иығына шапан жапты. «Берік баламыз өңірімізге қызметке келген тоғыз айда айналасына көп дүниені үйретті. Жергілікті билік пен халық арасына алтын көпір бола білді. Қарт болсақ та, әлеуметтік желінің сырына қанықтық. Оның қоғамға, халыққа пайдасын ұғындық», – деді Еркінбек Бейсенбекұлы. Жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Несіпбек Дәутайұлы мемлекетшіл азаматтың облысымызда атқарған қызметін жоғары бағалап, ішкі саясаттағы іргелі істерді ұршықша иіргенін атап өтті. «Бұл – Беріктің іскерлік тәжірибесінің, журналистикадағы иірімі мол еңбек жолының жемісі», – деп бағалады қаламгер. Басқосу барысында «облыстық кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков сөз сөйлеп, Берік Уәлиұлының табысты жұмысына бұрыннан сүйсінетіндіктерін жасырмады. Қазақстанның Еңбек Ері, «Шәушен» шаруа қожалығының төрағасы Сайрамбай Дөненбаев та ізгі тілегі мен жылы лебізін білдірді. Содан кейін ақындар Қайырбек Асанов пен Ғайни Әлімбекқызы інілеріне арнап жырдан шашу шашса, облыстық «Аq jol» газетінің бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы бастаған бір қатар БАҚ редакторлары мен журналистер қауымы іскерлік қабілетін әңгімелеп, сәттілік тіледі. Жиын соңында Берік Құрманғалидың өзі сөз сөйлеп, көпшілікке алғысын жеткізді. «Менің Әулиеата өңірінен үйренгенім көп болды. Жауапты лауазымға осы аймақтан тағайындалсам, көне шаһардың киесі, көпшіліктің батасы деп білемін. Тіпті мені Ақордадағы әріптестерім де Жамбылдан деп таниды. Өңір басшысы, ұстазым Асқар Исабекұлына шексіз алғысымды білдіремін. Туған еліме, жеріме, мемлекетіме қызмет етуден аянбаймын», – деп ағынан жарылды Берік Уәлиұлы. Асан ӘМЗЕБЕК.