Саясат

Заман талабына жауап беретін білім жүйесі қажет

Заман талабына жауап беретін білім жүйесі қажет

Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде «Digital Kazakhstan: цифрландырудың жаһандық трендтері және халықаралық тәжірибе» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Облыстық білім басқармасы мен «Кәсіпқор» холдингі» бірлесе ұйымдастырған іс-шараға аймақтың ірі кәсіпорын өкілдері, отандық және Ресей, Филиппин, Уганда, Өзбекстан, Түркияның ғалымдары, жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беретін колледждердің оқытушылары қатысты.

Жалпы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының негізгі басымдығының бірі – адами капиталды цифрлық трансформациялау екені белгілі. Ол үшін инновациялық даму институттарын құрып, білім беру жүйесін цифрлық экономиканың қажеттіліктеріне жауап беретін үздік әлемдік тәжірибеге сәйкес жаңарту қажет. Міне, осы басымдықтарды жүзеге асыру жолдарын талқылауды мақсат тұтқан конференцияда Угандадан келген, бүгінде Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі болып істейтін Виктор Аваси Қазақстанның онлайн жүйесін талқылады. 2017 жылы осы колледж бен Мәскеу энергетика институты арасында өзара әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойылған болатын. Содан бері қос оқу орны байланыстарын нығайта түскен. Аталмыш институттың жоғары оқу орнына дейінгі даярлық орталығының директоры, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Александр Анкиннің осы конференцияға арнайы келіп, Ресей Федерациясының энергетика саласын цифрландыру жайын қозғауы – соның дәлелі. Конференцияның екінші жартысы секциялық жұмыстарға арналды. Мамандар «Білім берудің халықаралық платформасы. Адами капиталды дамыту», «Smart Grid» энергетикалық жүйелерін интеллектуалдандыру», «Химиялық технология саласындағы цифрлық өзгерістер», «Көлік және логистиканы цифрландыру жағдайында кадрларды даярлау» бағыттары бойынша өзара тәжірибе алмасты. Қатысушылар баяндамашыларды тыңдап, талқылап, оның өзектілігін айқындады. Оқу орындарында цифрландырудың халықаралық тәжірибесін енгізу үшін үздік әлемдік тәжірибе негізінде оқу басылымдарын цифрландырудың бірыңғай платформасын құру қажет. Алдымен оларды интерактивті электрондық қосымшалармен қамтамасыз етуді ойластырған жөн. Ал арнайы оқу әдебиетін жасайтын сарапшылар мен мамандар ақпараттық-білім беру ортасы мен оқыту технологиясының үнемі өзгеріп отыратынын ескеріп, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің сапасын жетілдіруі керек. Конференция қатысушыларының ортақ тұжырымы осы болды. Онлайн режімде мамандар цифрландырудың тренд ретіндегі ауқымдылығы туралы айтып, IT дағдыларды оқыту және дамыту үшін өсу нүктелерін белгіледі. Сонымен қатар оқытудың жаңа тәсілдері, негізгі IT дағдылардың және болашақ кәсіптердің қажеттілігі талқыланды. Конференция соңында IT бастамаларда, стартаптар мен әзірлемелерде сандық құзыреттілікті қолдану және оларды одан әрі жүзеге асыруқажеттігі де сөз болды.

Альмира Омарова