Көштің аман жетуі – көшбасшыға жүк
Көштің аман жетуі – көшбасшыға жүк
Елбасының атын елордаға қою – ол халықтың айрықша сүйіспеншілігі мен құрметінің белгісі. Екіншіден, кім-кімге болсын үлкен жауапкершілік жүктейді. Өйткені Нұрсұлтан атауы – қазақстандық бренд. Осы атауды біздің ұрпақтарымыз – болашақ ел басқарушылары кең қолданысқа да енгізетін болады. Бұл атаудың негізі бар әрі болашақта елімізді жемісті қадамдарға да бастайды. Астана елорда атауын алған уақыттан бастап еліміздің басты қаласына айналды. Айрықша маңызға ие саяси шешімдердің қабылдануы, үнемі ілгерілеуге ұмтылу, айтулы бастамалар мен жоғары жетістіктер де оның атауымен тығыз байланысты. Жиырма жыл ішінде Елбасы тарапынан басты стратегиялық шешімдер осы бас шаһарымыздың төрінде қабылданды. Ал ендігі жерде атауын өзгерте отырып, елордамыздың маңызы одан әрі тереңдей түспек. Бұл атаудың әрбір сөзінің өзіндік терминологиялық терең мағынасы бар. «Нұр», «Сұлтан» ұғымдары қазақ халқы үшін үлкен мағына мен мәнге ие. Сондықтан мен елордамыз бен еліміздегі облыс орталықтарының басты көшелеріне Елбасының есімі берілуін әбден қолдаймын. Нұрсұлтан Әбішұлының елге сіңірген еңбегі орасан зор. Ол мұндай құрметке лайық деп санаймын. Тәуелсіздіктің ұлы жолы мәңгі болуы тиіс. Біздің басты мақсатымыз – Елбасы төңірегіне топтасып, ең қымбат қазынамыз тәуелсіздікті көзіміздің қарашығындай сақтап, оны жаңа буын ұрпақтарымызға аманаттап, Мәңгілік Ел құндылықтарын қастерлеу. Тәуелсіздік біздің ең басты ұйыстырушы құндылығымыз болған, қазір де солай және болашақта да солай болып қала бермек. «Даудың дұрыс шешімі – шешенге жүк, көштің аман жетуі – көсемге жүк» демекші, біз егемендікке қол жеткізген ширек ғасырдан астам уақыт ішінде небір қиындықтар мен бұралаңы мол өткелдерден аман-сау өттік. Бұл айсеркедей топ бастаған ҚР Тұңғыш Президентінің сарабдал саясаты мен ерен еңбегінің арқасында мүмкін болды. Іргетасын өз қолымен қалап, тақыр жерде қала тұрғызған, батпақты жерді жасыл желекке бөлеген еңбегінің жемісі – Сарыарқа төріндегі әсем Астана осы сөзіміздің нақты айғағындай. Енді өз бөбегіндей өбектей күтіп, бүгінгідей күйге жеткізген осынау бас шаһарымызға есімін беріп, «Нұр-Сұлтан» деп атасақ, оған ешкім де қарсы болмайды деген ойдамыз. Еліміздегі бейбіт тұрақтылықты қамтамасыз етіп, дамуға даңғыл жол ашқан Елбасының құрметіне Астананы Нұр-Сұлтан қаласы деп атау әбден орынды. Қазақстан өзінің егемендігін жариялаған тұстағы тоқыраудың көп өтпей-ақ көбесі сөгіліп, небәрі ширек ғасырдан астам уақыт ішінде біршама дамыған, кедейшілік пен сауатсыздық мәселесі едәуір кеміген, өз шекарасы, өз Астанасы бар, бақытты да бақуатты елге айналдық. Өзге мемлекеттер қызыға қарайтын, дипломатиялық қатынас орнатуға айрықша қызығушылық танытатын мемлекет құрған болсақ, бұл да Тұңғыш Президентіміздің еңбегінің арқасы. Бұл тарихта таңбаланып қалар айтулы оқиға деп білемін. Тек біз ғана емес, біздің болашақ ұрпақтарымыздың да «Нұр-Сұлтан» Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салған қаласы екенін біліп, тарихты тереңдеп танып өскенін құптағанымыз жөн. Тәуелсіздіктің жемісіне айналған бүгінгі Астана – арман қала! Алғашқы күннен бастап-ақ Елбасымыз қаланың көркейіп, атына лайық болуына назар аударды, қалалардың қаласына айналатынына зор сенім артты, осы жолда қаншама еңбек жасалды. Соның бәрі ақталды деген ойдамын. Бүгін елордамызда әлем көз тіккен, қызыға қарайтын үлкен шаралар ұйымдастырылуда. Жеріміз гүлдене берсін, еліміз аман болсын!
Ілия ТОРТАЕВ, аудандық мәслихаттың депутаты.
Шу ауданы.