«Жыл басы» күніндегі қуаныш
«Жыл басы» күніндегі қуаныш
Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты қайта жасақталған №1 әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында осындай атаумен мерекелік шара өтті. Жиынды аталған орталықтың директоры Гүлжаухар Құшанова сөз сөйлеп ашып, Ұлыстың ұлы күнінің мәніне тоқталып, көпшілікті мерекелерімен құттықтады. Мұнан соң концерттік бағдарлама жұртшылық назарына ұсынылды. Облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі Әріпбай Мұсапанов басқаратын «Мерей» тобы, облыстық филармонияның әншісі Жанна Асанқұлова әсем әннен шашу шашып, шараның сәнін кіргізді. Кейіннен аталған орталықтың қызметкерлері мен қызмет алушылары қазақтың «Тұсаукесер», «Бесікке салу» салт-дәстүрінен көріністер қойып, өнерлерін көрсетті. Орталықтың музыка жетекшісі Жамбыл Рысбаев әннен шашу шашса, қызмет алушылар Татьяна Шумилова мен Николай Чистиков әсем әнді қалықтатты. Өзге қызмет алушылар да мерекеге өз үлестерін қосты. Александр Корпинский өз өлеңін оқыса, Владимир Гришин мен Валентин Джоржиев екі дауыста қосылып ән салды. Орталықтың қызметкерлерінен және қызмет алушыларынан құралған хордың орындауында бірнеше ән шарықтады. Қызмет алушы, ағаш ұстасы Анатолий Лесновтың өз қолымен жасаған қолөнер бұйымдары да қонақтар назарына ұсынылды. Мерекелік шараның соңында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, облыстық билер алқасының төрағасы Оңдасын Есіркепов, Тараз қаласының Құрметті азаматы Күләш Назарбекова құттықтау сөз сөйлеп, жиынның өте жоғары деңгейде өткенін айтты. Жиын соңында облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Тимуржан Нұрымбетов аталған орталықтың ұжымына және қонақтарға алғысын білдірді.
Есет ДОСАЛЫ