Әлеумет

Ақынын ардақтаған ел азбайды

Ақынын ардақтаған ел азбайды

 width=Айтыстың ақтаңгері Әзімбек Жанқұлиевты жерлестері еске алды

Қазақ айтысы артында мол мұрасы қалған таланттарға кенде емес. Айтыс өнерінде өзіндің орнын ойып тұрып алған майталмандардың бірі Әзімбек Жанқұлиев еді. Әзекең 1983 жылы соғыс жүріп жатқан Ауғанстаннан оралысымен автоматын домбыраға алмастырып, айтыс додасында ерекше қабілетімен жарқ ете қалған болатын. Алайда маңдайға жазғаннан ешкім оза алмайды. Ғұмыры келте болған Әзекеңнің өлеңдері халқының жүрегін әлдилеп келеді. Сарыкемерде Әзімбек Жанқұлиев атындағы көше бар. Шахан ауылындағы мектепке де аяулы ақынның есімі берілген. Ә.Жанқұлиевты еске алуға арналған айтыс осымен Сарыкемерде бесінші рет өткізіліп отыр. Бұл жолы облыстың таңдаулы 20 айтыскері сынға түсті. Шараны аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов сөз сөйлеп ашып, айтыскерлерге сәттілік тіледі. Сондай-ақ ол Әзімбектің апасы Күләндаға, ағасы Алтынбекке құрмет көрсетті. Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Зүбайра Сембина айтыскерлерге абырой тілесе, «Ауған соғысы ардагерлері» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Дүкенбай Ермеков Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына орай Алтынбек Жанқұлиевты мерекелік медальмен марапаттады. Қазылардың құрамында мәдениет саласының үздігі Әлібек Әмзеұлы, облыстық «Аq jol» газетінің бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы, Жамбыл атындағы «Руханият» орталығының жетекшісі Ахметжан Өзбеков, ақын Қасқырбай Нарбатыр болды. Мұнан соң өнер додасы таластық Есет Досалы мен байзақтық Ернұр Бейсеновтің арасындағы айтыспен басталып кетті. «Сөз бастау – қиын» демекші, алғашқы жұптағы жыр сайысының сәтті шыға бермейтіні белгілі. Дегенмен «Жаһанға аты кеткен Әзімбекті, Шаханның сағынады сары белі» деп жырлаған Талас ауданынан келген айтыскердің де, «Тауықтың асқазаны тас қорытса да, бәрібір тырнағымен тас жармайды» деген Ернұрдың да өнерге деген құрметтері байқалды. Екінші жұпта өнер көрсеткен құландық Асхат Қылышбек пен сарысулық Алик Бекмұсаевтың сөз сайысына да көпшіліктің қошеметі ерекше болды. Әсіресе ұдайы бабында жүретін Асхаттың Ауғанстаннан Кеңес әскерінің шығарылғанына 30 жыл толуын бүгінгі бейбіт күнмен байланыстырып жырлағаны көңілге қонды. Байзақтың қос ақыны Дидар Басықараев пен Сәбит Ысқақовтың айтысы жұртты жалықтыра қойған жоқ. Анасының жолын қуған Сәбит те, әкеден дарыған өнерді қастерлеген Дидар да аянып қалмады. Жезде мен қайын айтысын қыздырған Дархан Әбдіманат пен Бақытжан Әкімбаевтың өнері көрермен тарапынан жоғары бағаланды. Жуалылық Қанат Мырзахан мен сарыкемерлік Алтынкүл Қасымбекова арасындағы сөз сайысы жұртқа айрықша ұнады. «Бұл Байзақта егіз ұл туса егер, болады бірі – ақын, бірі – батыр» немесе «Алтеке, қарсыласты таптап жібер, Әзімбектің Ауғандағы танкісіндей» деп жырлаған Қанаттың шеберлігінің шыңдалғанына ешкім күмән келтірмеді. Алтынкүлдің әдемі айтыс жасағанынан бөлек, осы жыр додасын ұйымдастырудағы еңбегін ерекше айтқанымыз жөн. Меркілік Мейіржан Жекебаев пен байзақтық Бүдайда Будаева жеңге мен қайын айтысын жасауға талпынды. Қордайлық Күміскүл Сәрсенбаева мен байзақтық Рай Дөңбайдың сөз сайысынан да жұрт бір серпіліп қалды. Жамбыл ауданының ақыны Нұрлыбек Құрманов пен шулық Нұрлан Жұмабеков нағыз шаппа-шап айтыстың үлгісін көрсетті. Нұрлан «Қылыштан өткір қызыл тіл, қайраулы тұр қынында. Қасқырдың да баласы қасқыр болып туады, қой терісін жамылмас. Сондықтан сені жеңемін, тілім менің жаңылмас» деп жырласа, оған Нұрлыбек: «Келінінен жеңілген енелер бар, оларға бір ауыз сөз айта алмайтын. Ұрпағынан жеңілген аталар бар, Қарттар үйіне апарса қайта алмайтын. Осыларды алдымен жеңбей тұрып, сен мені жеңемін деп айта алмайсың» деп жауап берді. «Қашанда батыр елден бақ таймаған» деп сөз бастаған байзақтық Әсет Дүйсебаев пен жуалылық Әуесхан Үркімбаев, шулық Базарбай Асқаров пен байзақтық Ертай Тазабеков те елдің ықыласына бөленді. Қазылардың шешімімен ақтық сынға Асхат Қылышбек пен Әсет Дүйсебаев, Алтынкүл Қасымбекова мен Нұрлыбек Құрманов, Қанат Мырзахан мен Дархан Әбдіманат шықты. Айтыстың бас жүлдесіне жуалылық Қанат Мырзахан ие болса, бірінші жүлдеге Дархан Әбдіманат лайық деп танылды. Екі екінші жүлде Әсет Дүйсебаев пен Нұрлыбек Құрмановқа, үшінші жүлде Алтынкүл Қасымбекова мен Асхат Қылышбекке бұйырды. Әзімбек Жанқұлиев атындағы жүлде Рай Дөңбайға, «Көрермен көзайымы» жүлдесі Күміскүл Сәрсенбаеваға берілді. Осылайша, ғажайып ақынға арналған айтыс өз мәресіне жетті. Алайда кейбір жүлде алған ақындардың бұрынғы айтыстарда айтқан шумақтарын қайта-қайта қайталағаны көңілімізге қонбады. «Туған күні болғанмен ақындардың, болмайды ешқашан да өлген күні», «Бір әйел тууыңа себеп болса, бір әйел өлуіңе себеп болар», «Бұл қазаққа бірдеңе болу үшін, әйтеуір бір жеріміз қышу керек» деген шумақтардың осымен оншақты рет қайталанғаны ойландырады. Келешекте осындай олқылық болмаса екен деген тілегіміз бар.

Е.Жаңабайұлы.

Байзақ ауданы.