Қоғам

Азаттық таңындағы алғашқы мереке

Азаттық таңындағы алғашқы мереке

1992 жыл. Тәуелсіз ел атанғанымызға аз-ақ уақыт өтен. Төңіректі көктем жылылығымен жібітіп, Наурыз мерекесі келе жатты. Бұл егемен елдің алғашқы Наурызы болатын. Сол тарихи Наурыз біздің Ойық ауылында да кеңінен тойланып еді. Алдымен стадионға ақшаңқан киіз үйлер тігілді. Ұзын саны 30-40 үй. Ол кезде кеңшар тарқамаған. Оған қарайтын 6 елді мекен, 6 ферма бар. Елді мекендер арасында жарыс өтіп, кәдімгідей мереке қызған. Ол кезде ұзақ жыл кеңшар басқарған, ауданда жауапты қызметтер атқарған ауылдың абыз ақсақалы Сейілбек Әбдиев, айтыс ақыны Несіпбай Досалыұлы деген қадірлі кісілер ортамызда. Сейілбек толғанып сөйлеп, елдің назарын аударған. Несіпбайдың көпшілікке айтқан арнау өлеңі де күні бүгінге дейін құлағымызда. «Бұлбұлымның» әніне салып, шырқап қоя берген еді. Стадионға тұрғындар көп жиналды. Халықтың Наурызды, қазақы құндылықтарымызды сағынғанын сол кезде сезіндік. Алты елді мекеннің жарысында өнердің бірнеше түрі, қазақтың салт-дәстүрі қамтылды. «Бесікке салу», «Тұсаукесер», «Селт еткізер», «Беташар», «Қыз ұзату», «Балаға ат қою», «Сүндетке отырғызу» секілді жоралғылардың бәрі ретімен көрсетіліп, халықтың санасында жаңғырды. Түрлі сахналық көріністер де жүректерге жетті. Сахнада күй күмбірлеп, ән қалықтады. Сәкен Батырбеков, Сәрсенбек Бәкір, Шыңғыс Әбілжан секілді өнерпаздар мерекелік концертті ұйымдастырып, Наурыз тойының бел ортасында жүрді. Халық сол күні керемет әсерге бөленді. Жасы үлкендер киіз үйлерге қонақ болып, ыстық бауырсақтан, наурыз көжеден, қымыз, шұбаттан дәм татты. Ақсақалдар елдің амандығын, халықтың бірлігін тілеп, бата берді. Бірнеше жұп құралып, ақындар айтысы да өткен. Ақшеке Рахышев айтыста жеңімпаз атанып еді. Ұлттық құндылықтарымыз оралып, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей күй кештік. Ол кезде орта жастан асқан жігіт ағасы едім. Қазір 80 жасқа жақындаған қариямын. Сол алғашқы наурызда арқан тарту, қыз қуу, көкпар, теңге ілу, қазақша күрес секілді ұлттық ойындар да жалғасын тапты. Әйелдер күресі де қызықты өтті. Енді әйелдер арасында жүгіруден жарыс өтпекші болды. Тұрсынбай деген тілі удай ащы жездеміз бар еді. Сол кісінің үйіндегі Тәттікүл әпкеміз келбеті келіскен кісі болатын. Тәттікүл әпкем әйелдер арасында жүгіруден жарысқа түсіп, бірінші орын алды. Аяқ-қолы жеңіл, жылдам кісі. Жылдамдықтың пайдасын көрді. Ауылдағы алғашқы Наурыз күні кешегідей есімде. Содан бері 27 жыл өтіпті. Содан бері жылда Наурыз тойы тойланады. Былтырдан бері тоғыз күн бойы аталып келеді. Мұндай он күнге жуық уақыт тойлау мен ес білгелі болған емес. Алайда қазақтың Наурызын дәл осылай тойлағанымыз жарасып тұр. Ақ мол болсын, Ұлыс оң болсын. Ауылдарымыз гүлдене берсін!

Бейсетай ШАХАНОВ, зейнеткер.

Талас ауданы.