Саясат

Асығы алшысынан түскен елденбіз...

Асығы алшысынан түскен елденбіз...

Расында да оқу, білім жоқ бағзы кездердің өзінде Ұлы Дала Елінің өрендері халықтық тәліммен өсіп- жетіліп, кемелденген. Халықтық тәлім дегеніміздің өзі бір ұлы мектеп болды. Жұлдызға қарап бағыт-бағдарды болжау, таңнан-таңға талмай жыр-қиссаларды жатқа айту, үлкенге ізет таныту, кішіге қамқор болу секілді тұтас халықтың зейін-зердесі, ақыл-ойының, тәрбиесінің тегершігіне, арқау-тініне де айналды ол. «Ұлы Дала Елінің жеті қыры» атты бағдарламалық мақалада ата-бабаларымыздың таңғажайып қабілеттілікке ие болғаны, бағзы кездердің өзінде техникалық ілгерілеуге, өркениеттік өрлеуге қол жеткізе алғаны тәптіштей баяндалып, бұл тұрғыда алдағы уақытта атқарылуға тиіс бірқатар міндеттер де алға қойылды. Осыған байланысты Елбасымыз өзінің бұдан бұрын жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында да «Халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын», деп атап көрсеткені баршаға мәлім. Тұтастай алғанда, мәселенің тәрбиені мектепке дейінгі кезеңнен бастап қолға алып, өскелең ұрпақты ұлттық мұраларымыздан мол сусындатып, болмысы мен ой-өрісінің дамуын халқымыздың дәстүрлі ұлттық ойындары мен спорт түрлерімен бекемдеуімізге де тікелей байланысы бар. Халықтың жады жаңғыртылуда ұлттық кодымыз асқақтай түсуі тиіс. Осы орайда қазақ елінің ежелгі дәстүр, тарихымен өзектес асық ойыны жас ұрпаққа дұрыс тәрбие беруге, олардың дене қимылы мен ұлттық ой-санасының дамуын қамтамасыз етуге бағытталған халық тәлімінің жемісті жетістіктерінің бірі дер едік. Ол мектепке дейінгі кезеңнің өзінде-ақ бала бойында ұлттық бірегейліктің қалыптасып, өзгеше кемелденуіне де септеседі. Ұлттық салт-дәстүрлеріміздегі тәрбие тағылымын осылай жаңғырта аламыз. Әуел бастан ұрпақ тәрбиесіне аса зор мән берген қазақ елі асық ойыны арқылы бала бойында мергендік, ептілік, жылдамдық, байқампаздық, сабырлылық, ұстамдылық, жылдам шешім қабылдау, санау, реттеу, топтау қасиеттерін жақсы дамытумен қатар, көз жанарын жетілдіруге мейлінше күш салып, жастайынан ақыл-ой, адамгершілік, дене қимылы, еңбек, эстетика т.б тәрбие түрлерімен қамтып отырғаны белгілі. Асықтың атып ойнайтын түрлері үнемі қимыл-қозғалысты қажет ететіндіктен, денені қыздырып, бойдағы қан айналымын жақсартады. Үнемі отырып-тұру, жүрелей отыру, тізені жартылай бүгу, жиырылу, ширығу адам денесін шынықтырып, аяқ-қолдағы буын ауруларының да алдын алады. Қазақ елінің жаратылысында асық ойынының генезисі халықтың мал шаруашылығымен айналысып, малға қатысты мән-жайдың бәрін толық білуінен барып пайда болған. Өмір сүру салтымызда, әдет-ғұрпымызда төрт түлік малға байланысты наным-сенімдеріміз, ырым-тыйымдарымыз санамызға берік ұялап қалуында да асықтың өзіндік үлесі мол-ақ. Ата-бабаларымыз бір ғана асыққа қатысты қаншама атауларды, ұғым-түсініктерді, таным мен пайымдарды қалыптастырып, дамытты десеңізші! Бәрі де асықты қастерлеуден. Қазақта «Асығың алшысынан түссін» деген бата-тілек те бар. Бұл да тәрбие. Адамгершілік тәрбиесі. Жалпы, халқымыз өзінің наным-сеніміне сай асықты өмірге ұл бала келсін деген ниетпен арнайы дорбалап жинайтын болған. Уақыттың алмасып, өмірдің өзгеруіне байланысты халық ішінде бақсы-балгерлер де асық арқылы болашаққа болжам жасағанын жұртшылық жоққа шығара қоймас. Ал бүгінде осынау дәстүрлі асық ойынын жарыс не жаттығу өткізуге арналған орындарды талғамай-ақ, үй ішінде, ашық алаңдарда, оқу орындары мен мектептің спорт кешендерінде, балабақша бөлмесінде де өткізе беруге болады. Ендеше, тарихымыздың бөлінбес бөлшегіне, халықтың тәлім-тәрбие көзіне айналып үлгерген, жылдың кез келген мезгілінде, кез келген жастағы адамдардың ойнауына да болатын асық ойынын күнделікті өмірімізден сызып тастаудың еш қисыны жоқ. Керісінше жаңаша жаңғыртуға тиіспіз. Тарихи деректерде ежелгі түркілердің арасында кеңінен тараған асықты «астролог», ал ежелгі Грекияда «талус» деп атап, салт-дәстүрлерінің арқау-тіні етіп өргені туралы жазылған. Негізінен бұл басқаның емес, біздің ұлттық ойынымыз екені бесенеден белгілі. Оны дәлелдеу де көп еңбекті қажет ете қоймас. Дейтұрғанмен бүгінде ол Орта Азия халықтары, оның ішінде түркі тілдес ұлттар арасында әлі күнге дейін танымал спорт түрлерінің бірі саналады. Осы ретте құрамында университетіміздің дене шынықтыру кафедрасының доценттері Бекболат Аманжолұлы, Жамбыл Елемесұлы, Дархан Ізтілеуұлы бар «үштіктің» («ҮшБас» аталуы да содан) бірлесе еңбектенуі мен ізденісінің нәтижесінде дүниеге келген спорттық асық ойынының жаңаша жаңғыртылған нұсқасын айрықша атап өтуге тиіспіз. Оның ерекшелігі – асық ойынында далалық (алаңдық) немесе үйішілік (тақталық) деп жер талғап жатпай-ақ, жыл атауларына байланысты 12 қой асығы, қазақ үшін қасиетті санның құрметіне 3 қызыл түсті (хан белгісі) сақа және көтеріп жүруге ыңғайлы, көп жер алмайтын жиналмалы тақта қолданылуымен арнайы үстел үстінде бар болғаны 8-10 шаршы метр аумақта ойнауға арналған ойын түрінде қарастырылуында. Бұл тақтаның қаптамасы да қазақы қоржынға ұқсас. Жаңғыртылған ұлттық асық ойынының ереже, шарттары да жасалып, бекітіліп отыр. Оған қатысатын ойыншылардың жас ерекшеліктері мен ату өлшемдері де қатаң ескеріледі. Атап айтқанда, 6 жастан 10 жасқа дейінгілер – 1, 11 жастан 16 жасқа дейінгілер – 2, 17 жастан жоғарылар 3 метр қашықтықтан асық атуға тиіс. Олардың әрқайсысына үш атыстан кезек беріледі. Ойынды тек төреші ғана басқарады. Көнге жалпы 12 асық (алшы немесе тәйке) бір қатарға тізіледі, тігіледі. Ойынды 3 атыс кезінде асықтар торға түсуі керек, ал сақаның қайда, қалай жатуы міндетті емес. Тек асықтың торға түсуі ғана есепке алынады. «ҮшБас» спорттық асық ойынын ересектердің де, жасөспірімдер мен жастардың да ойнауына болады. Бұл ойынның адам денсаулығы нығайтылуындағы мәні мен маңызы мынада: ойын барысында жүгіресің, секіресің, көздейсің, тигізесің, жеңесің, жеңілесің, ұтыласың, ұтасың. Міне, атадан-балаға мұра болып бүгінге жеткен ұлттық ойынымыздың кереметтігі де осында деп санаймыз. Бильярд ойынына деген қызығушылық қандай болса, «ҮшБас» асық ойынының да сондай болуына қол жеткізе алсақ, қанеки! Ұлттық ойынымызды ұлықтап, ұрпаққа үлгі етудің мезгілі жеткен секілді. Бұл тұрғыда Елбасының «Ұлы Дала Елінің жеті қыры» атты еңбегінде алға қойылған міндеттерді нақты іс жүзіне асырып жатқан тәлімгерлер тобының тағылымды ісі шын мәнінде де атап өтуге, қолдауға тұрарлықтай деген ойдамыз. Ұлы Дала Елінің ұлағаттары әлі де талай жылдар бойы ұрпаққа, ұлтқа қызмет ете беретініне бек сенімдіміз.

Жанар БЕКБЕРГЕНОВА, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың аға оқытушысы, педагогика және психология магистрі.