Әлеумет

Баптай білсең, жер жомарт

Баптай білсең, жер жомарт

Көктемгі егіс-дала жұмыстары басталғалы біраз уақыт болды. Несібесін жерден терген диқан қауымында дамыл жоқ. Бүгінгі таңда барлық ауылдық округтің егістік алқаптарында дән себілуде. Бұған біз Қарасу және Қаракемер ауылдық округтерінде болған кезімізде анық көз жеткізген едік. Ауданда алғаш болып арпа еккендердің бірі – «Ордахан» шаруа қожалығы. Шаруашылық басшысы Исағали Қайырбековтің айтуынша, бүгінде 750 гектардан астам алқапқа арпа егілген. Науқанды іске 20 адам, 10 техника күші жұмылдырылып отыр. Ал «Пионер» өндірістік кооперативінде алдын ала 124 гектар жер жыртылып, дайындалған. Алқап басында жүрген өндірістік кооперативтің бас агрономы Алиомар Есенамановты әңгімеге тартқан едік. – Жалпы айдалып өңделген жер көлемі – 224 гектар. Оның 124 гектарына арпа тұқымын себеміз. Жұмыс күші де, тұқым да, техникамыз да жеткілікті. Бүгінде 15 адам жұмыс істеуде. Арпа егуді де бастап кеттік. Бір апта ішінде аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз, – деді ол өз сөзінде. Көктемгі егіс-дала жұмыстарымен танысу барысында аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Еркебай Рсалиевтен де сұхбат алдық. «Ауданда егіс науқаны қарқын алу үстінде. Осы жылдың өнімі үшін былтырғы күз айында 25000 гектар, биыл көктемде 4000 гектар жер айдалып, өңделді. Қазіргі уақытта аудан бойынша 3210 гектарға арпа, 510 гектарға көкөніс, 320 гектарға көпжылдық шөп егілген. Егін егуге 398 техника күші жұмылдырылып отыр. Көктемгі егіс-дала жұмыстары жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда», – деді ол.

Дүйсенбек ОРМАНОВ, журналист.

Жамбыл ауданы.