Экономика

Аграрлы сала серпінді даму үстінде

Аграрлы сала серпінді даму үстінде

Елбасының былтырғы жылдың 5 қазанындағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін көтеру керектігі ерекше атап көрсетілгені белгілі. Сондай-ақ осы Жолдауда еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есеге көбейту міндеті алға қойылып отыр. Бұл аграршылар арасында зор серпіліс туындатып, оларды жаңа жетістіктерге жігерлендіруде. Жалпы ауыл шаруашылығы – ел экономикасын алға сүйрейтін жетекші саланың бірі ретінде айрықша қолдауға ие. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімділікпен жүзеге асырылуы нәтижесінде аграрлық сектор қарқынды даму үстінде. Бүгінде салаға жаңа технологиялар көптеп енгізіліп, еңбек өнімділігін арттыруға батыл бетбұрыстар жасалуда. Ең бастысы, сырттан біреу әкеліп береді деп текке қарап отырмай, өзімізді-өзіміз жергілікті жерде өндірілер сапалы әрі экологиялық тұрғыда таза азық-түлік өнімдерімен жеткілікті қамтамасыз ете бастадық. Жамбылдық ауыл шаруашылығы еңбеккерлері де жыл сайын ерен табыстарға қол жеткізумен келеді. Мәселен, өткен жылы ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатына 20,1 миллиард теңге бөлінсе, биылғы жылға 19,6 миллиард теңге қарастырылып отыр. Болжам бойынша бөлінетін қаржы 21 миллиард теңгені құрайды деп жоспарланған. Бұл өз кезегінде шаруалардың жұмысын жүйелі жолға қоюына үлкен серпін берері анық. Өткен жылы өңіріміз бойынша өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы сомасы 266,1 миллиард теңгені құрады. Соның нәтижесінде жоспарымыз 106,1 пайызға орындалып, облысымыз республика бойынша үшінші орынды иеленген-ді. Ал мал шаруашылығы саласында 120 160,2 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Бұл тұрғыда өңірлер арасында төртінші орындамыз. Сонымен қатар негізгі қорға салынған инвестиция көлемі 23,4 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 129,6 пайызға артық орындалып отыр. Сол сияқты тамақ өнімдері өндірісінің негізгі қорына 5,9 миллиард теңге инвестиция құйылып, жоспардың орындалуы 104,5 пайызға көтерілді. Еңбек өнімділігі 2017 жылмен салыстырғанда 1 адамға шаққанда 644,7 мың теңгеден айналып, бұл көрсеткіштің де 104,9 пайызға артуына қол жеткізілді. Жолдауда атап көрсетілгендей, мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын елімізге заманауи агротехникаларды ауқымды түрде тартуға бағыттау қажет-ақ. Шаруалар үшін, әсіресе «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасының тиімділігі мол. Сондықтан да аталған бағдарламаның қолданылу мерзімінің 2025 жылға дейін ұзартылғанына біз де қолдау білдіреміз. Бұл – өте маңызды шара. Бүгінгі күнге дейін бағдарламаның игілігін облыс агрокешен еңбеккерлері де көрудей-ақ көріп келеді. Соның нәтижесінде өңірдегі мүйізді ірі қара саны 396,2 мың басқа жетіп, алдыңғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10,3 пайызға артып отыр. Қой мен ешкі саны 2 миллион 788,3 мың басты құрап, 6,8, жылқы – 9,5, түйе – 7,2, құс 35,7 пайызға артқан. Ет өндіру көлемі де 5,1 пайызға көтеріліп, 128,2 мың тонна өнім дайындалып, өткерілген. Сүт өндіру 2,9 пайызға өсті. Өңдеу кәсіпорындарына 312,3 мың тонна сүт өткізілуі соның бір жарқын мысалындай. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырмасына сәйкес есепті кезеңде 1 014 тонна сиыр еті, 1 659 тонна қой еті экспортқа шығарылды. Осылайша бұл тұрғыдағы көрсеткіштер тиісінше 101,4 және 110,6 пайызға орындалып отыр. Яғни қой етін ет комбинаттарына өткізу мен бордақылау алаңдарының жұмысын оңтайландыру шараларының жүзеге асырылуына байланысты 2017 жылмен салыстырғанда сиыр еті – 8,9, қой еті 5 есе артық экспортталды. Осы орайда республика бойынша 3800 тонна қой еті шетелге шығарылса, оның 43,6 пайызы біздің облысқа тиесілі екенін де атап өткеніміз жөн. Ал биыл 1,5 мың тонна сиыр етін, 2000 мың тонна қой етін экспортқа шығару жоспарлануда. Ағымдағы жылдың алғашқы айында-ақ ауылдық тауар өндірушілер 12,5 тонна ет өнімін шетел асырып та үлгерді, оның 11,2 тоннасы – қой еті. Былтыр Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті қолдаудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының екінші бағыты бойынша 4 миллиард 111,0 миллион теңге бөлініп, ол қаржы институттары тарапынан игерілді. Атап айтсақ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-нан 703 адам 2 миллиард 766,6 миллион теңге, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-нан 300 азамат 1 миллиард 344,4 миллион теңге көлемінде несие алып, жұмыс істеуде. Сондай-ақ республикалық бюджеттен бөлінген 4 миллиард 111,0 миллион теңге толықтай игеріліп, 1003 адам шағын несиеге қол жеткізді. Сонымен қатар «ҚазАгроГарант» АҚ-на ұсынылған мүліктерге кепілдік беру мақсатында жергілікті бюджеттен 32,5 миллион теңгеге 52 өтінім қабылданып, бұл қаражат та толық көлемінде игерілді. Микроқаржы ұйымдарының операциялық шығыстарын субсидиялауға 2 өтінім қабылданып, бұл мақсатқа 16,7 миллион теңге бөлініп, игерілді. Биыл Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті қолдаудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының екінші бағыты бойынша 4 миллиард 111,0 миллион теңге бөлініп, 782 адамға несие беру жоспарлануда. Бюджеттік бағдарлама бойынша 2019 жылға Қаржы және Ауыл шаруашылығы министрліктері мен облыс әкімдігі арасында кредиттік үшжақты келісімшарт жасалуы рәсімделуде. Жалпы өткен жылы құны 12,4 миллиард теңгені құрайтын 14 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 515 жаңа жұмыс орны ашылды. Қорыта айтқанда, өңіріміздегі ауыл шаруашылығы саласының бүгінгі беталысы жаман емес. Мұның бәрі Елбасы Жолдауында алға қойылған міндеттердің мүлтіксіз орындалуының, Үкімет тарапынан көрсетіліп отырған көмек пен қамқорлықтың жылдан-жылға артуының арқасында мүмкін болып отыр деп сеніммен айта аламыз. Берік НЫҒМАШЕВ, облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы.

Тараз қаласы.