Экономика

Егін ексең, ебін тап!

Егін ексең, ебін тап!

Жерге тұқымды сеуіп тастап, күзде «қарық боламын, мол өнім аламын» деу бос қиял. Жер-анаға да, себілген егіске де ең алдымен күтім, бап қажет. Тұқым сеппес бұрын жерді дайындауға жауапкершілікпен қараған абзал. Әрі тұқымның сапасы да назардан тыс қалмағаны жөн. Егер тұқым себу кезінде агротехникалық барлық талаптар сақталар болса, диқанның төккен тері ақталары анық. Жылда көктемгі егіс алдында «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» облыстық филиалының мамандары жаздық арпа, ал күзде күздік бидай дақылдарының тұқымдарына фитопатологиялық сараптама жүргізеді. Бұл жұмыстардың маңыздылығы – тұқымның өнгіштігі, онда ауру қоздырғыш саңырауқұлақтардың бар-жоғы анықталатындығында. Бүгінгі таңда аудандарда себілетін жаздық арпа дақылының фитопатологиялық сараптамалары алыну үстінде. Сараптама нәтижесінде тұқым материалдарында гельминтоспориоз, фузариоз, пеницилиум, мукор сияқты аурулардың қоздырғыш саңырауқұлақтары бары анықталып отыр. Олардың өнгіштігі 85-90 пайызды құрайды. Алдағы уақытта одан алынған тұқымдықты келесі науқан кезінде өңдемей себер болса, жоғарыда аталған аурулардың белгілері қайта пайда болуы мүмкін. Сонымен қатар мұның соңы жаздық арпада қатты, тозаңды, қара күйе, қастауыш (спорынья) сияқты аурулардың артуына әкеп соқтырады. Бір жағы егістік жиектеріндегі арамшөптерде ауру қоздырғыш саңырауқұлақтары сақталып, ол желмен, сумен, құрт-құмырсқамен дақылға жұғады. Зерттеу нәтижелері ауруға шалдыққан тұқымның өнімділігі 20 пайызға дейін төмендейтінін көрсетуде. Ауруға шалдыққан және ескірген тұқымның жақсы өнім бермесі анық. Бірақ бұған соншалықты мән беріп жатқан шаруашылықтар саны көп те емес. Бір еккенін жылда қайталап сеуіп жатқандары да баршылық. Мұндай тұқым бірінші кезекте өнгіштігін жоғалтып, түрлі өсімдік ауруларына төзімсіз келеді. Сондықтан да мол өнім алғысы келген әрбір диқан ең алдымен тұқым сапасына мән беруі қажет. Тұқымды кез келген жерден ала салмай, арнайы элиталы тұқым дайындап отырған шаруашылықтардан, ғылыми-зерттеу мекемелерінде сынақтан өткен, мемлекеттік стандарттарға сәйкес құжаттары бар орындардан алғаны жөн. Аталған мекемелердің басты мақсаты жоғары сапалы, мол өнім беретін, жергілікті жердің жағдайларына төзімді тұқымдарды өндіру болып табылады. Олардың тұқымдары жоғары сұрыпты және егіндік қасиетке ие, яғни тұқымдар тез өніп, біркелкі және қуатты өскіндер береді. Мұндай өсімдіктер қолайсыз ауа райы жағдайына және түрлі ауруларға төзімдірек келеді, өнімділігі жоғары болып, шығын азаяды. Жоғары сапалы тұқым егілген және агротехникалық талаптар сақталған алқаптарда өнімділік 20-30 пайызға артық болады. Бірақ жерге элиталы тұқым себілді деп, тиісті агрошараларды былай ысырып тастауға да болмайды. Ең алдымен ауыспалы егістік жүйесін сақтау, дақылдарды алмастырып егу қажет. Ауыспалы егісті ұстану топырақ құнарлылығын сақтап қана қоймай, түрлі өсімдік зиянкестерінің санын, ауру белгілерінің дамуын шектейді. Сүдігер көтеру, егін егер алдындағы жер жырту, тырмалау жұмыстары, дақылды уақытында себу, жинау және алдын ала өсімдік зиянкестеріне, арамшөптерге қарсы өңдеу жұмыстары жүргізілуі тиіс. Себілетін тұқым элиталы болса да, себер алдында тұқымды міндетті түрде химикаттармен залалсыздандырып алу қажет. Мұндай препараттарды кез келген жерден алмай, арнайы сату орындарынан, шыққан жері және сәйкестендіру құжаты бар, Қазақстан Республикасы аумағында қолдануға рұқсат етiлген «тiзiмге» енген химиялық препараттарды қолданған дұрыс. Себебі сапалы өнім әркезде де оң нәтиже береді.

Майра ДАЙРАНБЕКОВА, Сәуле РАМАНОВА, ҚР АШМ АӨК МИК «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ облыстық филиалының мамандары.