Қоғам

Қошқар көтеріп, арқан тартысты

Қошқар көтеріп, арқан тартысты

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай Ақарал ауылдық округінде «Қош келдің, әз Наурыз!» атты мерекелік шара болып өтті. Ауылдың 1983 жылы туған азаматтары ұйымдастырған мейрамда көпшілікке дастархан жайылып, наурыз көже таратылды.

Шара барысында ән-жырмен қатар, беташар, бесікке салу, тұсаукесер сынды ұлттық салт-дәстүрлер көрініс тапты. Мерекеге ауылдың «Нұр әжелер» тобы белсенді атсалысып, халық әндерін орындады, ауыл тұрғындары мен №5 орта мектеп және «Бөбек» бөбекжай-бақшасы ұжымы да театрландырылған көріністерге қатысты. Кеш мектеп оқушылары мен ел ішіндегі көркемөнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасты. Ал ұлттық ойындарымызды ұлықтау мақсатында өткізілген қошқар көтеру, зілтемір лақтыру, қол күресі, арқан тарту, 100 метрге және 2000 метрге жүгіру, т.б спорттық жарыстар тартысқа толы болды. 40 килограмм тартатын қошқарды 91 рет көтерген ауыл тұрғыны Есжан Уалиев сол уақ малды өз қанжығасына байласа, 81 рет көтерген Игілік Төлегеновке 50 килограмм тартатын бір қап шекер сыйға берілді. Қол күрестен бірінші орынды Олжас Барменқұлов иеленсе, арқан тартудан ұлдар арасында 1986 жылы туған азаматтар ешкімге дес бермеді. Зілтемір көтеруден Мұхамеджан Дәлиев пен 100 метрге жүгіруден Дәурен Қойшыбаев бірінші орын иеленсе, 2000 метрге жүгіруден Жәнібек Мәуленов барлығын шаң қаптырды. Спорттық жарыстар футбол және валейбол ойындарымен де жалғасты. Жеңімпаздар аудан әкімінің мақтау грамоталарымен марапатталды. Наурыздың жоғары деңгейде өтуіне ауылдың А.Шарипов, Б.Әлдикенов, Ж.Әлдикенов, Т.Уалиев, С.Тұрлығұл, А.Бондырь, А.Шаншаров, О.Жұмағұлов, Т.Барменқұлов, А.Рузиева сынды жеке кәсіпкерлері мен тұрғындары да демеушілік танытқанын айта кету керек.

Нұрсұлу ЗҰЛПЫХАРОВА.

Меркі ауданы.