Ынтымақта ұлан-асыр той өтті
Ынтымақта ұлан-асыр той өтті
«Наурыз айы туғанда, той болушы еді бұл маңда» демекші, Наурыз тойын өз деңгейінде атап өту – әр қазақтың міндеті. Міне, осынау Ұлыстың ұлы күнін Шақпақата ауылдық округіне қарасты Ынтымақ ауылы да айрықша салтанатпен тойлады. Ынтымағы жарасқан ауыл тұрғындары мерекені атап өтуді дәстүрге айналдырған. Жыл сайын ауыл ішіндегі мерекенің ауқымы да, мән-маңызы да артып келеді. Ауыл маңындағы ат шаптырым алаңда ерекше безендірілген этноауылдың наурыз нақыштары ауыл тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлады. Айнала тігілген киіз үйлердің, алтыбақанның сән-салтанаты, мол дастархан, қызылды-жасылды киінген қыз-жігіттер бірден көзге түседі. Келген кісілердің алдынан шығып, ізет көрсетіп, наурыз көжеге шақырып жүрген қыз-келіншектер береке мен бірліктің жаршысындай жарасымды көрінеді. – Ынтымақ ауылының тұрғындары өте ұйымшыл. Той-томалақ, өлім-жітімде таудай тірлікті бірге атқарып тастайды. Ауылда соңғы жылдары дәстүрге айналған бір үрдіс бар. Наурыз тойын жыл сайын әр жылы туған құрдастар ұйымдастырып, шат-шадыман атап өтеді. Биыл 1990-1992 жылы туған азаматтар ұйымдастырды. Барлық жұмыс сол жігіттердің мойнына жүктелді. Бір ай бұрын қанша қаражат жинайтынымызды, қай іске кімнің жауапты болатынын ақылдасып, іс-шара жоспарын жасадық. Наурыз жақындаған сайын ұйымдастырушы жігіттердің келіншектеріне де тыным болған жоқ. Олар бір үйге жиналып, бір ауылға жететін дастарханның қамын жасайды. Шара-шара бауырсақ пісіреді, ұлттық тағамдар мен тәттілердің түр-түрін әзірлейді. Екі-үш тайқазанда наурыз көже пісірілді, тағы бірінде палау басылды. Жалпы, Наурыз – қазақы салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты, татулықты, сондай-ақ адамға тән барлық ізгілікті насихаттайтын айрықша мереке. Сондықтан жас ұрпаққа Ұлыстың ұлы күнін ұлықтауды мейлінше арттыруымыз керек, – деді ұйымдастырушылардың бірі Хамит Сыздықбаев. Ауқымды іс-шараларды бір үйдің баласындай, білек сыбана атқарып жүрген ауыл жастарына қариялар да дән риза. «Бұрындары Наурызды көше-көше болып, сайысқа түсіп тойлайтын едік. Енді жалпыхалықтық сипат алу үшін жыл сайын әр жылы туғандар бөліп алып ұйымдастырып жүр. Жастардың осынау игілікті іске жұмыла атсалысқандары қуантады. Өзім қалада тұратын немерелерімді де шақырып, ауылдың Наурызын көрсетуге тырысамын. Өйткені қазақтың салт-дәстүріне куә болады, ауыл халқының ұйымшылдығын көреді, тірліктеріне қолғабыс жасайды», – дейді ауыл ақсақалы Бегалы Шаханов. Иә, бұл күні ауыл алаңына жиналған көпшілік дастархан басында емен-жарқын әңгімелесіп, наурыз көжеден дәм татса, жастар кір тасын көтеріп, қазақ күресі, шағын футбол секілді спорттық ойындарға қатысып, бақ сынады. Жеңімпаздар арнайы сыйлықтарға ие болды. Сондай-ақ ұтыс билеттері ойнатылып, жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады. Шара аудан орталығынан келген өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Нұрбол АРАЛБАЕВ, ауыл тұрғыны.
Жуалы ауданы.