Қазақстан мен Ресей арасында кедендік шекараның болмауы есірткі тасымалдаушыларға жаңа мүмкіндіктер ашып отыр
Қазақстан мен Ресей арасында кедендік шекараның болмауы есірткі тасымалдаушыларға жаңа мүмкіндіктер ашып отыр
Қазақстан мен Ресей арасында кедендік шекараның болмауы есірткі тасымалдаушыларға жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан Қазақстан мен Ресей прокуратураларының бірлескен форумында РФ Бас прокурорының орынбасары Юрий Пономарев айтты. «Тек былтырғы жылдың қорытындылары бойынша Қазақстан азаматтарының Ресей Федерациясына есірткі тасымалдау фактілері екі есеге артты. Биыл Жайық өзені арқылы тәркіленген есірткі мөлшері былтырғы жылдан 1,5 есе асып түсті», - деп атап өтті ол. Оның айтуынша,сонымен қатар соңғы кездері Қытайда өндірілген есірткі заттарының тасымалдануы да көбейіп тұр. «Осының барлығы Ресей мен Қазақстанның құқыққорғау органдары әрекетінің жаңа әдістемесін жасауды талап етеді», - дейді Ю. Пономарев. Ал ҚР Бас прокуроры Асхат Дауылбаевтың айтуынша, екі ел арасындағы қорғалмаған шекаралық аумақтар тек есірткі тасымалдаушылар ғана емес, экстремистік және террористік топтардың да қылмыстық мақсатта қолдануына ұшырап отыр. «Бұл орайда лаңкестік топтарды әшкерелеп, олардың қаржылану және қарулану көздерін жою үшін бірлескен іс-қимыл мен шараларды да сауатты түрде ұйымдастыру - қазіргі заман талабы», - деп атап өтті ол. А. Дауылбаевтың айтуынша, қазір екі елдің құқық қорғау органдарының аймақаралық қарым-қатынастарын жақсарту мәселесі әбден пісіп-жетілді. «Біздің ойымызша, есірткі немесе басқа да заттарды заңсыз алып өтпек болған тұлғаларды ұстау кезінде немесе жасырын жолдарды, кедендік және мемлекеттік шекараларды заңсыз кесіп өту кезіндегі уақтылы екіжақты байланыс жасап, бірлесе қимылдау мұндай әріптестікті нығайта түсер еді», - дейді ҚР Бас прокуроры.
Ақпарат көзі: www.kazinform.kz