Әлеумет

Ұстаз беделін аласартпайық

Ұстаз беделін аласартпайық

Қазіргі таңда Үкімет мұғалім мәртебесін көтеру мәселесін күн тәртібіне қойып, қоғамда қызу талқылануда. Арнайы заң қабылданбақ. Түбі мұның игілігі көп болары анық. Ата-ана балаға өмір сыйласа, сол өмірде қолынан жетектеп сауатын ашатын, жүрегінің жан жылуымен, сөзінің ебімен, қолының табымен бар білгенін оқушы бойына сіңіретін ұстаз! «Ұстазым ұлық бәрінен», «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы», «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген сөздер бекер айтылмаған. «Ұстазым менің, ұстазым, Өзіңмен өткен қыс, жазым. Қалдырған ізің мәңгілік – Жанымда тұрар жаңғырып, Ұстазым менің, ұстазым!», – деген әннің сөздерінде қандай терең мағына жатыр. Осы жолдарды сәби жүрегінің адал шындығы, ақтарыла айтқан сыры жатыр. Ақын мұғалімнің болмысын осы бір төрт жолға шеберлікпен қалайша сыйғыза алған десеңізші?! Мұғалімнің айлығын көтерді. Көптен қағажу көріп, назардан тыс қалып келген жоғары оқу орындарының ұстаздары да шет қалмайды. Мұндай материалдық қолдау келешекте де бола беретін түрі бар. Дейтұрғанмен мұғалімнің қадір-қасиетін көтеру үшін әлі де көп әрекет жасау керек. Кейбір кездері бірлі-жарым қателік, заңсыздыққа барған жеке көріністерге аттан салып, ала шапқын болатынымыз бар. Соның бірі – «сый алып қойды, гүл алып қойды, жеп қойды» деген сөздер. Келе-келе бұл жағдай мұғалім мен ата-ананың арасына жарықшақ түсіретін айқайға ұласады. Нәтижесінде мұғалімнің бәрі жегіш, алақол боп шыға келеді. Түгелдей мектептің аты былғанады, республика көлеміне жайылады. Жерден жеті қоян тапқандай, «бұл жаңалықты» әлеуметтік желіде дуылдатып әкететіндер бар. Бүкіл елге аймандай болады. Ал осыдан кейін оқушылардың алдында, бүкіл қоғамның алдында оның мәртебесін көтеріп көр. «Жуас түйе жүндеуге жақсы». Мұндай кезде кінәлі педагог басын арашалап алмақ түгілі жанымен қайғы боп кетеді. Ақ-қарасы тексеріліп ақталғанша, жағылған күйе кетпейді. Байыбына барайық, ағайын! Жазаласақ та, айыптасақ та егжей-тегжейін жан-жақты тергеп алып қана шешейік. Кеңес заманындағы ұстаздың абырой-беделі қазір арман боп қалды. Әке-шешесінің тілін ала бермейтін дәлду бала мұғалімнің алдына келгенде моп-момақан болатын. Баланың кешегісі не, бүгінгісі не? Бәрі бір қазақтың баласы ғой. Сөйте тұра бүгінгі бала ұстазының жағасынан ала кететінді шығарды. Кейбір оқушылардың ата-аналары көбінесе мектеп пен мұғалімдерді кінәлауды әдетке айналдырып алған. Ал осыдан кейін мұғалімнің абыройы мен беделін көтеріп көр. Мұғалімнің беделін түсіруге білім саласындағы берекесіздік те кері әсерін тигізбей отырған жоқ. Күнара бір реформа. Біреуін тыңғылықты игеріп болмай жатып екіншісі, одан үшіншісі шығып жатады. Шетелдің қаңсық дүниесі бізге – таңсық. Байыбына бармай, қабылданып жатқан бағдарлама көп. Жас жеткіншек әліппесіз-ақ сауат ашсын деп бір шықтық. Институтқа түсердегі тест сұрақтарының ішінде: «Алматыдағы сыра зауыты қай жылы ашылды?» немесе «Тәуке хан уәзірлер кеңесіне қай шапанын киіп баратын еді?» дегендей өрескелдіктер кездесті. Сонау бір жылдары «Құнанбайдың қай көзі соқыр еді, оң көзі ме, әлде сол көзі ме?» деген тест сауалына жарықтық Қапекең, ардагер-ұстаз Қапаш Тасболатов «Шырағым-ау, осы да білім болып па? Өстіп те сұрақ қоярмысың!» деп күйінген еді. Бір жылы қаладағы жоғары оқу орнының сырттай оқу бөлімінің бітіруші студенттерін тыңдап көргеніміз бар. Мемлекеттік емтихан еді. Үйден дайындап келген жауабын сыдыртып көз алмай оқып тұр. Тым ұзап кеткен соң мен: – Ей, шырағым, сол төңіректе бір нүкте болса тоқташы енді, – дедім шыдамай. Сөйтсем: – Ағай, осы мен қай сұрақты айтып тұрмын! – дейді әлгі сабаз. – Ә, мен қайдан білейін? – деймін таңғалған болып. Содан соң әңгімені басқа ыңғайға бұрып: – Сен енді былай нақты сұраққа жауап берші. Қазақ ақын-жазушыларынан кімді білесің? – деп сұрадым. – Абай Жабаевты, – дейді міз бақпай. – Астапыралла, ондай ақын бар ма еді? – Е-е, бар ондай. Сіз не білмейтін бе едіңіз? – Сонда ол ақынның қай өлеңі есіңде? – «Елім-ай» дегені. Анау жаудан қашып келе жатып қарындасын ойлап жылайтын бар ғой! Мәссаған, ендеше. Мұндай да сорақылық болады екен-ау! Осы жайт есіме түссе, министрліктің сырттай бөлімдерді біртіндеп жабу мәселесіне кіріскені құптарлық екен деймін. Бәлкім, бұл диплом алушылардың білім сапасын көтеруге септігін тигізер. Ал қоғамдағы жастардың жаппай диплом алуы, тіпті кейбіреулері екі-үш дипломнан қалтасына салып жұмыссыз бос жүруі үлкен проблемалық мәселеге айналып отыр. Осының өзі жүйені бір ретке келтірудің уақыты жеткенін айғақтайды. Әнебір жылдары теледидардан қазақтың бір қуақы шалы қоғамдағы осындай бір келеңсіздіктерді жіпке тізіп, айызы қанғанша айтып-айтып алды да, ең соңында: «Мейлі ғой, маған бәрібір!» деп мысқылдай күлгені бар. Жоқ, бәрібір емес. Өркениетті елдің азаматы бұған бей-жай қарай алмайды. Бала тәрбиесінің бағбаны болған мәртебелі ұстаз қоғамнан өзінің лайықты орнын алуы керек. Баланың еркін өскені, әрине, жақсы. Қазақтың бұрыннан айтқан сөзі бар: «Қызыңды еркін өсір. Бірақ тым еркінсітіп бетімен жіберме?». Ал сол тізімнің бір ұшы мұғалімде. Шәкірт алдындағы мұғалімнің абырой-беделін барынша көтеруге күш салайық. Бірлі-жарым кемшілігін тізе беріп, көзге шұқып көңілге дақ сала бермейік. Өзгені аласартпай, ұстаз мерейін асқақтата берейік.

Рахым САДЫҚБЕКОВ. ТарМПУ-дың ардагер-ұстазы.