Ежелгі Түркістанның жаңғыруы мен жаңаруы даму жолымыздың дұрыстығын көрсетеді
Ежелгі Түркістанның жаңғыруы мен жаңаруы даму жолымыздың дұрыстығын көрсетеді
Қазақстан Президенті жұмыс сапарымен Түркістан облысына барды. Қасым-Жомарт Тоқаев «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің археологиялық және архитектуралық ескерткіштерімен танысып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін аралап көрді. Мемлекет басшысына мәдени нысандардың қайта жөндеу жұмыстары және қорық-музейдің аумағын абаттандыру барысы жөнінде баяндалды. Сонымен қатар облыс әкімдігінің, басқармалар мен департаменттердің әкімшілік ғимараттарын, сондай-ақ Конгресс-холлды, Медиа орталығын, «Ұлы Дала елі» орталығын, Оқушылар сарайын, «Туризм» колледжін, «Астана» алаңын, әуенді субұрқақты, Халыққа қызмет көрсету орталығын және басқа да әлеуметтік-мәдени мақсаттағы нысандарды салу барысы туралы есеп берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапары барысында жастар ресурстық орталығының жұмысымен танысты. Қазақстан Президентіне жастардың шығармашылық бастамаларына, кәсіпкерлікпен айналысуына қолдау көрсету, олардың жұмыспен және баспанамен қамтылуын үйлестіру, сондай-ақ жастарға құқықтық көмек көрсету сияқты негізгі жұмыс бағыттары жөнінде баяндалды. Еркін әңгімелесу барысында жастар өкілдері «Жастарға қызмет көрсету», «Еріктілер клубы», «Жас сарбаз», «Тілдер мектебі» атты тақырыптық секторлардың, білім беру саласындағы «Stem» жобасының, сондай-ақ «TURKISTAN HUB» коворкинг орталығының жұмыстары туралы айтты. Мемлекет басшысы Түркістан қаласының «Отырар» шағын ауданына барып, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан 26 жаңа үйдің құрылысымен танысты. Қазақстан Президентіне осы бағдарлама аясында 2019 жылдың соңына дейін жалпы аумағы 96 200 шаршы метрді құрайтын 1560 пәтер пайдалануға берілетіні баяндалды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласының жұртшылық өкілдерімен де кездесті. Мемлекет басшысы іс-шараға қатысушыларды Наурыз мейрамымен құттықтап, жаңару мен жаңа өмірдің басталуын сипаттайтын бұл мерекенің рухани бай мұрамыздың жарқын символына, үздіксіз ұрпақ сабақтастығына және Қазақстан халқы бірлігінің негізіне айналғанын атап өтті. – Елбасының биылғы 19 наурызда қабылдаған шешімі мемлекетіміздің болашағына деген шынайы қамқорлықты білдіреді. Осындай сындарлы кезеңде Елбасын және мені қолдаған барша халқыма ризашылығымды айтқым келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы өзінің ел Президенті ретіндегі алғашқы сапарының қазақ мәдениетінің, тарихы мен руханиятының орталығы саналатын Түркістан қаласынан басталуының символдық мәні зор екенін айтты. – Түркістан – мемлекетіміздің алтын бесігі. Елбасының бұл қалаға ерекше мәртебе беру туралы шешімі кездейсоқ емес. Ежелгі Түркістанның жаңғыруы мен жаңаруы даму жолымыздың дұрыстығын көрсетеді. Алдағы жұмыстарым туралы және қоғамды толғандырған мәселелерді шешуге байланысты ойымды дәл осы жерде бөліскім келеді, – деді Қазақстан Президенті. Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазақстандықтарды бірінші кезекте толғандыратын мәселелер туралы айта келіп, ең алдымен, әділеттілікті күшейту қажеттігіне тоқталды. – Қоғамдағы әділеттілік, ең алдымен, атқарушы билікке байланысты. Үкіметтің, министрлердің, барлық деңгейдегі әкімдердің, полицияның, прокуратураның, соттардың мақсаты – азаматтардың құқығын қорғау. Бұл – олардың конституциялық міндеті әрі азаматтық борышы, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күшейе түсетінін айтып, орынды шағым түскен жағдайда орталық және жергілікті органдардың басшылары тікелей жауап беретінін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметшілердің халықпен тығыз жұмыс істеуі қажет екеніне баса мән беріп, басшылардың халық алдындағы есеп беру кездесулерінің қазіргі форматын сынға алды. Мемлекет басшысы еңбексүйгіштік пен сіңірген еңбекке орай марапаттау құндылықтарының идеясы ұлттық идеологиямыздың бастауында тұруы қажет екенін айтты. – Біз азаматтарымыздың, ең алдымен, жастардың жұмысқа орналасуына және кәсіби тұрғыдан өсуіне жағдай жасауға тиіспіз. Шетелде жұмыс істеп жатқандардың әлеуетін елімізде пайдалану мүмкіндігін қарастыруымыз керек. Сонда біз күшейе түсеміз. Сонымен қатар жұмыс табуға ұмтылмайтындарды, әсіресе әлеуметтік масылдықты қолдауға болмайды. Мемлекет әлеуметтік жағдайы нашарларға көмек көрсететін болады. Қалғандарының бәрі жұмыс істеуге тиіс, – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы Үкіметке бюджетті тек мемлекетіміздің дамуына және қауіпсіздік мақсаттарына орай қайта бейімдеуді, сондай-ақ имидждік іс-шараларға арналған шығындарды азайтуды тапсырды. – Мемлекеттік шығыстардың басты міндеті – қарапайым адамдардың мәселелерін шешу. Ауызсу, баспана, жұмыс орындары, жайлы өмір үшін инфрақұрылым – осылардың бәрі ел тұрғындарын алаңдатады. Міне, біз осы міндеттерді шешетін боламыз. Министрлер мен әкімдердің жұмысын нақты проблемаларды шешу нәтижелері бойынша бағалайтын боламын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар Қазақстан Президенті рухани жаңғыру мәселелеріне тоқталып, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласындағы бағыттарды одан әрі жүзеге асырудың маңыздылығын айтты. Қазақстандағы Жастар жылын өткізу барысына да ерекше назар аударды. – Біз жастар үшін жаңа мүмкіндік беруіміз керек. Соның ішінде олардың бизнеспен айналысуына, білім алуына, жұмысқа орналасуына, табыс табуына жол ашу қажет. Өз өмірін жақсартуға, мансабы бойынша жоғарылауға арналған әлеуметтік лифттер іс жүзінде жұмыс істеуі керек. Еліміздің жастары мен талантты азаматтары мемлекеттік қызметте ілгерілеу үшін арнайы кадрлық бағдарлама дайындаймыз. Болашағымыз жастардың қолында, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Соңында Мемлекет басшысы өзінің Президент ретіндегі негізгі ұстанымдары сабақтастық, әділеттілік және ілгерілеу екенін атап өтті.
* * *
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапары барысында Шымкент қаласының әкімшілік-іскерлік орталығын аралап, «Shymkent city» жаңа ауданының макетін, әуежайдың жаңа терминалын көрді. «Ескі қалашық», Қошқар ата өзенінің жағалауын абаттандыру және «Тұран» шағын ауданының инженерлік инфрақұрылымын салу жобаларымен танысты. Қазақстан Президенті «AZALA Textile» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды. Қасым-Жомарт Тоқаев ЖШС-ның дайын өнімдерін көріп, тоқыма өндірісіндегі жіп иірудің, өңдеудің және тігін тігудің технологиялық үдерісімен танысты. Сонымен қатар Мемлекет басшысына «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының базасында жұмыс істейтін өндірістік кәсіпорындар жөнінде мәлімет берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев «MEDIKER 4K» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды. Қазақстан Президенті медицина мекемесінің жұмысымен танысып, дәрігерлер бөлмелерін аралап көрді.