Әлеумет

Әз Наурыз айшықтары

Әз Наурыз айшықтары

Ұлыстың ұлы күнінде Таразда «Жастар» аллеясы ашылды [gallery bgs_gallery_type="slider" ids="96097,96098,96099,96100,96101,96102,96103,96104"] Күн мен түн теңелетін, айнала шуаққа бөленетін көктем де келіп жетті. Наурыз – жыл басы. Бұл күн – қазақ халқы үшін ең қастерлі мереке. Жамбыл жерінде соңғы екі жылдан бері Наурыз мерекесін тойлау «Амал» (Көрісу) күнінен басталып, тоғыз күнге жалғасқаны белгілі. Бірнеше күн бойы Тараз жұрты Наурыз мерекесімен тыныстады. Оның соңы Ұлыстың Ұлы күніне ұласты. Рас, мереке жыл сайын дәстүрлі түрде тойланып жүр. Алайда «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек...» деп Шәкәрім Құдайбердіұлының өлеңінде айтылғандай, биылғы мерекенің сән-салтанаты, ұйымдастырылу мәні бөлек болды. Мерекеге жиналған қауымның шат-шадыман көңіл-күйін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Атап айтқанда, жылдағыдай «Атшабар» алаңына қаз-қатар 25-30 қазақ үй тігілген жоқ. Жылда оның әрбірінде жеке-жеке концерттер өтіп, бірін-бірі тыңдамай, азан-қазан болып жатушы еді. Биыл сол Сүлейменов көшесіндегі «Атшабар» алаңына күрделі жөндеу жүргізіліп, елеусіз жатқан жер тотыдай түрленіп сала берді. Бұл күні Наурыз көже ішіп, концерт тыңдап қайту ғана көзделген жоқ, өзге де құндылықтар қамтылды. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қолдауымен және идеясымен бұл аймақ «Жастар аллеясы» ретінде ашылып, бірнеше нысан пайдалануға берілді. Әуелі Төле би көшесінің бойынан «Балқарағай» фитобар емдеу-сауықтыру орталығы ашылды. Енді мұнда тәулігіне 20-30 адам денсаулығын жақсартуға мүмкіндік алып отыр. Бұл нысанның ашылуына облыс әкімі Асқар Мырзахметов, облыс әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдері мен басқарма, департамент басшылары, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысып, игі істің куәсі болды. Мұнан соң облыс әкімі бастаған зиялы қауым өкілдері «Жастар» аллеясын бетке алды. Мұнда әуелі «Ұлы Дала ұландары» стеласы ашылды. Стеланың қабырғасындағы: «Ұлы Даланың елі мен жерін сүйген, тарихы мен салт-дәстүрін ардақтаған, ар-намысы мен адал махаббатты ту еткен ұл-қыздарына арналады» – деген жазуды жиналған көпшілік толғана оқып жатты. Жас ақын Нұржан Қадірәлі махаббат атты ұлы сезімді қадір тұтқан ел ағаларына рахметін айта келіп, «Алғыс» атты өлеңін шабыттана оқып берді. Кейіннен Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің студенті Аружан Шекербекова биылғы Жастар жылы біздің өңірде нақты мақсат – жобалармен жүзеге асып жатқанын, «Махаббат стеласы», «Жастар» аллеясының ашылуы осының айғағы екенін айта келе, замандастарын қолдағаны үшін облыс әкіміне ризашылығын білдірді. Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов: «Бүгін Алланың шапағаты құт болып құйылып тұр. Айнала қандай сұлу, қандай ғанибет көріністер. Күн мен түн теңелген сәтте Қозы мен Баян, Еңлік пен Кебек, Төлеген мен Жібек, Қалқаман мен Мамыр, өз өңірімізде асыл сезімнің үлгісі болған Болат пен Айнұрдың және барша ғашық жандардың құрметіне махаббат стеласы ашылып отыр. Махаббат тек екі жастың сүйіспеншілігі емес. Туған жердің тау-тасына, өзен-көліне, ата-анаңа, бауырларыңа, Отаныңа, жерлестеріңе деген махаббат та – аяулы сезім. Отанды сүйетін жүректер көбейсін, елі мен жерін сүйетін жастар молая берсін», – деп толғана сөйлеп, облыс басшылығына, мердігерлерге алғысын білдірді. Мұнда жиналған көпшілік стеланың архитектуралық шешіміне риза болысты. Мұнан соң «Білім алаңы» нысанының ашылу салтанаты болды. «Кітап» ескерткіші сонадайдан көз тартады. Көрген кісінің көңілі толады. Бұл жерде облыстық қазақ драма театрының актерлері 20-30 минуттық театрландырылған көрініс қойып, ел назарын аударды. Қойылымда ерте замандарда Тараз топырағынан шығып, Бағдат, Шам, Мысырға білім іздеп кетіп, ғалым болып оралған Таразилердің ұлағатты жолы көрсетіліп, тарихтан сыр шертілді. Наурызек құстың оралуымен күн жылынып, ел мамыражай тіршілік кешетіні сөз болды. «Білім алаңының» ашылуы – облыс жастары үшін зор қуаныш. Мұнан соң облыс әкімі Асқар Исабекұлы бастаған зиялы қауым өкілдері және тараздық тұрғындар «Жастар» қабілет орталығының және «Кітап» алаңшасының ашылуына куә болды. «Кітап» алаңшасында бүлдіршін жастар асқақтата өлең оқып, бір жасап қалғаны анық. «Жастар» аллеясының «Сахна» алаңы әрі кең, әрі көрнекті жерде орналасқан екен. Мұнда облыс әкімі Асқар Мырзахметов сөз сөйлеп, жамбылдықтарды Ұлыстың Ұлы күні мерекесімен құттықтады. – Осыдан 28 жыл бұрын Тәуелсіз мемлекетімізде Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі алғаш тойланған болатын. Жыл өткен сайын Наурыз тойының мән-мағынасы айқындалып, кемелденіп, ұлттық құндылықтар дәріптеле түсті. Наурыз – тәрбие мен тағылым мерекесі. Наурыз – бірлік пен тыныштықтың, ізгіліктің мерекесі. Біздің өңірде Наурыздың тоғыз күн бойы тойланып жатқанынан хабардарсыздар. «Амал» күні амандық-саулық сұрасып, көрісу дәстүрі жүзеге асса, «Тағзым» күні батыр бабалар мен қайраткерлер рухына құран бағышталды. «Алас» күні өткен жалпы халықтық сенбіліктің, көшет отырғызу шарасының маңызы зор. «Мейірім» күні мұқтаж жандарға көмек берілуі, «Ынтымақ» күніндегі достық пен ізгілікке, түрлі ұлт өкілдерінің бірлігіне бағытталған шаралар да маңызды болды. «Жаңару» мен «Береке» күніндегі игі істер Ұлыстың Ұлы күніне ұласып отыр. Жастар жылы жастар мәселесіне ерекше мән беретін боламыз. Бүгінгі ашылған жаңа нысандардан да соны аңғарып отырған боларсыздар. Құрылыс жұмыстарын аз уақытта аяқтап үлгерген мердігер компанияларға, тиісті мекемелерге алғысымды білдіремін. Тәуелсіз еліміздің қалай гүлденгені, көркейгені бәріміздің көз алдымызда. Биылғы жыл жастардың армандары, мақсаттары орындалатын жыл болмақ, – деді Асқар Исабекұлы. Кейіннен облыстық мәслихаттың депутаты Масат Берік сөз сөйлеп, көпшілікті Наурыз мерекесімен құттықтады. Мұнан соң жамбылдық, Қазақстан Республикасының бірқатар эстрада жұлдыздары мен Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншілері ұсынған концерттік бағдарлама жұртшылықтың жүрегіне жетті. Желтоқсан көшесінің бойында тігілген киіз үйлерде наурыз көже тегін таратылып, ұлттық ойындардан жарыс өтті. Атап айтқанда қазақ күресінен финалда сарысулық балуан Ізбасар Ералиев мойынқұмдық Сұлтан Зарықбайды ұтып, 2019 жылғы Наурыз мерекесінің түйе балуаны атанып, 100 мың теңге сыйлыққа ие болды. Сұлтан Зарықбай екінші жүлдеге тігілген 50 мың теңгеге қол жеткізді. Жүлделі үшінші орын (25 мың теңге) үшін таласта қордайлық Данил Федоров Жамбыл ауданының балуаны Руслан Қадыровтан басым түсті. Жасөспірімдер арасында Еркебұлан Сейдімәлік, Әли Әлімби, Рабмир Махмұт, Бейбарыс Нұғыман өз салмақтары бойынша жеңіске жетті. Асық ату додасын осы спорт түрінің жанашыры Бауыржан Бейсембиев ұйымдастырды. Асық атудан Райымбек Кенжебай, Ерсұлтан Кемпірбай, Нұржан Қалманбет (бәрі де Жамбыл ауданынан) жүлделі орындардан көрінді. Қазақ күресі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Марат Жахитов марапаттады. Шекемтас ойынында Жамбыл ауданы, Бесағаш ауылының арулары Айару Сейітжан, Аяулым Руслан, Әйгерім Әби көзге түссе, қыздар арасындағы тоғызқұмалақ аламанында тараздық Әсел Сейітбекова мен Дилназ Өмірбектің мерейі үстем болды. Сондай-ақ гір тасын көтеру, алаңдағы тоғызқұмалақ, арқан тарту, ләңгі тебу ойындары бойынша да шын мықтылар анықталып, мерекенің қызығы арта түсті. Кешкілік елімізге кеңінен танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт көпшіліктің назарына ұсынылды. 22 наурыз күні «Жаңа күн» мерекесіне орай облыс және аудан тұрғындары жалпы халықтық серуенге шықты. Тұрғындар өз жақындарын, туыс-бауырларын, көршілерін Наурыз мерекесімен құттықтап, мәре-сәре болды. Осылайша, әз Наурыз мерекесі Жамбыл жерінде кеңінен, жан-жақты аталып өтті. Табиғат Абаилдаев, Есет Досалы. Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.