Ел жүрегі – Нұр-Сұлтан
Ел жүрегі – Нұр-Сұлтан
Тараздықтар астана атауының өзгеруін қызу қолдады
Наурыз саяси оқиғаларға толы ай болды. Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатып, ел тізгінін Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа сеніп тапсырған-ды. Жаңа Президент Қазақстан халқы алдында Ант берді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Халық Хаһарманы» атағын беріп, «Алтын жұлдыз» айрықша белгісін тапсырды. Одан кейінгі қабылданған маңызды шешім – еліміздің елордасы Астана қаласын – «Нұр-Сұлтан» деп атау туралы Жарлыққа қол қойылғаны. Президенттің бұл шешімін Қазақстан Республикасының Парламенті бірауыздан мақұлдап, қолдау көрсетті. Бұл – тарихи оқиға. 1998 жылы елорда мәртебесін алып, аз ғана уақытта түлеп-жаңарып әлем назарына іліккен Астана – осы уақыт аралығында еліміздің барлық аймақтарын стратегиялық тұрғыда біріктіріп, өңірлердің дамуының драйверіне айналып үлгерген-ді. Бұл – Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының стратегиялық тұрғыда жоспарлап, жүзеге асырылған жұмыстарының жемісі. Осы тұрғыдан алғанда Астананың атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту – біріншіден, Елбасы еңбегіне көрсетілген лайықты құрмет болары анық. Екіншіден, Елбасының саяси бағытының сабақтастығының кепіліне айналмақ.
Елорданың Нұр-Сұлтан атауына ауыстырылуын қолдау мақсатында М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың Марс Үркімбаев атындағы Жастар сарайында үлкен іс-шара ұйымдастырылды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков қатысқан форумда университет ұжымы Президент қабылдаған тарихи шешімге бірауыздан қолдау білдірді. Жиында оқу ордасының бірінші проректоры Асқар Абдуалы, «Философия және саясаттану» кафедрасының меңгерушісі Дина Көлбаева, «Мәдениет және өнер» кафедрасының меңгерушісі Айгүл Қабиева, философия ғылымдарының докторы Сәкен Омаров және студенттер мінберге шығып, өз ойларымен бөлісті. – 1997 жылы Елбасы еліміздің астанасын Алматы қаласынан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім қабылдап, жаңа Астананың қазығын өз қолымен қақты. Содан бері шаһар тұрғындарының саны 300 мыңнан миллионға жетті. Ал ғылыми және мәдени әлеуетінің өлшеусіз артқанын айтпағанның өзінде, астанамыздың аймақтық жалпы өнімі 10 есеге өсті. Елорданың өзіне ғана тән сәулеттік стилі қалыптасты. Көптеген жаңа ғимараттар бой көтерді. Бүгінде ол жаңаша келбет алған баршамыздың сүйікті шаһарымыз. Ал осынау зор еңбектің иесінің есімімен ел ордасын атаудың еш әбестігі жоқ. Өйткені дүниежүзінде астаналарды танымал, біртуар тұлғалардың атымен атау деректері көптеп кездеседі. Бүгінде АҚШ, Жаңа Зеландия сияқты мемлекеттердің бас қаласы да ел президенттерінің есімімен аталады. Ал күні кеше ғана Нұр-Сұлтан болып аталған елордамыз – әлем елдерінің басшылары бас қосып, жаһандық түйткілдерді шешетін, бейбіт бастамаларды іске асыратын халықаралық саясаттың ордасы, – деді профессор-оқытушылар. Заң факультетінің аға оқытушысы Серік Көшербаев: «Президент – ол тек лауазым ғана, мемлекеттік қызмет. Ал тарихи тұлға, халықтың сенімінен шыққан сүйікті президент болу лауазымнан да, қызметтен де жоғары тұрады. Барлық мемлекеттер өздерінің алғашқы, тұңғыш президенттерін құрмет тұтады. Америкалықтар Джордж Вашингтонды, орыстар І Петрді, түріктер Ататүрікті қастерлейді. Оларды мемлекеттерінің негізін қалаушы, ел тағдырының ең бір қиын кезеңдерінде ту көтерген тарихи тұлға болғандықтан құрметтейді. Сондай текті де дара тұлға бізде де бар. Ол – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев», – деді. Жиын соңында жастар Астана қаласы атауының «Нұр-Сұлтан» деп өзгеруін қолдайтындарын білдіріп, үндеу қабылдады. * * *
Теміржолшылар да Астананың Нұр-Сұлтан қаласы болып өзгергенін қызу қолдайды. Оған «Қазақстан темір жолы» локомотив депосында өткен митингі дәлел. Іс-шараны «Қазақстан темір жолы» облыстық филиалы директорының бірінші орынбасары Үмітбек Рысбеков ашып берді. Ол Елбасының ел экономикасын көтерудегі, соның ішінде темір жол саласын өркендетуге қосқан еңбегін айтып өтіп, бұл шешімді теміржолшылар бірауыздан қолдайтындығын жеткізді. «Жамбыл облысының кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Мейрамбек Төлепберген: «Ел тарихында темір жолдың орны бөлек. Бұл экономиканың күре тамыры десек те болғандай. Бүгін мұнда жиналуымыз елордамыздың – Нұр-Сұлтан деп аталуына байланысты болып отыр. «Қазақтың бүкіл тарихы – бірігу тарихы» болды деп Елбасы бекер айтып отырған жоқ. Басынан талай нәубетті өткерген қазақ халқы тәуелсіз ел болуды армандады. Ата-бабаларымыздың сол арманына 1991 жылы қол жеткіздік. Бағымызға орай билікке Нұрсұлтандай дара тұлға, айтулы саясаткер келіп, тоқсаныншы жылғы тоқыраудан халықты аман алып шықты. Шекарамызды шегендеп, ел экономикасын түзеп, әлем елдерімен саяси тығыз қарым-қатынас орнатты. Қазақты әлем таныды. Есілдің бойынан, Сарыарқа төрінен еңсесі биік ару қала салды. Астана бүгінде әлемдегі әдемі алдыңғы қатардағы 10 қаланың бірі саналады. «Тарихты тарихи тұлғалар ғана жасайды» дейтін болсақ, сол тұлға – Тұңғыш Президентіміз. Олай болса, Астананың Нұр-Сұлтан деп аталуы заңды. Нұр-Сұлтан баршамыздың мақтанышымыз, көтерер Туымыз болады деп білемін», – дей келіп, жиналғандарды Елбасының есімін иеленген елорданың жаңа атауымен құттықтады. Келесі кезекте Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев, облыстық қан орталығының басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Гулам Омаров сөз алып, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының саясаткерлік қырын сөз етті. Ел экономикасын көтерудегі табандылығына, Астананы салудағы қажырлы еңбегіне тоқталды.
* * *
Бұл күні «Қазфосфат» ЖШС-ның «Минералды тыңайтқыштар зауыты» алаңында да митингі өтіп, оған зауыт ұжымы қатысты. Зауыт алаңында ұйымдастырылған шараны Мейрамбек Төлепберген ашып, мекеменің облыс экономикасына қосып отырған үлесінің зор екеніне тоқталды. «Елбасы Жамбыл облысына келген іссапарларының барлығында «Қазфосфатқа» соқпай кетпейтін. Осыдан-ақ ел экономикасы үшін бұл кәсіпорынның алатын орны қандай екенін, осы өндірістің ісін өрге басқызған еңбеккерлердің үлесі зор екендігі айтпаса да түсінікті», деп баға берген ол мекеме ұжымын Тұңғыш Президент есімін иеленген елорданың жаңа атауымен құттықтады. Бұдан кейін мекеме қызметкерлері «Қазфосфат» бастауыш партия ұйымының және «жастар одағы» орталығының төрағалары Талғат Рысқұлов пен Абзал Қонысбаев, Аммофос цехының технолог-шебері Болат Көптілеуов сөз сөйлеп, зауыт ұжымының тарихи шешімді қолдайтынын жеткізді. Сондай-ақ «Днепр» украин мәдени орталығының мүшесі Федор Клименко өз кезегінде бүгінде Астана әлемдік деңгейдегі мәселелерді шешуге арналған орталыққа айналғанын айтты. Барлық іс-шарада облыстық филармония мен қалалық Мәдениет үйінің әншілері әннен шашу шашып, патриоттық рухты жани түсті.
Марат ҚҰЛИБАЕВ, Альмира ОМАРОВА.
Тараз қаласы.
Суреттерді түсірген Ақәділ рысмахан.