Берекет Қосберген.
Берекет Қосберген.
Ана Ана, сен шынымен де бақыттысың, Тұр бойда сарқылмастан тасып күшің. Әр сәттен ләззат алып күн кешесің, Өмірге шынымен-ақ ғашықпысың?! Анашым, ренжітсем мен жазықтымын, Таппайсың-ау біздер деп қажып тыным. Түр білдірмай тұрса да іштегіні... Жанға бірден сезілер нәзіктігің. Алтын десем теңеуім әлсіз болар, Әлсіз болар, әңгімем дәмсіз болар. Өзгелер қарар бәлкім қызғанышпен, «АНА» деп айтпаған соң дәл сізді олар! Шабытым алып ұшып тасқындады, Жырлау үшін өзіңдей бас тұлғаны. Анашым айналайын тәңір берген, Жұмақтан табаныңның астындағы! Алла лайық мақтауға мадақтауға, Өзің деп дұға қылған әр ақ таңда. Анашым, сені бізге нәсіп еткен, Бас иіп алғыс айтам Жаратқанға! * * * Мен де есейіп қалыппын Ой, пәлі-ай, менде есейіп қалыппын-ау, Тез сырғып жатқандай ма, жарық мынау. Күн ерітіп кетеді қайта-қайта... Тереземді басқанда анық қырау! Мәз болып дымқыл бұлттың көшкеніне, Жармасқам, балалықтың ескегіне! Кей кезде таң қаламын қарап тұрып, Өзімнен кейінгінің өскеніне! Ұшқанмын талай жерге, күліп қонып, Талай ашық ауызға құлып болып. Кеше туған інілер бұл күндері, Қалыпты жуан дауыс жігіт болып. Оны ойлап кім көңілге қайғы алыпты, Кәрі жалған сенде де айла мықты! Кешегі еркетотай қарындастар, Бүгінде бойжеткенге айналыпты! Жастықта қозып кетіп делебесі, Үйленді бір атаның немересі! Бұл жалған алма-кезек расымен де, «Жасты көріп қартайды» деген осы! Тараз қаласы.