Спорт және туризм

Екі алтын, бір күміс, екі қола медаль бұйырды

Екі алтын, бір күміс, екі қола медаль бұйырды

Тараз төрінде грек-рим күресінен 1999-2001 жылдары дүниеге келген жастар арасында Қазақстан Республикасының біріншілігі өткізілді. Төрт күнге созылған дуы басым додада балуандар барын салып бақты. Қазақстан біріншілігіне Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан және еліміздің барлық облыстарынан 270 балуан қатысып, жүлделі орындарды сарапқа салды. Бұл аламанда біздің облыстың 25 спортшысы топқа түсіп, үздіктердің қатарынан көріну үшін бар күшін сарқа жұмсады. Бізді қуантқаны, әр белдесуде жампоздарымыздың жеңіске деген құштарлығы. Тараз жерінде өткендіктен болса керек, жамбылдық грек-рим күресінің шеберлерінің жанарында жалын ұшқындап тұрды. «Қалайда жеңіске жетуім керек» дегенді олардың әрекетінен айқын аңғардық. Қазақтың даңқты балуаны Жақсылық Үшкемпіровтің ізбасарлары бұл додада бірнеше жүлдені қоржынымызға салды. Әсіресе 87 және 97 килограмм салмақ дәрежесінде белдескен Мейірбек Қордайбек пен Дәулет Досыбаевтың шеберліктері жанкүйерлерді тәнті етті десек, қателеспеспіз. Бұл екі оғланымыз да бозкілемде бар шеберліктерін көрсете білді. Барлық белдесуде қарсыластарынан айласын асырған олар Қазақстан чемпионы атағына қол жеткізіп, мерейімізді үстем етті. Финалдық кездесуде де жасындай жарқыраған Мейірбек пен Дәулеттің салқынқандылығына жанкүйерлер риза болғанына еш күмәніміз жоқ. Жас чемпиондардың болашақта әлемдік деңгейдегі аламандарда атой салуына тілектеспіз. Жалпы ел чемпионатында облыс балуандары екі алтыннан бөлек бір күміс, екі қола жүлдеге қол жеткізген болатын. 63 килограмм салмақ дәрежесінде сынға түскен Темірлан Мамытбек ақтық сында ғана сәтсіздікке ұшырап, екінші орынды қанағат тұтса, 67 килограмм салмақ дәрежесінде белдескен Алматбек Аманбек пен Ержан Нұртаев үздік үштіктің қатарын толықтырды. Түйіп айтсақ, Таразда ұйымдастырылған ел чемпионаты жоғары деңгейде өтті. Ең бастысы жас балуандар арасында нағыз бәсеке қалыптасқанын көз көрді. Бәсеке бар жерде нәтиже де болады емес пе?!

Табиғат АБАИЛДАЕВ.