Ақын ағынан жарылды
Ақын ағынан жарылды
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері және халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, ақын, қазақ эстрадасындағы көптеген әндердің авторы Қалқаман Сарин Тараз қаласындағы №27 орта мектепте болып, әдеби-сазды кездесу кешін өткізді. Оқушылар ақынның лирикалық жырларын жатқа оқып, поэзияға аңсары ауғандарын байқатты. Оқушылардың республикалық жыр байқауының жүлдегері Сержан Маймахан ақын ағасына арнаған өлеңін оқыса, Нұржан Өмірбек патриоттық әндерді шырқап, жұртты тәнті етті. Мұнан соң қала мектептерінен келген ұстаздар ақынға көкейлеріндегі сауалдарын қойды. Қалқаман Айымғазыұлы барлық сұрақтарға егжей-тегжей, жан-жақты жауап берді. Студенттік өмірі туралы толғанып, тәуелсіздіктің елең-алаңындағы қиындықтарға тап келгенін еске алды. Ата-анасының беріректе бақилық болғанын, қазір ол кісілерді сағынатынын тебірене жеткізді. «Біз елдің алдында жүрген соң балалардың тәрбиесіне жауаптымыз. Жастардың қалыптасуы өзімізге байланысты. Бізге де Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова секілді әдебиеттің алыптары қолдау көрсетіп, дем берді. Жастардың шыңдалуына атсалысу мақсатымен «Шалқар» радиосынан «Қауырсын ғалам» , «Балаларға базарлық» бағдарламаларын аштық. Еліміздің әр аймағындағы талантты жастарды танытуға күш салудамыз. Жамбыл өңірінің де бірқатар талантты жастар сол бағдарламаға қатысты. Жалпы, елімізде балалар тақырыбына жазылған өлеңдер аз, әндер жоқтың қасы. Балалар тақырыбындағы әңгімелер де көп емес. Біз еліміздің болашағы саналатын жасөспірім балаларға мән беруіміз керек», – деген ақын бірнеше өлеңдерін шабыттанып оқыды. Әсіресе анасына арналған «Сен қасымда болғанда» және «Туың, Әнұраның, Елтаңбаң», «Жақсылық жаса» өлеңдері тыңдаушыларының көңіл пернесін дөп басып жатты. Әсерлі кездесуді аталған мектептің директоры Гүлжаһан Әбдірашева қорытындылап,ақын Қалқаман Саринге алғыс айтты.
Е.Жаңабайұлы.