Мұрат – «Мәдениет майталманы»
Мұрат – «Мәдениет майталманы»
Облыстық қазақ драма театрының талантты жас актерлерінің бірі Мұрат Құсайынов «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ шығармашылық қоғамдық бірлестігі ұсынған «Мәдениет майталманы» медалін иеленіп келді.
Жас актер таяуда ғана аталмыш бірлестікке мүшелікке өткен болатын. Осыған дейін ірілі-ұсақты 44 рөлді сомдаған Мұраттың өзі бұл медальді кинодағы рөлі үшін алғанын айтады.
«Бүгінгі күнге дейінгі еңбек өтіліме қарасам, қасиетті қара шаңырақ театрда 14 жыл қызмет етіппін. Оның ішінде басты рөлдерді қоспағанда қырыққа жуық рөлді сомдап, сан алуан образдың ашылуына, оның жандүниесіне, психологиясына қолымнан келгенше үңілдім. Берілген рөлді лайықты деңгейде алып шығуға барынша күш салдым. Бұл бірлестік өнер, шығармашылық адамдарымен тығыз қарым-қатынас орнатқан екен. Жас актерлердің осы уақытқа дейінгі жұмысын зерделеп, соның ішінен менің еңбегімді лайықты деп таныпты. Менің ойымша бұл марапатты маған кинодағы рөлім үшін берген сияқты. Осыдан біршама уақыт бұрын қырғыз елінің ұйытқы болуымен «Қырғыз қазақ бір туған» деген фильмге кастинг жарияланып, сол кастинг нәтижесінде іріктеліп шыққан төрт актердің бірі ретінде кинодағы негізгі рөлдің бірін сомдап шығу мүмкіндігін алдым. Рөлім сәтті шыққанын айтқандар да ұшырасты. Бұл шығармашылық бірлестік халықаралық деген атауы бар болған соң менің сол кинодағы рөліме орай осы марапатты ұсынды деп ойлаймын» дейді актер. Мұрат Құсайынов бұған дейін де өзінің кәсіби біліктілігінің, таланты мен еңбегінің арқасында бірқатар марапаттарға қол жеткізген. Былтыр өңірімізде өткен жас режиссерлердің республикалық «Дебют» фестивалінде де еңбегі еленіп, «Жоғары актерлік шеберлігі» номинациясын, Сәкен Сейфуллин атындағы республикалық эксперименталды фестивальде «Үздік актерлік ансамбль» номинациясын жеңіп алған-ды.
Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».