Саясат

Көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін жатақхана салынады

Көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін жатақхана салынады

Кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиында өңірдегі көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды жатақханамен қамту жайы сөз болды.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша облыс әкімдігі  құрылыс басқармасының басшысы Жайықбай Шалдаров баяндама жасады. Ол Тараз қаласындағы «Қарасу» (5) шағын ауданында көпбалалы отбасыларға арнап салынғалы жатқан 4 көпқабатты  әлеуметтік жатақхананың құрылыс жобасымен таныстырды. Басқарма басшысының айтуынша, бұл көпқабатты жатақханадағы пәтер саны 180 болады деп жоспарлануда. Ал жобаның жалпы құны 812 миллион теңгені құрайды. Құрылыстың жалпы аумағы 8 100 шаршы метрді құраса, пәтердің бір шаршы метрі 100,2 мың теңгеден айналады деп күтілуде.

Айта кету керек, жатақхана соғылатын аумақтың инфрақұрылымы шешілген. Ал  жатақханадағы әр пәтер екі бөлмеден тұрады деп жобалануда. Ондағы бір пәтердің жалпы ауданы 35-40 шаршы метрді құрайды. Әр пәтерде зал және жатын бөлме, сондай-ақ өз ас үйі, әжетханасы мен жуынатын (санузел) бөлмесі қаралған.  Жоспар бойынша жобаның барлық құжаттары алдағы үш айда дайындалып, құрылыс жұмыстары  ағымдағы жылдың маусым айында басталып, 1 желтоқсанда аяқталуы тиіс.

Асқар Исабекұлы құжаттарды дайындау мен құрылыс жұмыстарын барынша жылдамдатып, ағымдағы жылдың қазан айына дейін жатақхананы тапсыру керектігін баса айтты. Сондай-ақ өңір басшысы тұрғын үй кезегінде тұрған 23 мың адамның мәселесін шешу үшін  өңірдегі тұрғын үй құрылысының көлемін барынша арттыру қажеттігіне көңіл бөліп, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Жиын барысында «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Серік Олжабаев биыл жоба құны 203 миллион теңгені құрайтын, 45 пәтерлі екі көпқабатты әлеуметтік тұрғын үй соғуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Сонымен қатар серіктестік басшысы қолдау болса, бұл бағытта ауқымды құрылыс жұмыстарын жүргізуге жағдайларының жететіндігін білдірді. Асқар Исабекұлы тұрғын үй мәселесін шешуде мердігерлердің мүмкіншілігі мен әлеуетін пайдаланудың қос тарапқа да тиімділігін тілге тиек етіп, осы тұрғыда жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді.

Сондай-ақ басқосуда облыс орталығы және Шу, Жаңатас, Қаратау қалаларындағы тұрғын үй кезегінде тұрған аз қамтылған отбасылардың жатақхана мәселесін шешу жолдары сараланып, жаңа ғимарат соғу немесе бос нысандарды сатып алып, ыңғайластыру шаралары жан-жақты талқыланды.

Облыс әкімінің 

баспасөз қызметі.