Бірлігі мықты ел озар
Бірлігі мықты ел озар
Облыстағы этномәдени бірлестіктердің жастары Ыстықкөлден үлкен әсермен оралды.
«Барлық қазақстандықтар – бір туған жердің балалары. Біз бәріміз – біртұтас Қазақстан халқының әртүрлі және бірдей балаларымыз. Біздің бәрімізді бір мәселе толғандырады – бүкіл Қазақстан халқының әл-ауқаты. Біздің бәріміздің мақсатымыз бір – біздің ортақ Отанымыздың өркендеуі. Бұл біздің ортақ табысымыз, ортақ мақтанышымыз». Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында осылай ой сабақтаған Елбасы Н.Назарбаев жастармен жұмыс жүргізуді одан әрі нығайта түсу керектігін атап көрсеткен болатын.
Мемлекет басшысының назарындағы мәселе өңірімізде де оң шешімін табуда. Осы сөзіміздің айқын айғағының бірі – облыс әкімі, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы Кәрім Көкірекбаевтың тікелей қолдауымен Қырғыз Республикасының Ыстықкөл демалыс аймағында өткен облыстағы этномәдени бірлестіктер жастары көшбасшыларының форумы. Мұндағы мақсат – «Қазақстан-2050» Стратегиясында айқындалған салауатты қоғам қалыптастыру, жастарды қазақстандық патриотизм рухымен тәрбиелеу. Шілде айының соңғы күндерінде өткен ауқымды шараға елу адам қамтылды. «Ыстықкөл» демалыс аймағына ойдағыдай жеткен қатысушылар үш күн бойы әралуан мәдени-спорттық, танымдық-тәрбиелік шараларға атсалысты. Алғашқы күні форумның салтанатты ашылуы өтіп, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының басшысы Лариса Лысова құттықтау сөз сөйледі. Ашылу салтанатынан кейін «Мемлекеттік-ұлттық бірлікті нығайтатын бірегей сәйкестік, төзімділік, түсінік жұмыстарын қалыптастыру» тақырыбында тренинг ұйымдастырылды. Шарада белсенді қатысқан жастар өз ойларын ортаға салып, кең пікір алмасты. Этномәдени бірлестіктер жанындағы жастар орталықтарының жұмысын жетілдіру бағытындағы пікірсайыс та қызықты өтті. Онда орталық көшбасшылары тың тәжірибелерімен бөлісті. «Біз Қазақстан халқымыз» атты интеллектуалдық ойыны да тартысты болды. Осы күні өткен жастардың сабантой мерекесін форумға қатысушылар ғана емес, демалушылар да тамашалады. Мереке татар және башқұрт халқының ән-күйімен өрілді. Сабантой әзіл-ойын түрінде өтіп, әрі қарай би алаңында жалғасты. Мұнда қатысушылар күтпеген сыйлыққа кенелді. Ыстық күндегі Аяз ата мен Ақшақар жастарды балмұздаққа қарық қылды. «Нептун» мерекесінің көңілді өтуіне жастар аянбай үлес қосты. Әралуан көріністер қойылып, көл жағалауында спорттық ойындар ұйымдастырылды. Үш күннің аясында жастар осындай әралуан шаралардың бел ортасында жүрді. Әсіресе, Ыстықкөлдегі ең көрікті мекен Григорьев шатқалына жасаған саяхаттың әсері бөлек. Қатысушылар табиғат аясын қызықтап қана қоймай, таза ауамен тыныстап, ара балының дәмін татты. Қымыз ішіп, атпен серуендеді. «Бір шаңырақ астында» атты этно-ретро әндер фестивалі де жоғары деңгейде өтті. Командаларға бөлініп, сайысқан жастар жеребе бойынша түскен «Қара жорға», «Калинка», «Чайхана», «Хуторянка» әндерін орындады. Тағы бір атап өтерлігі, жастар форумы мұсылмандардың айт мерекесімен тұспа-тұс келуі. Ұлттық дәстүрді сақтай отырып, қатысушылар демалушыларды Ораза айтымен құттықтады. Ұйымдастырылған іс-шаралар Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Белоруссия, тағы да басқа мемлекеттерден демалуға келген туристердің қызығушылығын тудырды. Олар қазақстандықтардың біртұтас халық екеніне тағы бір тәнті болды. Форум осылайша жоғары деңгейде өз мәресіне жетті. Біз елге аман-есен оралған этномәдени бірлестіктер жастарын әңгімеге тартып, форумнан алған әсерлерімен бөлістік. Бәрі де осындай шараның өтуіне қолдау көрсеткен облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың атына шынайы ризашылықтарын жеткізді. Кенжебай ӨМІРБЕКОВ, «Достық үйі» мекемесінің қоғаммен байланыс менеджері: Этномәдени бірлестіктер жастары Ыстықкөл демалыс аймағында әрі демалды, әрі рухани азық алып оралды. Достықтың, татулықтың, тұрақтылықтың қадірін терең түсіне түсті. Елбасы саясатының жарқын жемісі бұл. Анна ЦОЙ, «Коре» кәрістер қауымдастырығы жастарының көшбасшысы: Ыстықкөлде өткен жастар форумынан үлкен әсер алдым. Қызықты және танымдық бағдарламалар, тренингтер мен спорттық ойындардың бәрі де тамаша өтті. Көп нәрсені үйрендім. Келешекте өз жұмысымда пайдаланатын боламын. Форумды ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Жұмыстарына жеміс тілеймін. Виктория РОМАНОВА, неміс этномәдени орталығының мүшесі: Форумға облыстан 25 этномәдени бірлестіктің жастары қатысты. Бұл үлкен бастама. Осындай ауқымды шараны ойластырып, ұйымдастырған ел ағаларына қалай ғана риза болмайсың. Бәріміз бір үйдің баласындай қоян-қолтық араласып кеттік. Қайтарда қимай қоштастық. Түрі бөлек болса да тілегі бір жастардың татулығына Қырғыз еліндегі туристер сүйсініп қараумен болды. Міне, форум қатысушыларының пікірі осылайша бір арнада тоғысты. Жүздері шаттықтан балбұл жанады. Бірлік туын биікке көтерген жастардың ортақ мақсат жолындағы құлшыныстары қуантты бізді.
Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».