Білім

Жақсының үйі мен түзі бірдей болады

Жақсының үйі мен түзі бірдей болады

Жыл-жылдар жылжып жатыр. Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын жас ұрпақ, өмірде алма-кезек. Өтіп жатыр. Ақындар «өмір-өзен» деп жырлайды. Ән шырқайды. Ұлы суреткер Ғабит Мүсірепов «Туған елден артық ел бар ма? Туған жерден артық жер бар ма?» деп жазады. Сөз зергерінің осы тұнық ойы Түгіскен ауылының бас қақпасында жазулы тұр. Оны кім жазып қойса да ақылды басшының ісі. Бәлкім, осы байырғы ауылдың қазіргі бас көтерер азаматтарының ірісі Манап Ермашовтың тірлігі болуы керек. Осы ұлы қағиданы жас ұрпақ ұмытпасын деп ой тастаған шығар. Себебі, мен өзім туып-өскен ауылда Манап сияқты жігіттер өздеріне дейінгі аға-апалардың өсиет-аманатын орындап, ел-жұртқа абыройлы кісілерді ұлықтау мәселесін өте жоғары қояды, үлгі-өнегесі көп адамдардан жалықпай үйренудің өзін «Абзалдық әліппесі» деп қарайды. Жақсы қасиеттерді айта берсең, ол саған да жұғысты болады. Менің Қали, Серік, Әбен, Қамбар сияқты сыныптастарым сол ауылдың зиялысы, ел ішіндегі әңгіме-шежіреге әбден қанық, жұрт мақтаған жігіттердің қоғамдағы орнын айтуға құмар. Отау тіккеніне 75 жылдың жүзі болған Түгіскен ұжымшарының тарихы ғой бізді қызықтырып отырғаны. Тарих пен тұлғалар жөнінде осы ауыл орта мектебінде жақында музей ашылды. Жап-жақсы жәдігерлер мен ресми құжаттары өткен күндердің белгісіндей көз алдыңнан ақырын-ақырын өтіп жатыр, солай болады. Түгіскеннің тұтас келбетін аз-кем айтайық. Арғы-бергі тарихы – ежелгі атақоныс 1945 жылға шейін «Бекпенбет талы» деп аталған. Бекпенбет өмірде болған адам. Кеңестік күштеп ұйымдастыру жылдары өзі өсіріп-баққан 500 сиырын аш-жалаңаш ағайынына тегін таратып беріп, баға жеткізгісіз байлығын халқының тірі қалуы үшін жұмсаған. Жарықтықтың жалғыз ғана қызы болған деседі. Мейірімді адам біздің атамыздай-ақ болар. Ұлы Отан соғысының Жеңіс күні берекелі «Талас» кеңшарынан енші алып, жаңадан құрылған «Түгіскен» кеңшарының осы қоныстан алғаш қазығын қаққан Мұса Мұқанов болатын. Түбі – қарағандылық азамат. Мәскеуде «Қаракөл өндірісі» кәсіпорнының басшысы қызметін атқарған. Ал кеңшардың директоры сол кісінің бауыры, аса бір ақылды Қалкен Мұқанов еді. Қазақстан аумағында ірілі-ұсақты 85 мың өзен бар. Соның бірі – жалпы ұзындығы 420 шақырымға созылып жатқан Талас өзенінің бойында енді ғана ашылған Түгіскеннің түптің-түбінде табысты шаруашылыққа айналып, сонау Бетпақдалаға дейін сұғынып баратын аймақтың ең іргелі ауыл болатынын сезіп, қолдаған жандардың айтқандары дәл келді. Түгіскен – Жамбыл-Талас өңірінде қаракөл қойын өсіруде өзгеден оқ бойы озық болды. Мәскеуден бір орталықтан басқарылатын «Қаракөл қой өндірісінің» тресі ме, әлде басқалай атала ма, сол бір мекемені ұзақ жылдар бойы басқарған Мұса (Мусиф) Мұқанов ақсақалмен 1995 жылы Алматыда тұрған үйінде кездескенімізде, сол уақытта әжептәуір қартайып, егде тартқан кісі менің Түгіскен жайында деректі кітап жазып жүргенімді өз аузымнан естіп, жарты ғасыр артта қалған жылдарды шамасы келгенінше қайта еске түсіріп, талай-талай біз біле бермейтін, тіптен біле алмайтын керек тұстарды әңгімеледі. Әуелі ауылдың атауы жайында «Түгіскен» «түгі өскен, жайқалған өңір-аймақ» деген ұғымды білдіреді. Талас пен Аса өзендерінің тоғысқан жері деп те айтады. Сол жылдары обкомның бірінші хатшысы Еділбаевқа осы атауды ұсынған Ағыбай мен Мәдіомар, Бөрібек мен Иманәлі әкелеріміз екен. Кеңшар ұжымына Үшаралдан тәжірибелі адамдар шақырылып, 1960 жылдың бедерінде партия ұйымын басқаруға әрі жас, әрі жоғары білімді азамат қажет болады. Қатардағы кеңшардан асыл тұқымды мал зауыты мәртебесін алған ұжымға Оспан Тәттібаевтай жоғары оқу орнын бітіріп, мектепте директор, «Қаратау» кеңшары парткомының хатшысы қызметінде болған жас коммунисті жіберуі бекерден-бекер емес екен. Түгіскен мен Тәттібаевтың, Түгіскен мен Тасыбаевтың есімдері егіз ұғымға айналғандай. Бірі – 22 жыл партком хатшысы, екіншісі – 27 жыл асыл тұқымды мал зауытының директоры болды. Біз өскен ауылдың тізгінін ұстап, қарапайым халықтың алтыннан да бағалы еңбегінің жемісін Түгіскеннің ақ шағаладай жарқыратып, сәулеті мен дәулеті дүркіреген өмірімен үйлестіре алғаны үшін ел ағаларына алғыс жаудырып жүреміз, әлбетте. Басқасын айтпағанда, байырғы Талас ауданы мен бірде ашылып, бірде жабылып тағдырлы шешімдердің қызығын да, қиындығын да басынан өткерген Сарысу ауданында дәл Түгіскеннің байлығымен, елді мекеннің жаңа сәулетті келбетімен иық тірестірмек түгілі, тең келетін шаруашылық жоқтың қасы десек те болады. Түгіскеннің тасы өрге домалады. 70-80-ші жылдары Қазақстан аумағынан асып, бүкіл Одаққа әйгілі болды. Көп жыл ұжымшарды өрге сүйреген Тасыбаев пен Тәттібаевтар аудан, облыс санасатын тұлғалар деңгейіне көтерілді. Қазақстандық қой өсірушілердің тұңғыш құрылтайында түгіскендік өкілдің сөз сөйлеуі, Алматыда Республика сарайының төрінен үн қатуының саяси салмағы да жауапты әрі ауыр болатын. Партком хатшысы көз майын тауысып, талай мәрте сүзгіден өткізіп әзірлеген сөздің нұсқасын Орталық комитеттің ешбір ескертусіз құп алғаны, айтуға ғана оңай-ау. Сол стенограммалық тізбеде, тасқа басылған сөз де енді тарих қойнауына кетті білем. Көнекөз Мұса ақсақал айтқан тағы бір дәйек мынадай. Терең тарихи дәуірдің бастауында келе жатқан Талас ауданының құрамынан Сарысу ауданын ашу қажеттігі туындаған уақытта «Түгіскенсіз» аудан коммунистерінің саны ұйымдық құрылым құруға жетпей қалады. Екіншіден, жаңа ауданның әлеуметтік-экономикалық даму жағдайында бұл шаруашылықтың орны бөлек еді. Солай көш түзеліп, Түгіскен саялы Сарысудың айнасы болады. Қабағымен қарап-ақ кімнің кім екенін Толыбай сыншыдай тап басатын, ұстаздық білімі бар кісінің сол кеңшарға 27 жыл бойы жетекшілік еткен Сейітжан Тасыбаевты мектепте сабақ оқытқан ағайы болғанын біз кейінірек білгенбіз. ҚазМУ-дің тарих пәнінің мұғалімі оқуын бітіргенін де. Бізге партком хатшысы лауазымына отырған адам сырттай қарағанда аса қатал, сықиып қалған мінезді, ресми сөйлеп, салқындау қарым-қатынас құратын болмысымен көрініп, сезіндіретін. Оспан аға ол санаттан емес. Біздің ауылдың адамдары «Жақсының үйі мен түзі бірдей болады» деген асқақ сөзін кішкентайымыздан құлағымызға құйып, санамызға сіңдіріп өсірді. Арғы-бергі ел тарихынан белгілі – Ұлбике мен Жаңылдық, Қанқожа мен Төреқожа ақындардың, одан әріге тамыр тартсаң Тоқберген мен Сапақ, Кенбай мен Момын, Байсалбай секілді жүз ойды бір сөзге сыйдырған хас шеберлер, өз заманынан озып туған би-шешен, Жалаңбастай көш бастаған батырлардың ұрпақтары тереңінен толғаудың асыл қазынасы әрі қара сөздің ұстасы болмай қайтеді? Үшарал-Талас сөз өнерінің киесі қонған құдіретті жер екен. Сөз қадірін білу – ақылды адамның асыл қасиеті. Кемеңгерлердің көлеңкесі де саялы. Елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, асыл сөзін айтып, ақ сөйлейтін партком хатшысы әр жыл өткен сайын тұлғалық биікке көтеріліп келе жатты. Оның адамдармен тез тіл табысуы, саяси сауатының үйлесімді болуы және өзін де, өз шаңырағын да түзу ұстай білуі бүтін бір ауылдың арқасүйер азаматы атануына әсер етті деп ойлаймыз. Қоғамдық оң пікір әдетте осылай тез қалыптасады. Түнгі таудан көрінген оттай болған жастық шағында от боп жанбаса, кім болмақ? Оспан аға мен ол кісінің асыл жары Роза Досымбаеваның кісілік және отбасылық өмірі мен зиялы жандардың озық үлгі-өнегесін айтуды замандастарына қалдырайық... Қыстауы – Мойынқұм қойнауы, жаз жайлауы – Ақсай жазығында 70 мың қой өсіріп, қаракөл елтірісін өндірген шаруашылықта шопандардың тұрмыс жағдайын жақсарту негізгі міндеті болса, әлеуметтік даму айшықтары да көрінуі тиіс еді. Бір-екі мысал келтіре кетейік. Қиян түкпірдегі қай ауылда жылуы мен суы орталықтандырылған, екі қабатты коттедждер, жаңа үлгіде үш қабатты мектеп, екі қабатты балабақша, 400 орынды Мәдениет үйі салынып, оқтай түзу көшелері мен тақтайдай тегіс жолдар төселді. Айрандай ұйыған бірлігі мен берекесі бар ел ғана осындай игіліктерді жасай алады. Еңбек сүйгіш, адал адамдар жасайды. Партиялық тәртіпке бас иген заманда саяси жетекшінің үлесін енді салмақтай беріңіз. Халық жазушысы Шерхан Мұртаза 1957 жылы «Лениншіл жас» газетінде тілші қызметін атқарып жүргенінде «Талас көктемі» деген тақырыппен үш нөмірге көркем очеркін жариялайды. Сол еңбеккер жастар тақырыбына арналған мақалада жастардың саяси сауаттылығын көтеру мәселесі сөз болады. Оспан Тәттібаевтардың шалғайдағы ауылға баруына осындай мақалалардың жазылуы түрткі болмады деп айта аласыз ба? Жо-жоқ, баспасөз дабылына партия сергек қараған. Шерағаң 70-жылдары «Жұмсақ алтын» деген әдемі әңгімесінде қырық жыл бойы қой бағып, бірде-бір рет мал шығынын жасамаған қарт шопан Мергенбай Төлепбергеновті прототип етіп алғанын айтсақ ше? Сол көркем әңгімеде жүзі күнге күйіп, көзі оттай жанған жас басшы Оспан ағайлардың образы. Салмақты сөзі мен жұмсақ үніне, шопан ауылының түнгі түңлігін түріп жіберетіндей жарқ-жұрқ еткен жігерлігі мен ел жаңалықтарын тәпіштеп айтқан салиқалы әңгімесіне сүйсінеді. Қызметтегі көрсеткіштерден гөрі жастар тәрбиесі мен ауыл мәдениетіне көбірек ден қоятын Оспан ағайдың тұсында адамдарды үркітетіндей дау-дамай да, түсінбестік райда әңгіме де болмаған дейді. Сұлтан Рақымжанов сынды жастар жетекшісін аудандық комсомол ұйымының хатшысына көтерді, Әбдіманап Көпбергенов болса, ауыл зоотехнигінен аудан әкімі, екі дүркін Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайлануына дейін барды. «Түгіскен» орта мектебінің негізін қалыптастырушы Әбдіғазит Жылқайдаров ағайдың білім ошағын 27 жыл үздіксіз басқаруы өзін-өзі ақтағанын, оның талантты шәкірттер тәрбиелеп шығаруымен атап айтар болсақ, Оспан ағай талапты жастардың үлкен өмірден өз орнын табуына қамқорлық жасады. Бір мезгілде Түгіскеннен бір топ журналистер шоғыры жарқ ете қалды. Ересектеуіміз Мыңжасар Өткелбаев «Лениншіл жас» газетін етігінің қонышына салып жүріп оқып, қара жұмыстан қолы қалт еткенде республикалық жастар газетіне репортаж, очерктерін жолдайды. Жазғаны газетте шығып жатады. Ферма зоотехнигі Әбдіманап Көпбергенов те «Лениншіл жастың» штаттан тыс тілшісі. Болат Мәуленов пен Болат Жаппаров ҚазМУ-дың журналистика факультетінде оқиды. Біз Оңлагүл Арзықұлова, Дүйсен Молдақұлов, Қали Омаров сияқты оқушылар аудандық, облыстық, республикалық «Қазақстан пионері» газетіне жарыса мақала жазамыз. Ол аз десеңіз, Ералы Әбілезов, Әбді Шынбатыров ағаларымыздың әзіл әңгімелері мен әдеби зерттеулері әртүрлі басылымдарда жиі жарияланып тұрады. Сын мақалалар шыққан сайын ол заманда алашапқын болмаса да, орынды қозғалып, көтерілген мәселеге байланысты дер кезінде жауап беріледі. Оспан Тәттібаев ағамыз сондай жайсыздау мақала шыққан кезде ұрыспайды. «Ә, балам! Мақалаңды оқыдым, жақсы жазыпсың» деп көтермелеп қойып, ақыл-кеңесін айтып отыратын. «Әдебиет – өнер, журналистика – қажетті кәсіп» деп айтқан Оспан ағамыз болатын. Асыл сабырлы, адал көңілді Роза әпкей орыс әдебиетінен сабақ берді. Соншама сүйкімді мұғалімнің сабақты түсіндіруі қарапайым әрі өте ұғынықты. «Жақсы оқысаң, жақсы азамат боласың!» деген сөзін күн сайын қайталайтын ол кісі оқушыларға салыстырмалы баға қоюға келгенде, оған мүлде басқаша қарайтын еді. Әр оқушының үй тапсырмасын орындауы мен сабақ үстіндегі алғырлығын іштей түйіп, ертеңін бағамдайды ма екен, біздің сыныпта ешкім «екілік» алған емес, бірақ озат оқушылардың атын атап, басқаларға өнеге ететін. Бұл да педагогикалық амал-әдіс болса керек. Мұғалім бізге сенеді, сондықтан да тырысып оқитынбыз. Апайдың сабағын. Дәл қай жылы екені есіме түспей отыр. Әр шаңыраққа келіп тұратын «Мәдениет және тұрмыс» журналында «Үлгілі үй» деген тақырыппен жарияланған мақалада Роза апайдың бала тәрбиесі мен үйдің іші-сыртын күтіп ұстау, дастарқан мәзірін әзірлеу, қонақ күту дағдысын тәжірибе етіп таратқан-ды. Айтпақшы, бұл кісі ұлы Мұхтар Әуезовтің туған қарындасы Үміттің Мұхтаха деген қызынан өрбіген, нағашы апасының қолында тәрбиеленген тектілігі де бар еді. Жансерігі осындай асыл болған жігіттің арманы бар ма? Бір адамның бір ауылда 22 жыл партком хатшысы болуы, меніңше, сирек кездеседі. Ал мұның себебі неде? Жақсы басшының бір орнында ұзақ отыруы әрине, тиімді. Бабы да, бағы да келіскен азаматқа сенеді, оған ешкімнің басы ауырмайды. Үлгілі ауылды ұстап тұрудың тәсілі. Әйтпесе мансап пен қызмет жолын қуса, бұл кісі де ықпалды жолын табар еді-ау. Өзінің туған ағасы Тұрсынбай – байырғы ұжымшар төрағасы, Социалистік Еңбек Ері, туған қайын атасы Әбдіжапар Досымбаев болса, бірнеше аудандық атқару комитетінің төрағасы, облатком төрағасының бірінші орынбасары, Социалистік Еңбек Ері. Ал атақты «Талас» кеңшарының әйгілі директоры, Алтын жұлдызды Әбдір Сағынтаев туған құдасы. Қызы Гүлшат Әбекеңнің ұлы Қыстаубай батырмен екеуі ыстық махаббатпен отау құрған, бәрі де айтқан сөзі жерде қалмайтын, тірек бола алатын абыройлы адамдар. Оспан ағайдың осы өмірбаяндық тарихының өзі бір абыройлы адамға жетеді. Тұрақтылық демекші, Түгіскенде кім жұмыс істеп, қызмет атқарса да ұзағынан болған дәстүр бар. Бас мал дәрігері Жолдабай Ысқақов та, бас зоотехник Нұрәлі Мәдіомаров та лауазымды қызметтерінде ширек ғасырдан астам уақыт отырды. Барлығы да таза тәртіптің адамдары еді. Кілең мықтының арасында бәрі де мықты еді. Солай десек те, құрмет төрінде баршасы бірдей сыйлап, қадірлеген Оспан Тәттібаев күлімдеп қана отырар еді. Кешегі кеңестік дәуірде партком хатшысы қандай болудың өзіндік мектебін қалыптастырған кісіні үлгі тұтқан ауылдастары мен үзеңгілес әріптестері былайғы уақытта кейбір аудан, облыстық ұйым хатшыларының не істеп, не қойғанын білмей, атын да ұмытып қалатын адамдар болғанын да сезіне білген. Ал Осекең арқылы ақылды биіндей айнымас тұлғаны көрді. Жауапкершілікті терең сезіну мен ауыр мінез, тәкәппарлық пен талғампаздық, көркем бет-бейнелі, мығым денелі, аз сөйлеп, көп тыңдауға құлықты ағамыздың ұл-қыздары да нағыз қазақтың ізгі қасиеттерімен ортамызда қадірлі. Роза әпкейіміз болса, бүкіл ауылдың мұғалім қыз-келіншектеріне қала мәдениетін, оқыған зиялы адамның жарасымды отбасылық тәрбиесін алып келді. Қандай оқушы-шәкірттері болмасын, оларға дауыс көтермей-ақ, журналға жалған немесе қатаң баға қоймай-ақ жақсы білім берді, сонымен қатар өз бала-шағасының қалай ибалы, иманды әрі тәрбиелі болып өскенін әйгілеумен-ақ зор құрметке бөленді. Өмір-өзен арнасында жақсылықтың желкенін керіп, жүзген бұл адамдар шын мәнінде бір-бірін байытып, бақытты өмір сүрді. Аяулы ағамыз пен әпкейіміз Алланың берген 76 және 80 жасын жасады. Артында қалған өнегесі ұрпағымен бірге әлі талай жерде түпкі тектілігін байқатады деп ойлаймын. Айтпақшы, 1995 жылы «Түгіскен» кеңшарының құрылғанына 50 жыл толуына орай «Сағасында Таластың бір ауыл бар» деген прозалық кітабымыз жарыққа шығып, сол тырнақалды туындымызды оқыған Оспан ағайдың қолымды алып тұрып: «Бұл бастамасы ғой. Біздің ауылдың асыл адамдары мен бай тарихы туралы әлі талай кітап жазылуы керек» деп айтқан ақ тілегі мен арқадан қаққан алақан жылуын ылғи да сезініп жүремін.

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН.