Экономика

Тыңайтқыштың жаңа түрі

Тыңайтқыштың жаңа түрі

Жаңа Жамбыл фосфор зауытында өндіріле бастады

Еліміздегі жетекші партия «Нұр Отанның» қолдауымен партияның белсенді, талантты мүшелерін іздестіру және іріктеу, олардың әлеуетін тиімді пайдалану мақсатында «Партияның 50 тұлғасы» атты жоба ұйымдастырылған болатын. Бүгінгі таңда оның құрамында бес жамбылдық бар. Олардың әрқайсысы ел игілігі үшін жұмыс істеп, өз жобаларын жүзеге асырып келеді. Солардың бірі – «Казфосфат» ЖШС Жаңа Жамбыл фосфор зауытының қоршаған ортаны қорғау бөлімі басшысының орынбасары Арман Қарағалиевтің зауыт қалдықтарын тиімді пайдалануға арналған «Жасыл экономика» саясатын енгізу және дамыту» атты жобасының таныстырылымы өтті. Арман Мейірқұлұлы қолға алған істің аса маңызды екенін атап өткен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы бөлімінің меңгерушісі Сәкен Қондыбаев, бұл жұмыстың әрі қарай өркендеуіне көшбасшы партия өз қолғабысын тигізетіндігін тілге тиек етті.  Аталмыш жоба аясында зауыт қызметкерлері 2014 жылдың мамыр айынан бастап қалдықтарды өңдеп, ауылшаруашылығы өнімдеріне аса қажетті құрамында фосфор мен калий бар тыңайтқыш жасауда. Бүгінгі таңда біршама дайын өнім цехта сақтаулы. Ал мұндай цехтар мұнда – сегіз. Бір тонна қалдықты өңдеуге тиісінше 8 сағат жұмсалады екен. Айтпақшы, оған алғашқы болып қытайлықтар тапсырыс бермек. Олар дихандарға қажетті өнімді бізден алуға ниет білдіріпті. Жұмыс қатты қалдықтарды кептіруден басталып, одан әрі ұнтақтауға ұласады. Майдаланған шикізатқа су қосылып, нәтижесінде пайда болған ылғалды түйіршіктер 220 градуста қыздырылады. Осыдан шыққан дайын өнім фосфорлы-калилы тыңайтқыш деген атауға ие. Ондағы фосфордың үлесі 21-23 пайызды құраса, 12-15 пайыздай калий химиялық элементінің еншісінде.

Назгүл ӘБУШӘРІПҚЫЗЫ, «Ақ жол».