Әлеумет

Көзін тапқанға табыс көп

Көзін тапқанға табыс көп

Қазір қай ауылда болмасын шағын және орта бизнес өкілдері бар. Олардың жұртқа тигізіп жатқан пайдасы зор. Шағын асхана ашса да, бірнеше адам жұмысқа тұрып, нәпақасын табады. Бюджетке пайда түсіріп, елдің игілігін арттырады. Ол қаржы ауылдың ойқы-шойқы жолын жөндеп, болмаса жарамсыз көпірін қайта жаңартып, ауылдың ажарын кіргізуде. Осындай кәсіпкерлердің қатары артса, жұмыссыздық азайып, пайда көбейер еді.

Сарыкемер ауылының тұрғыны кәсіпкер Өмірбек Тінәлиевті қалай мақтасақ та жарасады. Аймантөбе ауылында дүниеге келген ол ержетісімен механизатор болып тер төкті. Трактор бригадасының бригадирі ретінде ел байлығын еселеп, озаттардың қатарынан орын алды. Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітіріп, жоғары білімді маман ретінде мал шаруашылығында аянбай еңбек етті. Содан барып еңбегіне құрметпен қарайтын Өмірбек аудандағы келешегі зор мамандардың санатына енді. Алайда, тоқсаныншы жылдары кеңестік жүйе ыдырап, шаруашылықтар тарады. Жұмыссыз қалған Өмірбек алғашқылардың бірі болып жеке кәсіпке бел буды. Міне, содан бері де талай жылдар өтті. Алғашқыда үлкен қалаларда бастау алған кәсіпкерлік қазіргі таңда ауылдарға да жетті. Шағын май құю бекетін ашты. Шаруасын оңтайлап, енді оған қажетті май таситын автокөлікті сатып алды. Еңсесін тіктеген ауылдарда жеке көліктің саны көбейді. Сұраныс бар жерде, тірлік бар. Кәсіпкер енді екінші май құю стансасын ашты. Оның жанынан көлік жөндейтін орын да пайдалануға берілді. Осылай бизнеске деген жол ашылды. Қазіргі таңда аудан орталығы Сарыкемерден бастап ауылдарға қызмет ететін бірнеше сауда дүкендері, халыққа қызмет көрсететін орындары бар кәсіпкер ретінде танылған Өмірбектің шаруасы оңды. Жиырмадан аса ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, тұрақты айлық төлеп отырған кәсіпкерге олар да риза. Жұбайы Сәуле Ақылбаева да аудандағы іскер әйелдер қауымының белсенді мүшесі. Аудандағы қоғамдық, қайырымдылық шаралардың бел ортасында жүреді. Өнегелі ұл-қыз өсіріп, өмір көшіне қосып отырған жарасымды отбасы Байзақ баба мешітінің қорына ай сайын қаржы аударып тұруды әдетке айналдырған. Осындай азаматтардың қатары көбейіп жатса, өзгеге үлгі-өнеге емес пе!

Есіркеп Серікбайұлы, Байзақ ауданы.