Әлеумет

Жүзімімен аты шыққан Жамбыл едік...

Жүзімімен аты шыққан Жамбыл едік...

Бағбандар аузында «жылжымайтын капиталға» айналған оны өсіруді қайта қолға алу – өңір экономикасын арттыра түседі.

23 24Ұшса – қыран қанаты талатын, шапса – тұлпар тұяғы тозатын кең байтақ Қазақстанның әр аймағының ауа райы мен жер жағдайына қарай өзіндік ерекшеліктері бар. Еліміздің Оңтүстік өңірінде көктем ерте туып, жаз ұзақ болады. Өзге аймақтарға қарағанда қыс та жұмсақ. Сондықтан Оңтүстік жеміс-жидек және көкөніс өсіруге қолайлы өңір. Жамбыл облысы да кезінде өзінің жеміс-жидегінің және күн жемісі – жүзімімен атағы дүркіреп шыққаны белгілі. Жүзімнен жасалған жамбылдық шарап Солтүстік өңірлерге және елімізден тыс жерлерде үлкен сұранысқа ие болатын. Облыста алма, алмұрт және түрлі көкөніс Ресейдің қиыр шығыстағы аймақтарына дейін вагондап жөнелтілетін. Енді бүгінде соның бәрі көрген түс сияқты. Бұл бағытта орасан әлеуеті бар облысымыздың кейінгі кезде жеміс-жидек пен көкөністің бір бөлігін көршілес мемлекеттерден, Қытай мен Түркиядан тасып, тұтынып жатқаны алаңдатады әрі қапаландырады. Өзгенің не нәрі, не құнары жоқ дәріге піскен жемістері ертең денсаулыққа да қауіп төндірмейтініне кім кепіл? Бұрын облысымыз жүзімнің «кіші отаны» болатын. Бұл шаруаның біраз уақыттан бері бетімен жіберілгені облыс басшылары мен көптеген жанашыр азаматтарды алаңдатып жүргені анық. 

Күн жемісі – күнкөрістің бір көзі

Жүзім – көпжылдық өсімдік. Ол адамның ас сіңіруін жақсартып, зат алмасуын тездетеді. Дәнінен тағамдық және техникалық май алынады. Өңделген жүзімнен шарап, коньяк, шампан жасалады. Сығынды қалдықтарынан этил спирті, сірке суы, шарап қалдықтары алынады. Көшеттерден отырғызылған жүзім 2-3 жылдан кейін өнім береді. Олар 40-50 жылға дейін жеміс салады. Бір шоқта 100 данаға дейін жүзім болады. Күн жемісі адамның ағзасын холестериннен тазартады. Медицинада гемоглобинді көтеру үшін, қан аздыққа, бүйрек, жүрек, жүйке ауруларына қарсы, бронхит кезінде жөтел мен қақырық шығару үшін қолданылады. Оның шырыны несеп және өт айдауға пайдаланылады. Кейінгі кезде ғалымдар жүзім сүйегінің қатерлі ісіктерге қарсы ем болатынын дәлелдеуде. Одан шырын, компот, тосап және мармелад жасалады. Сондай-ақ, оны кептіріп мейіз жасайды. Жүзім құрамындағы дәрумендер миға өте пайдалы. Қос уыс жүзім немесе оның бір кесе таза сығынды шырынын ішу денені және ми жасушаларын ширатады. Бір килограмм жүзім – 1,150 грамм сүт, 390 грамм ет, 300 грамм нан және 1,200 грамм картопқа тең саналады. Емдік қасиеті бар амин қышқылы, А және В дәрумені, калий, магний, кальций, силиций, йод, мырыш, күкірт және марганец сияқты элементтер де жүзімнің құрамында кездеседі. Ол адамның иммунитетін күшейтеді, жүйкені тыныштандырып, терінің түлеуін арттырады. Сондай-ақ, аллергия мен буындарда тұз жиналуының алдын алуда таптырмайды. Оның қасиетінің Құранда да айтылуы тегін болмаса керек. Сарсаңға салған солақай саясат

«Қазақстан-2030» Стратегиялық бағдарламасында Оңтүстік өңір, оның ішінде облысымызда жеміс-көкөніс өсіруге басымдық берілген. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында және жыл сайынғы Жолдауларында отандық, экологиялық жағынан таза өнім өсіруге ерекше көңіл бөліп келеді. Үкіметтің 2001 жылы 12 желтоқсанда елімізде жүзім шаруашылығы мен шарап өндіруді қалпына келтіру туралы Қаулысы бар. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 25 маусымдағы №633 Қаулысын іске асыру мақсатында облыс әкімдігі жеміс-көкөніс және туризм кластерлерін құру, дамыту үшін облыстық үйлестіру кеңесін құрды. Оны жүзеге асыру мақсатында іс-шаралар белгіленіп, бірқатар шаруа қолға алынды. Өкінішке қарай, осынау маңызды іс басталды да тасталды. Соның салдарынан экономикамызды дамытудағы маңызды буынның бірі іске қосылмай қалды. «Күн жемісі» аталған, құнарға бай, қасиетті жүзім дақылы кез-келген жерге өсе бермейді. Біздің облыс – жақсы өнім беретін өңірдің бірі. Бұрын оны өсірумен және шарап жасаумен көптеген шаруашылықтар шұғылданатын. Кеңестік кезеңде облыста жүзім 8 мың гектар алқапқа өсірілетін. Оны аудандарда алғаш өңдейтін 6 зауыт және Таразда екінші қайтара өңдейтін бір зауыт жұмыс істеді. Мұның өзі облыс тұрғындарының шарапқа деген сұранысын өтеумен қатар жергілікті бюджетке елеулі қаржы түсіретін. Өнімнің бір бөлігі басқа облыстарға жіберілетін. Бұл сала 1985 жылғы горбачевтік солақай саясаттан кейін үлкен тоқырауға ұшырады. Мыңдаған гектар жүзімдік оталып, шарапты алғаш өңдейтін кәсіпорындар жұмыс ырғағынан жаңылды. Жүздеген адам жұмыс істейтін Жамбыл ауданындағы Жасөркен, Шайқорық және Меркі ауданындағы Ақарал, Қордайдың Қарасай ауылындағы шарап зауыттары тоқтап қалды. Шайқорықтағы шарап зауыты мүлде жойылып кетті. Нан тауып отырған жұмысынан айырылып қалу кімге оңай соқсын? Нәпақасын осы саладан айырып жүрген көптеген азаматтар кәсіп іздеп тентіреп кетті. Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Кемелхан Әбілековтің мына бір айтқан әңгімесі ешкімді бей-жай қалдырмайды. Кеңестік кезеңде Байзақ ауданындағы Чапаев шаруашылығы (қазіргі Шахан ауылы) құмда жүзім өсіретін. Шаруашылықтың бас шарап жасаушысы Шоқан Смайылов Болгарияда өткен бірнеше мемлекеттердің шарап өндірушілер конкурсына қатысып, Алтын медальға ие болады. Осында өсірілген жүзім дәмі және сапасы жөнінен жоғары бағаланады. Сонда басқа мемлекеттерден келген мамандар құмда да осындай күн жемісі өсетініне қатты таңданған екен. Горбачевтік солақай саясат кезінде осы шаруашылықтағы жүзімдікті де толық отауға тапсырма беріледі. Оны сақтап қалу үшін Шоқан Смайылов билік басындағы азаматтарға талай мәрте барады. Әйтсе де, биліктегілер оның: «Шарабы құрысын, еш болмаса, шырын өндірейік, жүзімдіктерді сақтап қалайық» деген ұсынысына құлақ аспай қояды. Жүзімдік оталған кезде Ш. Смайылов жүрек талмасына ұшырайды. Өзінің мамандығын шексіз сүйетін азамат мынадай қысастыққа төзе алмай көп ұзамай қайтыс болады.

Алаңдап жүрген адам көп

Жамбыл ауданындағы Жамбыл кеңшарында 1985 жылы 1600 гектар жүзімдік, 450 гектар алма бағы бар болатын. Шайқорық ауылында 1976 жылы салынған зауыт жылына 5 мың тонна жүзім өңдейтін. «Күн жемісі» алқабы азаюына байланысты кәсіпорынның жұмысы қожырады. Бәсекеге төтеп бере алмауына байланысты зауыт жұмысын мүлде тоқтатты. Кейін жеке тұлғаларға сатылды. Қазір Шайқорықта бір гектар да жүзімдік жоқ. Жабдығы түгел талан-тараж болған, алып зауыттың орны да қалмаған. – Жүзім өсіру оңай емес. Әйтсе де оның пайдасы да көп. Бұрын Жамбыл ауданында бұл жұмыспен мыңнан астам адам шұғылданатын. Зауыт тоқтаған соң солардың бәрі жұмыссыз қалды. Жүзімді жұрт жылжымайтын капиталға теңейді. Бұл өте дұрыс. Егер оны өсіріп, жақсы күтім жасаса, елу жылға дейін өнім береді. Ең бастысы, біз өзімізді экологиялық жағынан таза, дәрумен мен құнарға бай жергілікті өніммен қамтамасыз етеміз. Шырын өндіру арқылы ғана қаншама адамның денсаулығын жақсартар едік. Ауылдық округ аумағында жүзім өсіруде тәжірибесі мол азаматтар әлі де бар. Ертең жүзім өсіру қолға алынып, оны өңдейтін цех салынса, олар оған екі білегін сыбанып кірісер еді, – дейді Жамбыл ауданы Жамбыл ауылдық округінің әкімі Бақыт Садырбаев. Жамбыл ауданындағы Жасөркен ауылының аты елімізге шарап өндірумен кеңінен танылған болатын. 1986 жылы шарап өндірушілердің республикалық конкурсында Жасөркен жүзімді алғаш өңдеу зауытында өндірілген Кагор шарабы құнарлылығы мен сапасы жөнінен бірінші орынды жеңіп алады. Кагор – қаны аз адамдар үшін аса пайдалы шарап. Осы жылы мұнда 50 тонна кагор өндірілген. Жасөркенде 630 гектар жүзімдік бар еді. Осындағы зауыт жылына 5 мың тонна шикізат қабылдап, одан 3,5 мың тонна шарап материалын шығаратын. Оның 3 мың тоннасын Алматыдағы шампан шығаратын зауытқа жөнелтетін. Бұл жұмыспен 400-ден астам адам шұғылданды. Зауытта бұрын бас шарап жасаушы болып істеген Кенжетай Құрманқұлов осы мәселе туралы әңгіме қозғалса, жүзінде өкініш табы пайда болады. Бұл кәсіпорынның жұмысы да горбачевтік солақай саясаттан кейін құлдырай берген. Дегенмен, жасөркендіктер көптеген қиындықтарға қарамастан зауыттағы жабдықтың денін сақтап қалды. Осыдан біраз уақыт бұрын жұмысы тоқтап тұрған зауытты кәсіпкер Әбубәкір Кулиев 78 гектар жүзімдікпен қосып сатып алған. Кәсіпкер кәсіпорынды қайта жарақтандырудан өткізген. Бүгінде ол жылына мың тонна жүзім қабылдап, өңдей алады. Ә. Кулиевтің меншігіндегі 78 гектар өсімдік Талас өзенінің суымен ылғалдандырылады. Оны суару үшін сорап арқылы 190 метр жерге су жеткізу керек. Сорап электр қуатымен жұмыс істейді. Осыған кететін шығын көп болғандықтан кәсіпкер жүзімдікті суару, күтіп-баптауды бетімен жіберген. Қазір «күн жемісі» ауылдағы малдың жайлауына айналған. Зауыттың жұмысы да тоқтап тұр. Иесі оны сата алмай жүрген көрінеді. – Жасөркеннің жүзімі экологиялық жағынан өте таза өнімнің бірі болып табылады. Егер 78 гектар алқапқа ие табылып, суғарылып, күтімге алынса, одан мол өнім алуға болады. Мемлекет жүзім өсіргендерге субсидия береді. Электр қуатына жұмсалған шығынның бір бөлігін осы қаржымен жабуға болады. Өнім болса, өңдейтін зауыт та дайын. Тек, бұл іске нақты жанашыр қожайын табылмай тұр, – дейді «Вингруп» ЖШС атқарушы директоры Кенжетай Құрманқұлов. Кенжекеңнің айтуына қарағанда іс дұрыс ұйымдастырылса, мұнда келешекте 300 гектар алқапқа дейін жүзімдік өсіріп, оны өңдеу арқылы қыруар шарап пен шырын өндіруге болады. Қазір жұрттың бәрі таза және табиғи өнімге ұмтылады. Осында өндірілген өнім үлкен сұранысқа ие болар еді. Талай адамға жаңа жұмыс орны ашылады. Ендеше, Жасөркеннің бұрынғы бағын қайта жандандыратын азамат та табылып қалар деген сенімдеміз.

Бізге Бақыт сияқты патриоттар керек

Еліміздің экономикасы өркендеп, халықтың әл-ауқаты мен тұрмысы жақсаруына байланысты көптеген азаматтар дүкен сөрелерінен сапасы жоғары, бағасы қолжетімді, экологиялық жағынан таза отандық өнім іздей бастады. Өкінішке қарай, олар бүгінде жергілікті жерде өндірілетін, дәмі тіл үйіретін шарапты шаммен іздесе де таппайды. Бұл мәселе бұрын Меркі қант зауытының директоры болып жүрген Бақыт Адамсопиевті де қатты толғандыратын. Өткен жылы ол белгілі бір себептерге байланысты зауыт басшылығынан өз еркімен арыз жазып кетті. Туған жерді түлету, Меркінің шарап өндірудегі даңқын қайта жаңғырту туралы көкейде жүрген армандарын жүзеге асыру үшін ол «Ақарал» ЖШС-на басшы болып тағайындалды. Бақыттың бастамасымен агроқұрылымға тиесілі аумақта 65 гектар алқапта 2013 жылдың күзінде жүзімнің «Саперави» және «Ркатецели» сұрыптарының көшеттері отырғызылды. – Биыл тағы да 50 гектар алқапқа жүзім көшеттері отырғызылады. Өсімдік үш жылдан кейін өнім береді. Қазір оның уақтылы суарылып, күтіп, бапталуына ерекше көңіл бөлінуде. Ақаралдағы шарап зауытын қайта жарақтандырудан өткіземіз. Бұған қоса 30 гектар алқапта алма көшеті отырғызылады. Қазір агроқұрылымда 80 адам жұмыс істейді. Жүзім өнім беріп, зауыт іске қосылғанда тағы да қосымша 30 жаңа жұмыс орны ашылады, – дейді «Ақарал» ЖШС директоры Бақыт Адамсопиев. Бақыттың бұл бастамасына меркіліктер дән риза. Олар енді ауданда бірер жылда жүзім шаруашылығының жұмысы жолға қойылатынына нық сенімді.

Ештен кеш жақсы немесе игілікті істің ерте-кеші жоқ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізді әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті отыз елдің қатарына енгізу міндетін қойып, оған жетудің алғышарттары мен жолын айқындап берді. Солардың бірі – жеміс-көкөніс кластерін жүзеге асыру. Мемлекет ауылшаруашылығы еңбеккерлеріне бұл міндетті жүзеге асыру үшін қыруар қолдау мен қаржылай көмек көрсетуде. Ауылшаруашылығы дақылдарының барлық түріне, оның ішінде жүзімге мемлекет қомақты субсидия бөлуде. Мамандар біздің өңірімізде бір гектар жүзімдікті өсіріп, одан алғашқы өнім алғанша 1 миллион 300 мың – 1 миллион 500 мың теңгеге дейін шығын жұмсалатынын есептеп шығарған. Егер өсімдік өсіруші сатып алған көшетін, тамшылатып суаруға, минералдық тыңайтқыш енгізуге және күтіп-баптауға жұмсалған шығынын қағазға түсіріп әкелсе, мемлекет оның 40 пайызының құнын субсидиялайды. Демек, жүзім өсіруші алғашқы өнім алғанға дейін мемлекеттен 800 мың теңгеден астам қайтарымсыз қаржы алады. Әттең, мұндай мүмкіндікті Өзбекстан сияқты мемлекеттің дихандары қалт жібермес еді. Өкінішке қарай, облысымызда қазірге дейін жүзім өсіру жөнінен осындай субсидияны бірде-бір азамат алмаған. Үстіміздегі жылы Меркі ауданындағы «Ақарал» ЖШС 65 гектар алқапқа субсидия алуға өтініш жасаған. Қазір ол материал сараптаудан өткізілуде. Атқарылған жұмыс талапқа сай болса, оларға субсидия берілетін болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бәсекеге барынша қабілетті болуымыз үшін экономиканы әртараптандыруға, өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Өңірімізде жүзім өсіру – ауылшаруашылығын әртараптандырудың маңызды буыны болып табылады. Алайда, кәсіпкерлеріміз қызмет көрсету нысандарын ғана салып, өндірісті өркендетуге көңіл бөлмеуде. Соның салдарынан ауылшаруашылығындағы қыруар шикізат өңделмей, ел игілігіне айналмай, іріп-шіріп, рәсуа болуда. Көзі қарақты, көкірегі ояу көптеген азаматтар еліміздегі «Агробизнес-2020» бағдарламасын ТМД-да баламасы жоқ деп жүр. Бұл – өте орынды. Мұның өзі еліміздің ауылшаруашылығы саласында жаңа кәсіпорын ашамын деген азаматтарға үлкен мүмкіндік пен қаражат ұсынып отыр. Бағдарламаның инвестицияны субсидиялау бағыты бойынша ауылшаруашылығы өнімін өңдейтін жаңа кәсіпорын ашқан кәсіпкердің жұмсаған шығынының 50 пайызы субсидияланады. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында кәсіпкер алған несие өсімінің 7 пайызын мемлекет жауып береді. Сондай-ақ, осы бағдарлама аясында оған тегін инфрақұрылым жүргізіледі. «Тірлік жасаймын, кәсіпорын ашамын» деген азаматқа бұдан артық қандай қамқорлық керек? Өкінішке қарай, мемлекеттің осындай әкелік қамқорлығын пайдалана алмай жүрген кәсіпкерлерге қайран қаласың?

Бастама бас жақтан болуы тиіс

Облыста жүзім шаруашылығының құлдырап кеткеніне алаңдаушылық білдіріп отырған азаматтардың аз емес екені жоғарыда айтылды. Бүгінде егінші қауымға мемлекеттің бұл бағытта жүргізіп жатқан сындарлы саясаты толық түсіндірілмей жатқан сияқты. Субсидияның не екенін түсінбейтін шаруалардың бар екенін де көріп жүрміз. Табысы мол әрі тиімді екені егжей-тегжейлі түсіндірілсе, жүзім өсіруге ниет ететіндер де аз емес. Осы салада аймақта атқарылып жатқан жұмыстың барысымен танысу мақсатында облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасына бардық. Осында алғаш әңгімелескен облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының егін шаруашылығы және тұқым инспекциясы бөлімінің басшысы Шәкір Момынқұлов: «Мен жүзім туралы ештеңе білмеймін» деп кергіді. Облыс ауылшаруашылығындағы барлық игі істерге бастамашы болатын маманның сиқы осы. Шәкірден облыста бүгінде 352,7 гектар жүзімдік алқабы қалғанын сұрап білдік. Жүзімдік Жамбыл ауданында – 182,8, Меркіде – 76, Шуда – 26, Таразда – 20, Қордайда – 17,6 және Талас ауданында 18 гектар алқапқа орналасқан. Өткен жылы облыс бойынша әр гектардан орта есеппен 3,4 тонна өнім жиналған. Жалпы өнім 1750 тоннаны құраған. Бұған да күмәніміз бар. Бұл бір қағаздағы дерек сияқты. Егер өсімдік агротехникалық талаптарға сай күтіп-бапталса, оның әр гектарынан 10 тонна өнім алуға болады. Өсімдіктің асханалық сұрыптарынан басқа, атап айтқанда, техникалық түрлері піскеннен кейін жылдам бұзылады. Облыста оны өңдейтін кәсіпорындар жоқ. Сондықтан да есіл жеміс піскен кезде текке рәсуа болып жатқанын аңғару қиын емес.

Тұйықтан шығар жол табылғандай...

Облысымыздың жеміс-көкөніс өсіруде орасан әлеуеті бар. Соған қарамастан қолда бар өнім өңдейтін кәсіпорындардың жоқтығынан және оларды сақтайтын орынның тым аздығынан күз айларында тұтынуға ғана жетеді екен. Қалған уақытта оларды көршілес Өзбек, Қырғыз және өзге де шет мемлекеттерден тасымалдауға тура келеді. Өзімізді қашан өңдейтін өнеркәсіп және сақтайтын орындармен қамтамасыз етеміз? Бұл бағытта аймақта қолға алынып жатқан шаруалар да жоқ емес. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Зиятхан Өмірәлиев таяуда облысымызға венгерлердің іскерлік байланыс орнату үшін келгенін айтады. Бізге саланы өркендету үшін венгерлердің тәжірибесін басшылыққа алып, олармен қоян-қолтық жұмыс істеу керек. Еуропадағы шағын мемлекет осындағы тұратын халықтың 20 пайызын таза табиғи шырынмен қамтамасыз етеді. Олар өндірген шырынға біздегідей емес, бір мысқал да консерванттар қосылмайды. Қалдықсыз технологиямен жұмыс істейді. Шырыны сығылған жеміс малға беріледі. Малдың қиынан биогаз өндіріледі. Одан қалған қалдық егіс алқабына органикалық тыңайтқыш ретінде енгізіледі. Венгерлерді облыс әкімінің орынбасары Мұратбай Жолдасбаев және басқа да ауылшаруашылығы мамандары Меркі және Жамбыл аудандарының аумақтарындағы алма бақтарына апарып, көрсеткен. Олар осында цех жабдықтарын әкеліп орнатуға, шырын өндіруге ниет білдірген. Облыс басшылары оларға шағын кәсіпорындар салу үшін жер бөліп беруге уәде берген. «Істің басы – ниет» дейді. Әлбетте, бұл өте жақсы бастама. Венгерлер біздің бағбандармен іскерлік қарым-қатынас орнатып, өнім өңдейтін кәсіпорындар салса, күзде алма бақтар мен жүзімдіктерден алынатын аста-төк жеміс ысырап болмай, ел игілігіне жарар еді. Инвесторлар мен бағбандарымыз да қыруар табысқа кенелері сөзсіз.

Түйін

Бәрін айт та, бірін айт демекші, бізде «күн жемісін» өсіру үшін барлық қолайлы жағдай бар. Жеріміз құнарлы, суымыз бен ауамыз таза. Мемлекет қолы қимылдағандарға көмек пен қолдау көрсетіп жатыр. Бізге жеміс-жидек және жүзімнің көшеттерін іздеп алысқа сабылудың қажеті жоқ. Олардың көшеттерін өсіріп, әзірлеумен Меркі ауданындағы «Меркі тәжірибе шаруашылығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны және осындағы «Агрокешен» шаруа қожалығы шұғылданады. Жүзімді көптеп өсіру арқылы экологиялық таза өнім тұтынамыз. Оны экспортқа шығарып, бюджеттің бүйірін томпайтуға кең жол ашылады. Мыңдаған жаңа жұмыс орындары құрылады. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» демекші, тұрғындар жеңсік жеміске қарық болады. Демек, облыста бұрын жойылып кеткен жүзімдіктер мен зауыттарды қайта қалпына келтіру, бұл іске бұрын осы саламен айналысқан тәжірибелі мамандарды тарту керек.

22Ақылжан Мамыт, «Ақ жол».