Бауырын анасына бөліп берген Айсұлу
Бауырын анасына бөліп берген Айсұлу
Ізгілік иірімінің тереңдігінде шек жоқ
Осыдан үш ай бұрын Каменка ауылының 41 жастағы тұрғыны Жаңыл Мұқашева бауырдағы қатерлі ісікпен Алматыдағы №7 емханаға жатқызылды. Қалқамандағы оташылар мемлекет берген 200 мың долларға ота жасау үшін дені сау адамның бауыры қажет екенін жасырмады. Сонда ажал аузында жатқан анасын өлімнен арашалап алып қалу үшін он тоғыз жастағы Айсұлу өз бауырын беруге белін бекем буып келгенін көргенде дәрігерлердің өзі оның көзсіз батырлығына тәнті болған еді. Міне, сол Айсұлу Болатбекқызы Есбергенова қарсы алдымызда отыр. Біздің бауырымыз бүтін-ау, ал ол болса ағзасының 70 пайызын анасына беріп, жарты бауырмен отыр. «Жас организм ғой, келе-келе жетіледі» дейді дәрігерлер...
«Жұмақ – ананың аяғының астында» деген қанатты сөзді санасына мықтап түйген, тоғыз ай тоғыз күн құрсағында көтерген баласы үшін түн ұйқысын төрт бөлген анасын қадірлейтін қасиетті қыз бұл. Бәлкім, оның жас жүрегіне анаға деген шексіз махаббатты ұялатқан Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектепте он жыл бойы тәлім-тәрбие берген сынып жетекшісі Ұлған Айнекеева шығар. Мүмкін, ата-анаға деген сүйіспеншілік оның анасынан дарыған болар. Қалай десеңіз де қаршадай қыздың үлкендердің өзі тәуекел ете алмайтын бұл әрекетке баруы шынында да көзсіз ерлік. Қарттар: «Бір қызы бардың шығар-шықпас жаны бар, екі қызы бардың Меккеге салған ізі бар, ал үш қызы бардың пейіштен алған үйі бар» демей ме? Жаңыл: – Менің барым да, нарым да осы бір қызым мен бір ұлым. Не дейін, өзі айтсыншы – деп тебіреніп кетті. Айсұлу болса әлі бала емес пе, ойын бүкпей ашып айтып отыр: – Әр адамның шыр етіп жарық дүниеге келгенде періштесі қасында болады екен. Маған анасыз өмірдің сәні де, мәні де жоқ екенін осы періштелерім сыбырлап айтқан шығар. «Анаңды Меккеге үш рет жаяу арқалап барсаң да оның парызынан құтыла алмайсың» деген аталы сөз тұрды менің санамда, – дейді ол. Айсұлу өздеріне ота жасаған алматылық Мұса Сахимов пен Фараби Стамқұловтардың, Делиден келген мамандармен бірге тоғыз сағат бойы ота жасаған емхана меңгерушісі Болат Баймахановтың төккен терлерінің зая кетпегенін, оларға анасы үшін өмірбақи қарыздар екенін қайталап айта берді. Бірақ, ол ең алдымен анасын өмірге екінші рет әкелген өзі екенін сезбей айтып отырған сыңайлы болып көрінді бізге. Ауданның бас имамы Сұлтаншәріп қажы Жадыраев өзінің осы оқиғаны естігелі бері тыныш ұйықтай алмай, қалайда осы отбасымен бір қауышуды ойлаған. Онысы жер бетіндегі бүкіл періштелер жерге түсетін қасиетті Қадір түніне тұспа-тұс келді. Имам тебірене сөйлеп, таудай жүректі Айсұлуға, осынау тұрмысы төмен отбасына өзінің ақ батасын берді. Қараша үйдің жыртығына жамау, тұрмысына медеу болсын деп, мешіттен елу мың теңге садақа ала шыққан екен, оны Жаңылға ұстатты. Фархат қажы көліктен бір қап ұн әкеліп үйге кіргізді. Кетерінде имам: – Қызым, мынау қасиетті Құран-Кәрім. Анаң намаз оқиды екен, сен де иманды бол. Ғибадаттарың қабыл болсын. Алла сендердің тілектеріңді орындайтынына кәміл сенемін, – деді шын ықыласымен. Иә, Жаңыл мен оның ері Болатқа бұл жыл оңай болмай тұр. Өйткені үйде жұмыс істейтін отағасы мен ұлы Айбол ғана. Отбасына келетін табыс айына 66 мың теңге. Қолдағы бір сиыр диета ұстап отырған Жаңылдың жанына жалау. Әйтпесе, Тараз мемлекеттік университетінде оқитын қызының оқуына бір жылда 260 мың теңге төлеу оңай ма? Оның үстіне дәрігерлер жазып берген бараклюд деген дәрі Қазақстанда жоқ болған соң оны Мәскеуден алдыратын көрінеді. Бір ай бойы ішетін отыз таблеткаға 60 мың теңге тағы төлеу қажет. Ол дәріні Мәскеуден салып тұратын адам да таппай отырса керек. Ал, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ш. Қосалов болса: «Отбасылық табыстарың адам басына шаққанда 10393 теңгеден айналады екен. Бұл ең төменгі өмір сүру мөлшерінен жоғары, сондықтан сендерге әлеуметтік көмек берілмейді» деп қысқа жауап қайырыпты. Сонымен өзі жарымжан жан шарасыздың күйін кешіп, бір Құдайға ғана сеніп, намазын қаза қылмай отырған жайы бар екен. Бізге дейін осынау отбасына бірде-бір адам келіп, қолұшын бермепті. Әрине, өкінішті-ақ, «Қолы ашық, қайырымды азаматтар осындайда көмек қолын созса қандай сауапты іс болар еді» дейді Сұлтаншәріп қажы Каменка ауылынан қайтып келе жатып. Дегенмен, имамның осы сапары расында да үлкен сауапты шара болды.
Сейсен Қожеке, «Ақ жол».
Тұрар Рысқұлов ауданы,