Студент жастармен кездесті
Студент жастармен кездесті
Өңірімізге арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Сенатының депутаты Абдалы Нұралиев Тараз қаласының бірқатар кәсіпорындары мен мекемелерінде болып, еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізді. Өз жұмысын Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақтағы мұражайды аралап, мұндағы Желтоқсан оқиғасынан сыр шертетін экспонаттармен танысудан бастаған Абдалы Тоқбергенұлы бұдан кейін Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің білімгерлерімен кездесті.Аталмыш оқу орнының ректоры Ерболат Саурықов сенаторға университеттегі робототехника мен химия өндірісінің қалдықтарын қайта өңдеп, әшекей бұйымдар жасап шығаруды жүзеге асырып отырған студенттердің шығармашылық тобының жұмыстарын таныстырды. Кездесу барысында Сенат депутаты А.Нұралиев Елбасының «Nur Otan» партиясының ХVIII съезінде «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты жаңа бағдарламасының қабылданғанын жеткізе келіп, осыған байланысты алға қойылып отырған нақты міндеттерге тоқталып, бағдарламаның басты басымдықтары азаматтардың тұрмыс деңгейін және әлеуметтік жағдайын түзетуге арналғандығын атап өтті. Абдалы Тоқбергенұлы, сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес таяудағы үш жылда бағдарламалар мен жоспарларды жүзеге асыру үшін бюджеттен қосымша 2 триллион 350 миллиард теңге бөлінетінін айтты. Осынау қаражат есебінен 2019 жылғы 1 шілдеден бастап бюджеттік саланың төмен жалақылы жұмыскерлерінің еңбекақысын 30 пайызға дейін арттырылмақ екен. Сенатор көп балалы отбасыларды қолдау шараларының күшейтілетіні, білім беру және денсаулық сақтау салаларын жақсарту және баспанамен қамтамасыз ету мақсатында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер салынатыны жөнінде де тарата айтып берді. Кездесу барысында студент жастар өздерінің сұрақтарын қойып, оған тұшымды жауаптар алды. Сенатор бұдан кейін №28 балабақша мен облыс орталығындағы «Сәуле» кондитерлік фабрикасының қызметкерлерімен кездесті.
Гүлбахрам ДҮЙСЕКОВА, қала әкімінің баспасөз хатшысы.
Тараз қаласы.